Өрттен бір отбасынан 14 адам қаза тапты
Тау шаңғысы курортындағы өрттен кейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Болуға бара жатып, қайғылы жағдайда қаза тапқан Гюльтекин отбасын жерлеуге қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Рәсім Болу орталық мешітінде өтті. Ердоған қайғыларына ортақтасып, қаза болған марқұмдар үшін дұға жасады.
Қайғылы оқиға түнде 12 қабатты қонақүйде болған. Ол кезде ғимаратта 238 адам болған еді. Оқиға салдарынан 76 адам қаза тауып, 51 адам түрлі дәрежедегі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Қаза тапқандар арасында Түрік әуе желілерінің қызметкері Зехра Сена Гюльтекин, оның күйеуі, үш баласы және Карталкаяға қысқы демалысқа келген тағы тоғыз туысы бар. Белгілі болғандай, өрт кезінде Зехра Сена анасына хабарласып, кешірім мен бата сұрап үлгерген. Отбасы өртке оранған ғимараттан шыға алмады.
Болу Орталық қауымының мешітінде Гюльтекин отбасымен қоштасу рәсімі өтті. Гюльтекин отбасымен қоштасу үшін мешіттің ауласына мыңдаған адам жиналды.