Орынды және орынсыз күлкі
Қазақ қоғамындағы күлмейтін адамды «түсі суық», «сызданған» адам деп көпшілік ұната бермеген. Ал, керісінше көп күле беретін адамға тырқы, күлегеш, дарақы деген теңеу сөз қосып қоятын да болған. Сондықтан, ертеден келе жатқан дәстүр бойынша, Күлкінің орынды және орынсыз жерлері болады. Соған сәйкес «Жығылып жатып, сүрінгенге күлме!» (біреуге күлу үшін өзіңе қара, өзіңді түзе мағынасында) деп, күлкіні жөнсіз жібермей, қажетті жерде ауыздықтап отыруды талап етеді. Әдетте, халық арасында әзіл-қалжыңға, ермек үшін қысыр сөзге күлгенімен, біреудің басындағы кемтарлығына, кемшілігін күлкіге айналдыру теріс қылық болып саналады.
«Біреудің кемшіліне күлсең, өз басыңа келеді» – деп орынсыз күлкіге тыйым салып отырған. Әсіресе, «күлме босқа, келер басқа» деп бостан-босқа біреуге күлу теріс әрекет саналады (Мұның «күлме досқа, келер басқа» деп айтылатын түрі кең таралып кеткен).
Орынды күлкі
Күлкі ешбір тіршілік иесінде жоқ, тек адамға ғана қатысты әрекет. Сонымен қатар күлкі тірілер әлемінде ғана болады, яғни, өлілер әлемінде күлкі жоқ. Сондықтан, адам болған соң күлу, күлкі тудыру «адамдықтың» белгісі ретінде де танылады. «Бақыт күлкілі үйге кірер» әр отбасының күлкіге толы болғаны жақсылық саналады.
«Бесіктегі баланың күлгенін көрген бір бақыт,
Алдынан түсіп ананың жүргенін көрген бір бақыт» – деп Мұрат Мөңкеұлы айтпақшы баланың күлкісі қазақы ортада ештеңемен салыстыруға келмейтін бақыт болып саналған.
Сонымен қатар, «қызық қой жас шағында ойын-күлкі, жігіттің қайда қалмас жиған мүлкі» деп жастық шақты ойынмен, күлкімен өткізуге ерекше ден қойған. Күлкінің адам өмірін қызықты, мәнді-мағыналы етіп қана қоймай, денсаулыққа ерекше ықпал жасайтынын «жайдары күлкі жан саулығы», «күлкі – денсаулық мүлкі» сияқты нақыл сөздермен білдірген.
Жиын-той, отырыстарда үлкендер жағы бастап бірін-бірі қағытып қалжың айтып, күлкілі оқиғаларды, қызықты жайттерді еске алып, мысал келтіріп отыруы арқылы жадыраған, жайдары орта туғызу үшін күлкіні пайдаланған. «Көп күлкісі күннен де жылы» деген қағида бойынша, адамды жадыратарлық күлкі туғызудың оңай шаруа еместігі белгілі. Әзіл-қалжыңды дұрыс қолданып, шынайы күлудің, күлдіре білудің қажет екендігін, жалпы Күлкінің адам өміріндегі маңыздылығын көптеген халық даналығынан байқауға болады. «Қаталдық қартайтады, күлкі көркейтеді», «сөз – құлақ құрышы, күлкі – көңіл ырысы», «гүлсіз болса, жер мұңлы, күлкісіз болса, ел мұңлы» деген нақыл сөздер мұның бір ғана мысалы болып табылады. Күлкінің қазақ тіршілігіндегі орны туралы Ұлы Абай былай деген екен:
Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік,
Ер табылса, жарайды қылса сұхбат.
Қоғамдық әдеп және әдет заңдарын бұзбау, оған қайшы әрекеттерге бармау, әрбір әрекеттерін ойланып істеуге баулу үшін күлкі тәрбие құралы ретінде де қызмет етті. Қазақы ортада әрбір адам абайсызда әдепсіз әрекет жасап немесе орынсыз, қисынсыз сөйлеп қойып, ол елге тарап кетіп, көптің күлкісіне қалмауға тырысқан. «Көрнекті ісің үлгі болады, көрнексіз ісің күлкі болады» деп не істесе де қағидадан алшақтамай, қалыптасқан жол-жоралғыдан ауытқымауға, әр нәрсенің жөн-жосығын, мән-мағынасын, қисыны мен оғаштығын аңғарып жүруға, жалпы елгезек болуға тәрбиелейді. Біреуге сын айту керек болғанда әзілдей отырып күлкімен әдепті ескерту жасаған. Ондайға көнбейтіндей, түсінбейтіндей болса әжуалау арқылы өзгелерге күлкі жасап ұялтқан. Сондықтан, әркім «досқа күлкі, дұшпанға таба болмаудан» сақтанып, елдің күлкісіне қалмауға тырысады. Мұндайда, күлкі тудыру үшін сөзді жүйелі, әсерлі түрде астарлап, әзіл түрінде қисынын тауып жеткізетін ұшқыр ой мен шешендік, тапқырлық қажет.
Орынсыз күлкі
«Ақылсыздың белгісі – орынсыз жерде күледі» деп Майлықожа ақын айтпақшы, орынсыз жердегі күлкі адамның алаңғасарлығын, еш нәрсенің парқына бармайтындығын, тәрбиесіздігін, мейірімсіздігін және т. б. көптеген теріс қасиеттерін көрсетіп қояды. Адамдар арасындағы қарым-қатынасқа үлкен әсерін тигізетін әрекет болғандықтан дәстүрлі ортада күлу мен күлкіге қатысты алуан түрлі этикалық қағидалар қалыптасқан.
«Ауру кісі күлкі сүймес, ауыр жүкті жылқы сүймес» деп адам ауырып жатқанда, қиналғанда, күйінгенде орын алған күлкі жөнсіз деп саналады. «Ойлының алдында көкірек керме, қайғылының алдында қарқылдап күлме» деп мұндайда негізінен жұбату, көтермелеп отыру қажет. Тек, аса жақындарының жайдары көңіл күй тудыру үшін күлкінің кейбір түрлері ғана орын алғанымен, артық күлуге әсте болмайды.
Орнымен ғана күлмей, аса артық күлу де орынсыз әрекет болып табылады. «Артық байлық адамды аздырады, артық күлкі жиреніш қоздырады» демекші тым артық күлген адам айналасындағылардың алдында ыңғайсыз жағдайға қалып отырады.
Күлкінің жоғарыда келтірілген сан алуан ахуалға байланысты түрлі көрінісінен оның дәстүрлі қазақы ортадағы қоғамдық қатынасты реттеудегі өзіндік орны мен маңызын аңғаруға болады.
Әзірлеген: Досжан Мейірім