Жаңалықтар

«Ортақ жұмыстың нәтижесі». QJ League бас бапкері «Црвена Звездамен» матчты қорытындылады

«Ортақ жұмыстың нәтижесі». QJ League бас бапкері «Црвена Звездамен» матчты қорытындылады
Фото: instagram.com/qjleague 20.07.2024 23:39 1167

QJ League All-Star жасөспірімдер лигасының құрамасы Сербияның «Црвена Звезда» командасын Алматыда қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Осы орайда Еуропаның ең мықты жасөспірімдер академиясы өкілдерімен өткен матч туралы QJL League құрамасының бас бапкері Асқар Келжановтың пікірін білдік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

- Асқар мырза, жеңіс құтты болсын!

- Рахмет! 

- «Црвена Звезда» бүгінгі ойынға жеңу үшін келгені белгілі. Қалай дегенмен ең беделді академия ойыншылары, әрі шеттерінен бойшаң. Сіздер оларға қарсы қалай дайындалдыңыздар?

- «Црвена Звезда» мықты қарсылас екені анық. Сондықтан да оқу-жаттығу жиындары басталардан екі апта бұрын оларды әбден зерттедік, сараптама жасадық. Бапкерлер штабы QJLeague-тің спорттық-сараптамалық тобымен бірігіп өзіміздің ойыншыларды да жеке-дара зерттедік, әлеуеттерін бағаладық. Себебі шынымен де мықты құрам жинақтау керек болды. Әр футболшының профайлын дайындадық. Бұдан бөлек қарсыластарымызды да ұмытқан жоқпыз. Өйткені олар бұл матчқа «Црвена Звезда» ойыншыларын ғана емес, клубтың өзге филиалдарының өкілдерін де алып келетінін білдік. Қандай футбол ойнайтынын болжау қиын еді, бірақ қолымыздан келгенше жан-жақты мағлұмат жинауға тырыстық. Жұмысымыз нәтиже бергеніне қуаныштымын. Сол үшін де әріптестерімнің барлығына ерекше алғыс айтамын. Бұл – нағыз ұжымдық жұмыстың жемісі.

«Ортақ жұмыстың нәтижесі». QJ League бас бапкері «Црвена Звездамен» матчты қорытындылады

- Бас бапкер ретінде матчқа қатысты пікіріңізді біле кетсек. Бастапқы жоспар қаншалықты орындалды?

- Ойын өте қиын болды. Өздеріңіз білесіздер, «Црвена Звезда – Шығыс Еуропадағы ең үздік академиялардың бірі. QJLeague бұл матчқа сапалы даярлану үшін барлық жағдайды жасап берді. Жаттығу жұмыстары «Қайрат» футбол клубының академиясында өтті. «Қайрат-Жастар» командасының қасында болдық, бірге жаттығу жасадық. Барын салып ойнаған біздің жігіттерге алғыс айтамын.

Бұл QJLeague құрамасының бас бапкері ретінде менің соңғы матчым еді (Асқар Келжанов осыдан бірер күн бұрын «Каспий» клубына бас бапкер болып тағайындалды - редакция). Қорытынды ойында командамыз жеңіске жеткеніне ерекше қуаныштымын.

- Құрамадан қай ойыншыларды ерекшелеп айтар едіңіз?

- Шыны керек, біреуді бөле-жарғанды ұнатпаймын. Бұл ортақ жеңіс: бапкерлер штабының, QJLeague ұжымының, команданың бірігіп жұмыс істеуінің нәтижесі. Жанкүйерлерге де рахмет!

- Командалас әріптесін алмастырған Азамат Тұяқбаев матчтың алғашқы голын соқты. Ойыншы алмастырғанда неге басымдық бердіңіз?

- Біздің басты мақсат жеңіске жету болды. Алғашқы таймда есеп ашылған жоқ, мүмкіндіктерімізді пайдалана алмадық. Қаншама жанкүйердің алдында гол соқпай кету бәрімізге ауыр тиетін еді. Сондықтан нәтижеге жұмыс істедік.

«Ортақ жұмыстың нәтижесі». QJ League бас бапкері «Црвена Звездамен» матчты қорытындылады

- Ал ойыннан кейін Тимур Турлов не деді?

- Ол барлығына алғысын білдіріп, дұрыс бағытта жұмыс істеп жатқанымызды алға тартты. Жігіттерді болашақта алпауыт еуропалық клубтардан көретініне үміт білдірді. Біз де солай болады деп тілейік.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға