Өскеменде Атом өнеркәсібіне кадр даярлау мәселесі қаралды
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Атом энергетикасы кәсібіне кадрлар даярлау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, оған халықаралық сарапшылар, жетекші кәсіпорындар, ғылыми орталықтар мен жоғары оқу орындарының өкілдері жиналды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қатысушылар талқыланатын тақырыптың өзектілігі мен ұйымдастыру мерзімінің оңтайлылығына ерекше баға берді.
Елімізде атом электростанциясын салу қоғамдық талқылаудан өткені баршаға белгілі. Атом электр станциясын салу туралы мәселе Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап күн тәртібінен түспеген сұрақтардың бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы Жолдауында АЭС тұрғызу қажеттігін атап өтіп, бұл мәселені жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсынды. Президент бұл мәселе бойынша келіспеушіліктерге қарамастан, атом энергетикасын дамыту Қазақстан азаматтарының экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін өте маңызды екенін атап өтті.
Атом өнеркәсібі елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі үшін стратегиялық маңызды элемент болып табылады.
Шақырылған сарапшылардың қатарында «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу институты мен Томск политехникалық университетінің (Ресей), Монс университетінің (Бельгия), ҚР ҰЯО, Үлбі металлургия зауытының (ҮМЗ) АҚ ғылыми орталығының және басқа да ұйымдардың мамандары болды. Талқылауға сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарының, соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, С.Аманжолов атындағы ШҚУ, Шәкәрім университетінің және т.б. өкілдері белсенді қатысты.
Талқылаудың негізгі тақырыптары атом энергетикасы саласына қатысты мамандықтарға жастарды тарту, кадрлар даярлауды жетілдіру мәселелері мен ұсыныстарын қарау болды. Өз кезегінде ЖОО өкілдері атом энергетикасына жоғары білікті мамандар даярлауға арналған білім бағдарламаларына жаңа бағыттар ұсынды. Дөңгелек үстелге қатысушылар атаулы саланы дамыту үшін тек физиктер мен ядро саласының мамандары емес, радияциялық қауіпсіздік, экологтар, жобалаушылар мен қолданушылар, техниктер, операторлар сынды қызметкерлер қажет екенін айтты. Сондай-ақ салалық біліктілік жүйесін, ЖОО мен ғылыми-зерттеу орталықтарының желілік байланысын, тәртіп аралық зерттеулер жүргізуді дамытуға ұсыныстар білдірді.
Барлық қатысушылар АЭС құрылысының қажеттілігі мен маңызын бірауыздан қолдады. Электр энергиясын тұтынудың артуы, сондай-ақ төмен көміртекті энергия көздеріне көшу қажеттілігі, елдің тұрақты дамуы үшін атом энергетикасының маңыздылығы артып келеді.
Іс-шара атом энергетикасы үшін кадрлар даярлауды жақсарту жолындағы маңызды қадам болды, бұл әсіресе осы саланың еліміздің экономикасы мен энергетикалық қауіпсіздігі үшін артып келе жатқан маңыздылығы жағдайында өзекті болып отыр.