Жаңалықтар

Османлы сұлтаны Сүлеймен

2011 жылы Түркияда Османлы империясының падишахы Сүлеймен сұлтан туралы телехикаяның көрсетілімі басталды.
25.07.2014 06:41 8356

2011 жылы Түркияда Османлы империясының падишахы Сүлеймен сұлтан туралы телехикаяның көрсетілімі басталды. 4 маусымға созылған бұл кинотуындының тек қана Түркияда ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде, солардың қатарында Қазақ елінде де көрермендері табылды. Осы телехикаяның арқасында Османлы империясының  тарихына, мәдениетіне, архитектурасына көрермендердің  тарапынан үлкен қызығушылық басталды. Сүлеймен сұлтан өмір сүрген Топкапы сарайын тамашалау үшін, дүние жүзінің түпкір-түпкірінен туристтер Ыстанбұлға ағылуда.

Османлы сұлтаны Сүлеймен

Ал Сүлеймен сұлтан шынымен кім болған? Қандай жетістіктерімен, жеңістерімен тарихта қалды? Османлы империясының тарихына үңілсек.

Селімұлы Сүлеймен сұлтан 1494 жылы 6 қарашада Трабзонда дүниеге келген. Әкесі Османлы империясының тоғызыншы падишаһы І Селім сұлтан, анасы Қырым ханы Меңлі Керейдің қызы Айша сұлтан. 1520 жылы І Селім сұлтан көз жұмғанда Сүлеймен Манисада наменгер болған.

26 жасында Сүлеймен сұлтан Османлы мемлекетінің тағына отырды. 1520 жылдың 22 қарашасынан бастап ел басқарып, 1538 жылдан бастап бүкіл мұсылмандардың Халифасы атанған. Сүлеймен сұлтан османлылар әулетіндегі аса ұлы падишаһ болып табылады. Оның билік құрған заманында Османлы империясы өзінің дамуының шарықтау шегіне жетті.

Еуропада оны "Құдыретті Сүлеймен"  деп атаса,  шығыста оны Османлы империясын әділетті, заңға бағынған мемлекет ретінде құрғаны үшін Кануни деп атады.

1526 жылы Сүлеймен 100 мыңдық әскерін Венгрияға қарсы жорыққа жіберді. 1526 жылы 29 тамызда Мохач маңындағы ұрыста османлылар венгр королі Лайоштың әскерін талқандады, тіпті толықтай жойып жіберді, ал корольдің өзі қашып бара жатып батпаққа батып кетті. 1527—1528 жылдары османлылар Боснияны, Герцеговинаны және Славонияны жаулап алды, 1528 жылы венгрлік таққа үміткер Трансильванияның басшысы Янош Заполья өзін Сүлейменнің вассалымын деп мойындады. 1529 жылдың қыркүйегінде 120 мыңдық әскерінің басшылығымен Венаны қоршады, османлының алдыңғы жасақтары Баварияға басып кірді. 1532—1533 жылдардағы жаңа австрия-османлы соғысы Кёсег қамалын қоршаумен ғана шектелді, оның ерлікпен қорғаушы шебі, Сүлейменнің Венаны қайта қоршауды көздеген жоспарын бұзды. Австрия османлылардың шығыс және орталық Венгрияға үстемдігін мойындап, жыл сайын 30 мың дукат көлемінде алым-салық төлеуге міндеттенді.

Османлы империясы мен орыс мемлекеті арасындағы қарым қатынас нашар болды. Негізгі себебі Мәскеу мемлекеті мен Османлы империясының құрамына кіретін Қырым  хандығы арасындағы алауыздық. Қазан және Қырым хандары  Сүлеймен сұлтанның вассалдары болды.

1547—1554 жылдары османлы флоты Үнді мұхитында португалдықтармен бірнеше рет соғысқан.

1551 жылдың тамызында османлы флоты Триполиді, кейін бүкіл Ливияны жаулап алды. 1555-1557 жылдардағы османлылардың Суданға жорығының нәтижесінде, бұл мемлекет Османлы империясының құрамына енді.

1566 жылдың 1 мамырында Сүлеймен сұлтан өзінің соңғы, он үшінші жорығына аттанды. 7 тамызда сұлтан әскері Шығыс Венгриядағы Сигетвар қаласын қоршауға алды. Османлы падишаһы Сүлеймен сұлтан 5 қыркүйекте өзінің шатырында дүниеден өтті. Ыстанбұлдағы Сүлеймание мешітінің жанындағы мазарда жерленген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға