Жаңалықтар

Өскеменде көліктердің тілін білетін жас мамандар даярланып жатыр

Өскеменде көліктердің тілін білетін жас мамандар даярланып жатыр
Фото: ©ektu.kz 20.05.2024 13:32 667

Отандық автонарықта көрші елдің көліктері көбейді. Дәлірек айтсақ, жалпақ әлемге экономикалық экспансия жүргізіп отырған Қытай Халық Республикасының техникалары Қазақстанда да қаптай бастады. Әсіресе, жеңіл көліктердің саудасы қызып тұр. Елдің қызығушылығы электркарларға ауған сияқты. Ал осынау көп көлікке қызмет көрсетіп, жоғары технологиялы темір тұлпарлардың бұзылған жерін жөндеп, жүргізіп қоятын мамандар бар ма бізде? Бар. Ондай қат мамандардың алғашқы буынын Шығыста даярлап жатыр.     

Мамандардың айтуынша, 2020-2022 жылдар аралығында Қазақстан автонарығында көліктердің сатылуы күрт төмендеп кетті. Себеп – жаһандық пандемия. Тәжтажал кезінде «байтал түгіл бас қайғы болған» бүкіл әлем жұрты мәшінге қарайтындай жағдайда емес еді, рас. Өндірушіден бастап тұтынушыға дейінгі бүкіл тізбек пандемияда ырғағынан жаңылды. Оған қоса Украинадағы жағдайға байланысты әлемнің алпауыт автоөндірушілері Ресейден кете бастады. Бұл іргелес жатқан бізге де салқынын тигізбей қойған жоқ. Өйткені Қазақстандағы жеңіл автокөліктердің дені теріскейдегі көршімізден жеткізілетін. Сөйтіп, тұтнушылар сұранысы арта түсті. Осы тұста «іздегенге сұраған» демекші аспан асты елінен жеңіл мәшіндердің түр-түрі ағылып келе бастады.

Қазақстан автокөлік одағы ұсынған деректерге сүйенсек, 2023 жылы ресми дилерлер 198 мыңнан астам жаңа автокөлік сатқан. Бұл 2022 жылғымен салыстырғанда 60%-ға көп, тіпті рекордтық көрсеткіш десе де болады. Осы орайда отандық автоқұрастыру зауыттарының үлесін атап өткен орынды. Айталық, былтыр елімізде жүк көліктері мен коммерциялық техникаларды қоса есептегенде шамамен 148 мыңның үстінде мәшін құрастырылған. Өсім – 30%. Ал отандық автонарықта сатылған бүкіл жаңа көліктің 70%-ы отандық зауаттарда құрастырылған.

Сондай-ақ мынадай бір қызықты дерек бар. 2022 жылы еліміздегі ең сатылымды 10 көліктің үшеуі ғана Қытайда өндірілген болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш алтыға дейін жеткен.   

Сарапшы мамандар отандық автоөндіріс саласы жылдан-жылға қанатын кеңге жайып келе жатқанын айтады. Енді осы өндіріс орындарын қажетті мамандармен қамтамасыз ету керек. Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасымен Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық унивесритетінің базасында ашылған Лу Бань шеберханасының орны ерекше. 

Техникалық мамандық иелері мен инженерлердің шеберлігін шыңдап, дағдысын жетілдіре түсуге мүмкіндік беретін бірегей орталық былтыр желтоқсанда іске қосылды. Қытайлық әріптестермен бірлесіп ашқан шеберхананың жұмысымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Шығысқа келген сапарында танысып, оң бағасын берген. Мұндай заманауи шеберханаларды еліміздің өзге өңірлерінде де ашу қажеттігін атап өткен.

Өскеменде көліктердің тілін білетін жас мамандар даярланып жатыр

Фото: ©ektu.kz

Естеріңізге сала кетсек, Орталық Азия – Қытай саммиті аясында ШҚО әкімдігі мен ҚХР Тяньцзинь қаласының халық үкіметі арасында «Лу Бань шеберханасын» құру туралы келісім жасалып, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ мен Тяньцзинь кәсіби институты арасында шеберхана құру туралы келісімге қол қойылған.

Былтыр желтоқсанда Лу Баньнің ашылу салтанатына еліміздің ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысқан еді.

Бұл – біздің ел үшін бірегей жоба. Өйткені Қазақстанның автомобиль өнеркәсібін дамыту үдерісі қазір заманауи конструкциялық материалдарды енгізуге, көлікті басқарудағы қауіпсіздікті арттыруға, жасанды зердені пайдалануға бағытталған. Осы орайда студенттерімізге Қытайдың заманауи техникаларын пайдалана отырып, озық автомобиль технологиясын үйренуге мүмкіндік беретін шеберхананың ашылуы өте маңызды. Аталған шеберханада инженерлердің жаңа буыны оқытылады, - деген болатын министр.

Расымен де қазір мұнда жоғары оқу орнының студенттері автокөлік құрастырудың, бұзылған техникаларды жөндеудің қыр-сырын меңгеріп, теориялық білімін іс жүзінде қолдануда. Шеберхананың ерекшелігі де осында, студенттер түрлі сынақ жүргізу арқылы өздерінің тәжірибелік дағдысын жетілдіре түседі, машықтанады. Әсіресе, кейінгі кезде жаһандық автонарықта жоғары сұранысқа ие болып келе жатқан электркарлар мен гибрид көліктерге техникалық қызмет көрсетуді үйреніп, диагностика жүргізуді меңгереді. Жалпы, болашақ мамандар теориялық біліммен ғана шектелмей, жаңа технологияларды көзбен көріп, қолмен ұстай алады.

Шеберхананың мақсаты - студенттерге теориялық біліммен қатар практикалық дағдыны меңгерту. Яғни, болашақ мамандар осы зертханада заманауи жабдықтардың көмегімен өздерінің машығын дамытып, шеберлігін шыңдайды. Көзбен көріп, қолмен ұстайды. Үйренеді. Осы орайда біздің 15 оқытушымыз былтыр Қытайға барып, біліктілігін арттырып келді. Биыл тағы да барып тәжірибе жинақтайды. Келешекте университет базасында жасанды интеллектіге бағытталған «Лу Бань-2» және одан бөлек тағы бір шеберхана ашу жоспарда бар, - дейді Әсия Машекенова.

Бірегей шеберхананы Қытайдың Тяньцзинь кәсіби институты (Tianjin Vocational University)  толық жабдықтап берген. Екі зертханадан тұратын бұл орталық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылғаны байқалады. Анау бір жерде жол қозғалысын интеллектуалды ұйымдастыруға арналған SMART үстел тұр. Мына бір тұста электркарлар мен гибрид көліктердің жұмысын бөлшектеп тұрып түсіндіріп беретін оқу стендтері қойылған екен. Қытайлық көліктердің өзі де тұр тәжірибе алаңында. Біреуі – гибирд, екіншісі – электромобиль.

Өскеменде көліктердің тілін білетін жас мамандар даярланып жатыр

Фото: ©ektu.kz

Университет базасында ашылған Лу Бань шеберханасы қазір жақсы жұмыс істеп тұр. Оның екі зертханасы бар. Біріншісі – автокөліктердің инновациялық құрылымы болса, екіншісі – автокөліктердің SMART-технологиялары. Бұл жерде көлік құрастыру саласының инженерлерін, болашақ білікті мамандарды даярлайды, – дейді техника ғылымдарының кандидаты, доцент Мұрат Мұздыбаев

Шеберханада электркарлар мен гибрид көліктерді ғана емес, бензинмен жүретін мәшіндерді жөндеуді, диагностикалауды, техникалық жабдықтауды үйретеді. Қысқасы, мұнда еліміздің автонарығында бар көліктердің барлығына дерлік қызмет көрсете алатын мамандар оқытылып жатыр. Мәселен, бензинмен жүретін дәстүрлі көліктердің қозғалтқышына, автоматты беріліс қорабына техникалық қызмет көрсету, оларды жөндеу, көлік дөңгелегінің геометриясын анықтау және басқа да толып жатқан қызметтерді осы жерде меңгереді.

Мұрат Мұздыбаевтың айтуынша, Серікбаев университетінде оқып жүрген студенттер қазірдің өзінде қытайлық көліктерді диагностикалауды меңгеріп алған. Керек десеңіз, қытайлық көліктердің қозғалтқышын бөлшектеп, ақауын тауып, оны жөндеуді де біледі студенттер.

Жоғарыда айтып өткендей, барлық салаға дендеп еніп жатқан жасанды интеллект автокөлік өндірісін де айналып өтпесі анық. Автомобильдерің SMART-технологиялар зертханасында осы жасанды интеллекті көлік құралдарында пайдаланудың түрлі тәсілдері зерделеніп, сыналады. Университет оқытушыларының айтуынша, мұндай заманауи технологиялар әсіресе мегаполистерде көлік қозғалысын реттейтін арнайы жүйе енгізуге мүмкіндік береді. SMART-автомобильдер сымсыз жүйе арқылы бір-бірімен, тіпті бағдаршаммен де байланыс орната алады. Лу Бань шеберханасында оқыған студенттер ертеңгі күні SMART-технологияларды меңгерген білікті маман болып шығатынына сенім мол.

Ресми статистикаға сүйенсек, қазір елімізде электрмен жүретін темір тұлпарлардың саны 6 мыңнан асып кеткен көрінеді. Қытайда шығарылған «Zeekr» көлігін еліміздің кез келген қаласынан кездестіреміз. Ал осы техникаларға сапалы қызмет көрсете алатын мамандар қазір Лу Бань шеберханасында даярланып жатыр және оларға сұраныс қазірдің өзінде жоғары. Бүгінде отандық ірі кәсіпорындар Өскемендегі Серікбаев университетімен берік ынтымақтастық орнатып, белсенді жұмыс істеп жатқанын айтады мамандар.

Өскеменде көліктердің тілін білетін жас мамандар даярланып жатыр

Фото: ©ektu.kz

Статистикалық деректер көрсеткендей, кейінгі бір жылда отандық автонарықта қытайлық атвомобильдердің үлесі арта түскен. Соған сәйкес осы техникаларға қызмет көрсететін мамандарға деген сұраныс та артты. Сондықтан сұранысты қанағаттандыру үшін біз осы саланың мамандарын даярлауға ден қойдық. Бүгінгі таңда университетте «Көлік, көлік техникасы және технологиялар, «Жол қозғалысын ұйымдастыру» білім беру бағдарламаларымен 400 студент оқып жатыр. Студенттерге шеберханада жиырмадан астам оқытушы дәріс береді. Оның ішінде қытайлық мамандар да бар. Бізбен бірлескен жобаларды іске асыруға «Астана Моторс», «Allur», «QazTehna» сияқты еліміздің ірі автозауыттары ниет білдіріп отыр, – дейді Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың академиялық қызмет департаментінің директоры Самат Байгереев.

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың «Лу Бань» шеберханасында дәріс алып жатқан 80 түлек биыл оқуын тәмамдап, диплом алып шығады. Көлік құрастырудың қыр-сырын жетік меңгерген білікті кадрларға қазірдің өзінде сұраныс бар. Оларға негізінен еліміздің автокөлік құрастыру зауыттары «құда түсіп» отыр. Келер жылы «Астана Моторс» компаниясы жаңа көлік зауытын ашқалы отырғанын ескерсек, өскемендік студенттерді аяқ-қолын жерге тигізбей әкететіні айтпаса да түсінікті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға