Жаңалықтар

Өскемен мен Шымкент арасында әуе рейстері қайта ашылуы мүмкін

Өскемен мен Шымкент арасында әуе рейстері қайта ашылуы мүмкін
Фото: gov.kz 10.12.2023 08:24 877

Көлік министрі азаматтарды жеке қабылдап, Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өңір тұрғындары Риддер мен ресейлік Томск арасындағы теміржол қатынасын қалпына келтіру, «Өскемен-1–Алматы» бағытындағы жолаушылар вагондарының сервисі мен жай-күйін жақсарту, «Өскемен – Алтай» теміржол учаскесін жөндеу және теміржол вокзалдарының қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімділігіне қатысты сұрақтар қойды.

Шығысқазақстандықтар автомобиль көлігі бойынша «Өскемен-Шемонаиха–РФ шекарасы», «Өскемен-Риддер», «Қалбатау-Майқапшағай», «Өскемен-Алтай-Рахманов кілттері» және «Семей-Өскемен» автотрассаларындағы жол төсемінің жай-күйі, Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруді қамтамасыз ету және қалааралық және облысаралық автобус тасымалдарын жақсарту мәселелерін көтерді.

Сонымен қатар министрмен әңгімелесу барысында жергілікті тұрғындар әуе қатынасын дамыту төңірегінде көп сұрақ қойды. Жергілікті тұрғындар көлікпен жүргеннен гөрі, ұшақпен ұшқанды жөн көреді екен. Мәселен, көлік министрлігінің басшысынан барлық аудан орталықтары мен Өскемен қаласы, оның ішінде Үржар ауылы мен Катонқарағай ауданы арасында әуе қатынасын жолға қоюды және Зайсаннан Астана мен Алматыға қосымша әуе рейстерін ашуды сұрады.

Сондай-ақ пандемияға дейін өскемендіктер Ресей қалаларына жиі ұшатын, сондықтан көрші мемлекеттің жекелеген аймақтарына қатынайтын тікелей рейстерді қалпына келтіру туралы дасұрақтар болды.

Сонымен бірге өңірде Шымкент, Түркістан және Ақтау қалаларына тікелей ұшуға сұраныс жоғары. Бұрын-соңды кейбір авиакомпаниялар қалалар арасында тасымалдауды жүзеге асырған.

«Қазір ішкі авиакомпаниялардағы жолаушылар ағыны артып келеді. Мәселен, егер өткен жылы 11 млн жолаушы тасымалданса, биыл 13,5 млн-ға жетіп отыр. Яғни, өсім 20%-дан асады. Пандемияға дейін бізде ешқашан 8 миллионнан астам жолаушы болған емес. Елазаматтары әуе көлігін көбірек пайдалана бастаған. Демек, сұраныс артып келеді. Қазір әуе компаниялары ұшақтар паркін кеңейтіп жатыр. Биыл 14 жаңа әуе көлігі сатып алынды. Отандық авиациядағы бизнес-модель халықаралық қағидаларға негізделген, сондықтан авиакомпаниялар билеттердің құнын дербес белгілейді және ұшақтарды өз бетінше сатып алады. Борттарды сатып алу үрдісін жалғастыру үшін олар өз қызметін ең тиімді маршруттарда көбірек табыс табатындай етіп оңтайландырады. Сондықтан кейбір бағыттар жабылады. Алайда, біз «Өскемен-Шымкент»бағытындағы рейсті қайта ашуға тырысамыз. Аталған мәселені қарастырайық», – деп жауап берді министр.

Көлік ведомствосының басшысы басқа да сұрақтарға толық жауап беріп, бірнеше мәселені өзінің жеке бақылауына алды.

Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысына сапары барысында М.Қарабаев Өскемен қаласының теміржол вокзалы, автовокзал, әуежай және кеме қатынасы шлюзінің жұмысын бағамдап қайтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға