Өскеменде дүкенде өрт шығып, 30 адам эвакуацияланды
Өскемен қаласында дүкеннен өрт шығып, 30 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 22 маусымда таңғы сағат 04.40-та Сәтбаев даңғылындағы азық-түлік дүкенінде өрт болды.
Дүкен он қабатты тұрғын үйдің 1-қабатында орналасқан. Сауда жабдықтары мен азық-түлік өнімдері жанған. Оқиға орнына келген ТЖД қызметкерлері баспалдақ арқылы 30 адамды, оның ішінде 6 баланы эвакуациялады. 25 шаршы метр алаңға жайылған тілсіз жау сағат 05.40-те сөндірілді, - делінген ақпаратта.
Өрттен зардап шеккен ешкім жоқ. Жалынды ауыздықтауға жеке құрамнан 35 адам және 11 техника жұмылдырылды.
Алдын ала дерек бойынша өрттің шығу себебі – электр жабдығының апаттық жұмыс режимі немесе электр жабдығын орнату мен пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаудан болуы мүмкін.