Жаңалықтар

Қостанайға көмек: Қайырымдылық қорға 491,6 миллион теңге жиналды

Қостанай облысында 43 мың гектардан астам жер өртеніп кетті.
Қостанайға көмек: Қайырымдылық қорға 491,6 миллион теңге жиналды
Фото: massaget.kz 07.09.2022 17:10 2144

Бүгін Қостанай облысының өңірлік комуникациялар қызметінде «Өрт кезінде зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша» «Қайырымдылық KZ» ҚҚ қорының жұмыс алгоритмі туралы брифинг өтті, деп хабарлайды El.kz.  

Айта кетейік, Қостанай облысында 43 мың гектардан астам жер өртеніп, тұрғындар зардап шекті. Төтенше жағдайға байланысты бірқатар өңірлер қолұшын беріп, көмектесуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындардың өртке дейінгі өмір сүру қалпын аз уақытта қалыпқа келтіру бойынша тапсырмалар берген болатын. Бүгінде осыған қатысты бірқатар қорлар жұмысқа кіріскен. Солардың бірі - «Қайырымдылық KZ» ҚҚ қоры.

«Қайырымдылық KZ» қоғамдық қорының төрағасы Батырбек Ахметов Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге көмектесу мақсатында аталған қордың құрылғандығын жеткізді.

«Соңғы үш-төрт күннің ішінде қорға көмектесемін деген азаматтардан ақшалай әлеуметтік-көмектер келуде. Оның барлығы тікелей көмекке мұқтаж аудандарға жіберіліп жатыр.  Ал біздің қордың негізгі міндеті – ең бірінші халыққа көмектесу, жапа шеккендердің шығындарын қордың мүмкіндігі жеткенше өтеп беру. Сондай-ақ инфрастуруктураны қалыптастыру», - деді қор төрағасы.

Сондай-ақ брифинг барысында қор өкілдері бұл жағдайда арнайы жұмыс комиссиялары құрылып, әкімдіктермен бірге жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Бүгінгі күні 491,6 миллион қаржы қорға түсіп үлгерген.

Қор өкілі Гүлмира Капенованың айтуынша аталған қор төтенше жағдай кезінде құрылған бірыңғай қор болып отыр. 

«Бұл қор төтенше жағдай кезінде құрылды. Бүгінде Маңғыстау, Алматы өзге де қалалардан көмектер келуде. Мұндай жағдайда олар қаржыны кімге тапсырарын нақтылайды. Осындай кезде біздің қорымызға хабарласып, ақшаларын аударып жатқандар да бар. Біз күнделікті есеп беріп отырамыз. Бірінші кезекте, үй-жайларынан, малынан айырылған адамдарға көмектесу міндетіміз. Кез келген қайырымдылық қор ақшаны жайдан жай қолға ұстата салмайды», - дейді қор өкілі.

Бүгінде арнайы комиссия мүшелері мен әкімдік өкілдері зардап шеккен ауылдарға арнайы барып, көмекке зәру жандармен кездесу өткізуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға