ОСК Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауы қарсаңында үндеу жолдады
Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауы қарсаңында үндеу жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Сайлауға қатысуға конституциялық құқықты іске асырудың кепілі Сіздің сайлаушылар тізіміне енгізілуіңіз болып табылады.
Тізімдерді дауыс беруге арналған нақты учаскенің аумағында тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеу негізінде жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) жасайды. Тұрақты тіркеуі жоқ азаматтар тізімдерге олардың орналасқан жері бойынша әкімдіктерге берген өтінішінің негізінде енгізіледі.
Дауыс беру күні өзінің тіркелген жері бойынша сайлау учаскесіне келе алмайтын әрбір азамат дауыс беру күніне отыз күн қалғанда, яғни 2023 жылғы 17 ақпанынан кешіктірмей тиісті әкімдікке өтініш беріп, өзінің нақты орналасқан жері бойынша сайлау учаскесінде тіркелуге құқылы.
Өтініш түскен кезде әкімдік азаматты тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығаруды және оны дауыс беретін учаскенің тізіміне енгізуді ұйымдастырады.
Осы құқықты:
- дауыс беру күні тіркелген жері бойынша болмайтынын білетін азаматтар;
- басқа қаладан келген, арнаулы жоғары және орта оқу орындарында оқитын, жатақханалардан тыс тұратын студенттер;
- вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар пайдалана алады.
Азамат, біртұтас жалпыұлттық сайлау округін, сонымен қатар бірмандаттық аумақтық сайлау округтерін ескере отырып, сайлаушылардың бір ғана тізіміне енгізіле алады.
Сайлаушылар тізіміне тіркелген жеріңіз бойынша енгізілгеніңізді тиісті әкімдіктің сайты немесе Call-орталығы арқылы тексеруге болады.
2023 жылғы 4 наурыздан бастап Сізге өз учаскеңіздегі сайлаушылар тізіміндегі деректеріңізді тексеру мүмкіндігі берілетін болады.
Құрметті сайлаушылар!
Сіздерді құқықтық сауаттылық танытып, өзіңіздің сайлауға қатысуға конституциялық құқығыңызды іске асыруға шақырамыз.
Өзіңізді сайлаушылар тізіміне енгізу үшін қажетті заңдық маңызы бар әрекеттерді уақтылы қабылдаңыз!
Әркімнің дауысы маңызды," деп жазылған хабарламада.