Жаңалықтар

Өскемен қауіпті қалаға айналып барады

Өскемен қауіпті қалаға айналып барады
Фото: ©El.kz/Қуан СЕЙІТ 26.09.2024 14:06 407

Өскеменде екі мыңнан астам көше шамы жанбайды. Шеткері аудандарды айтпағанда кейбір орталық көшелердің өзінде жағдай мәз емес. Күн қысқарып, түн ұзарған сайын жарыққа жарымай отырған жұрттың уайымы көбейді. «Қараңғы қала қауіпті» дейді өскемендіктер.

 Тоғастың бойында адам қағып кетті

Оның да себебі бар. Биылғы қыркүйектің 19-ы күні қаланың сырт жағындағы Тоғас көшесінде 19 жастағы бозбаланы көлік қағып, мерт қылды. Бұдан соң Ахмер ауылының тұрғындары жиылып көшені жауып, көліктердің қозғалысын тоқтатты. Жұртшылықтың талабы біреу – тас қараңғы көшелерді жарықтандырып, Тоғастың бойына бағдаршам орнату.

 Кеше осы жолда бозбаланы мәшін қағып, көз жұмды. Үш ай бұрын тағы бір баланы қағып кеткен. Ол мүгедек боп қалды. Мектепке бара алмайды. Былтыр да үш баланы дәл осы жерде көлік қағып кеткен, дейді жолды жапқан тұрғындардың бірі әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада.

Бұны Ахмердің өзге тұрғындары да растап отыр. Тоғас арқылы қаланың сыртымен жүретін айналма жол өтіп жатқандықтан күндіз-түні көлік ағыны толастамайды мұнда. Ал көшенің қос қапталында қаптаған үйлер. Ең қиыны жол бойында жаяуларға арналған бағдаршам жоқ және көше шамдары дұрыс жанбайды. Жүйткіп келе жатқан мәшін реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан адамды байқамай да қалады, өйткені қараңғы.

Осында тұрып жатқаныма он жылдан асты. Ауылдың ішін айтпай-ақ қояйын, қалаға кіре беріс айналма жолдың өзінде шамдардың бірі жанса, бірі өшіп тұрады. Балалар орталықтағы мектепке автобуспен барып-келіп оқиды, есейіп қалса да үйге жеткенше алаңдап отырамыз. Түнеукүні өзімді қағып (көлік) кете жаздады. Кеше ғана біреудің арыстай баласы мәшін астына түсіп, қаза тапты. Шопыр жаяу жүргіншілер жолағымен кетіп бара жатқан адамды байқамай қалған дейді. Қараңғы ғой. Неше рет айттық, осы жолға бір бағдаршам қойып беріңдер деп. Одан кейін бағандардың басындағы жанбай тұрған шамдарды ауыстырса дұрыс еді, – деді Ахмер ауылының тұрғыны Әділжан Тілемісұлы.

Ауыл тұрғындарының наразылығынан кейін қала әкімі Жақсылық Омар арнайы келіп халықпен кездескен, олардың талап-тілегін тыңдады. Ол жиынға Өскемен әкімдігіне қарасты бейінді бөлімдердің, жауапты мекемелердің, құқық қорғау органдарының басшылары тегіс қатысты. Нәтижесінде Тоғастың бойына бағдаршам орнатылып, жанбай тұрған шамдар ауыстырылды.

Өскемен қауіпті қалаға айналып барадыФото: ©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Екі мыңнан астам шам жанбай тұр

Қала әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, Өскеменде барлығы 32,6 мың көше шамының нүктесі бар. Осының тең жартысы, яғни шеткі аудандардағы жарық нүктелер жергілікті әкімдіктің иелігінде болса, қалған орталық көшелер мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке (облыстық коммуналдық меншік) берілген.

Естеріңізде болса, 2017 жылы Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Өскемен мен Семей қалаларының (ол кезде қазіргі Абай облысы Шығыс Қазақстанның құрамында болған) жарықтандыру жүйесін жаңғыртуды бастаған. Ол үшін Еуропаның қайта құру және даму банкінен 3,6 млрд теңге несие алып, үстіне 1,2 млрд теңге бюджет қаржысын қосқан. Сөйтіп жобаға барлығы 4,8 млрд теңге қаржы құйылды, оның жартысынан көбі Өскеменнің көше шамдарын ауыстыруға жұмсалды. Құны миллиардтаған теңге тұратын жоба жоспар бойынша 2022 жылы аяқталуға тиіс еді. Іс жүзінде олай болмады. Жаңғырту жұмысы әлі біткен жоқ. Біткенді қойып жаңартылғандарының өзі бірде жанып, бірде өшіп тұр.      

Өскеменде жиыны 32,6 мың көше шамының нүктесі бар дедік, соның 16 мыңнан астамы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік ортағының иелігіне берілген. Жарықтандыру жобасы осы көше шамдарын қамтуға тиіс болған. Алайда мердігер міндетін толық атқармаған. Қаланы жарықтандыру мәселесін ұдайы көтеріп, тұрғындардың арыз-шағымын билікке жеткізуге тырысып жүретін қоғам белсендісі Әділ Пішенов бұл жағдайға ақпарат ұсынды. Оның айтуынша, облыс орталығында барлығы 16 603 шамды жаңарту көзделген. Сондай-ақ тозып тұрған кабельдер мен бағандарды да ауыстыру қажет болған. Алайда мердігер компания шамамен 12 мыңдай шамды ғана ауыстырған, қалғаны сол күйі жаңартылмаған. Жұмыстың толық аяқталмауына қажетті құрал-жабдықтардың жеткізілмеуі себеп болған. Соған қарамастан тапсырыс беруші мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орталық мердігердің жұмысын қабылдап алып, актіге қол қойған.

Өскемен қауіпті қалаға айналып барадыФото: ©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Менің байқауымша, қыстыгүні қап-қараңғы болып тұрған бірқатар көшеде көктемге қарай шамдар жарқырап жана бастады. Бірақ бұл бәрі жақсы болып кетті деген сөз емес. Қазір қаладағы жағдай мәз емес. Олар неге көше шамдарын қоса алмай жатыр? Бұның бірнеше себебі болуы мүмкін. Біріншісі, әрине ол қаржыға келіп тіреледі. Екіншіден, кәсіби білікті мамандар жетіспеуі мүмкін. Үшіншіден, көлік жолдарын жобалаған кезде кабльдер астында қалды немесе олар мүлдем электр қуатына қосылған жоқ. Сондай-ақ сапасыз шамдар орнатылуы ықтимал. Мәселен, жаңадан қойылған шамдар бір-екі айдан кейін сөніп қалады. Ал оларды ауыстыру үшін тағы да ақша керек. Сөйтіп бұл жұмыс ұзаққа созылып кеткен сияқты, – деп топшылаған Әділ Пішенов қаладағы көше шамдарын Өскемен әкімдігі не себепті өз иелігінен алып мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орталығына бере салғанын әлі күнге түсіне алмайтынын айтты.    

Оның айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орталығының жарықтандыру жобасын жүргізетіндей қандай да бір тиісті құжаты немесе сертификаты жоқ. Сөйте тұра жобаны жүзеге асырған.

Қоғам белсенділерінен бастап қарапайым тұрғындарға дейін қаладағы көше шамдарының жанбай тұрғанын бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желілерде жаппай тарата бастаған соң облыс әкімі Ермек Көшербаев бұл мәселемен айналысатын арнайы жұмыс тобын құруға пәрмен берді. Дереу құрылып, іске кіріскен жұмыс тобы Өскемендегі көше шамдарына мониторинг жүргізіп, жұмыстың сапасыз орындалғанын анықтайды.

Бүгінге дейін барлығы 11 583 шам, 212 шақырым кабель ауыстырылған, сол сияқты 11 сыртқы жарықтандыруды басқару шкафы орнатылды. Алайда жаңадан орнатылған шамдардың өзі жанбай қалуда. Оған негізінен желілердің тозуы, ауа райы және жұмыстың сапасыз жүргізілуі сияқты факторлар әсер еткен. Қазір Өскеменде барлығы екі мыңнан астам шам жанбай тұр, – деп нақтылады қаланың жарықтандыру жүйесін жаңғырту жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ринат Бұтажанов.

Оның есебінше, жұмыс осы жылдың соңына дейін толық аяқталуға тиіс. Жобаны тезірек аяқтау үшін қосалқы мердігер Digital Security компаниясы жұмысқа тартылған.

Өскемен қаласы әкімдігінің хабарлауынша, биылғы ақпан айынан бері істен шыққан 3 667 шам қалпына келтірілген, енді тағы 2106 шамды ауыстыру керек. Жанбай қалған осы 2106 шамның 1298-і мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орталығына тиесілі болса, 252-сі қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің, 39-ы құрылыс бөлімінің, 474-і мердігер мекемелердің иелігінде. Ал Деповский, Элеваторный, Пестель, Рудный көшелерінде орналасқан 43 шам мүлдем қалпына келтірілмейтін болды, өйткені олардың бағаналарын орнатуға «БЭСК» АҚ рұқсат етпейді.

Қалада жарықтандыру жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда Өскемен әкімдігінің балансындағы шамдардың 3 пайыздайы ғана түрлі себептерге байланысты жанбай тұр. Қазір оларды қалпына келтіру жұмысы жалғасуда, – деп нақтылады қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әлібек Тұрсымбетов.

«Уәде қашан орындалады?»

Жарықтандыру қарқынды жалғасып жатқанымен қараңғы көшелердегі қауіп-қатер сейілген жоқ. Әсіресе, түнгі уақытта жол-көлік оқиғалары, адамдарды көлік қағып кету жағдайлары азаймаған. Облыстық полиция департаменті ұсынған ресми мәліметке жүгінсек, былтыр Өскемендегі жарығы аз қараңғы көшелерде 14 жол-көлік оқиғасы болған. Бір адам қаза тауып, 16 адам жарақат алған.

Сондай қайғылы жағдай былтыр 28 қараша күні Гавань ауданында болды. Таңғы сағат 6.00 шамасында Абай даңғылымен жолаушылар автобусын басқарып келе жатқан жүргізуші көшедегі жарықтың сөніп тұруынан жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан адамды байқамай қағып кеткен. Автобустың астына түскен адам алған жарақат салдарынан сол жерде тіл тартпай кеткен. Бұл оқиғаға байланысты көлік тізгіндеген жүргізушілер әлеуметтік желіде біраз пікір қалдырған. Мәселен, Жеңіс есімді тұрғын «Абай даңғылымен Согра жақтан келе жатсаң таң атпай жарықты сөндіріп тастайды, алакеуімде ештеңе көрінбейді. Жолға адам шыға келе ме деп қорқасың. Осыны бір реттеуге болмай ма?» деп сауал тастаса, Жако деген жүргізуші: «Бұл көшенің шамдары күңгірт жанады, әбден тозған, кейбір бағандары мүлдем жанбайды. Автобус әйел адамды басып кеткен жерде жаяу жүргіншілер жолағы бар, бірақ айналасы тас қараңғы, жарық жоқ» деп пікір қалдырыпты.

Өскемен қауіпті қалаға айналып барадыФото: ©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Абай даңғылы ғана емес, басқа көшелер де жарқырап тұрғаны шамалы. Атап айтқанда, Әл-Фараби даңғылының бойында, Бажов, Гоголь, Мызы, Революционный, Севастопольский қатарлы көшелерде жарық шамдары жанбай тұрғанын өскемендіктер әлеуметтік желілерде дүркін-дүркін жариялап, қысқа уақытта мәселенің шешілетінін айтып сендірген облыс басшылығына «уәде қашан орындалады?» деген сұрақты көлденең тартуда.

 Қорқамыз, балалар үшін қорқамыз. Қаланың бірталай көшесінде жарық жоқ, тас-түнек болып тұрады. Теледидардан естіп, әлеуметтік желілерден оқып отырамыз ғой, ана жерде біреуді қағып кетіпті, мына жерде біреу жол апатына түсіпті деген суық хабарларды естігенде шынымен де уайымдаймыз. Кенже балам «Көк базардың» артындағы №35-ші мектепте оқиды. Екінші ауысым болғандықтан түстен кейін барады. Қазір күн қысқарып жатыр, ол аздай уақытты бір сағатқа шегеріп тастады. Ұлым сағат 18.30-да шығады, ол кезде көзге түртсе көрінбейтін қараңғы. Мектептің алдындағы көшеде жарық мүлдем жоқ, ол жерден өткенде қалта телефонның жарығын қосып алады бәрі, – деді баласын мектептен алуға келген өскемендік тұрғын Нәзира Жұмақан.  

Дәл осы №35-ші қазақ мектебі сияқты №4-ші, №12-ші және №15-ші білім ошақтарының төңірегі де қас қарайса тас түнекке айналады. Бұл туралы жергілікті тұрғындар Инстаграмдағы «Osa_uka_vko» парақшасында түрлі бейнежазбалар қалдырған.

Біз №35-ші мектепке ақшам жамыраған кезде жеттік. Дәл сол кезде мектептен шыққан балалар қолындағы телефонның жарығын қосып алып аялдамаға асыға басып жөнелді. Бастауыш сыныптың балақайлары болу керек, кішкентайларды ата-аналары, жақындары алып бара жатты.

Бұл қараңғылық қашанға дейін созылады екен деген ой қазір әрбір өскемендіктің көкейінде жүр. Қыс болса қыр астында. Енді бірер айдан соң сағат төрт-бесте қою қараңғылық орнайтынын сезеді жұрт. Ал жергілікті биліктің қаланың жарықтандыру желісін жаңғырту жобасын аяқтауға шамасы келмей жатыр. Оны қойдық, Еуропаның қайта құру және даму банкінен алған несие ақшаны кім қайтарады? Қалай қайтарамыз?

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға