Жаңалықтар

«Орталық Азия» туристік бренді. Президент жалпыөңірлік телеарна мен сайт құруды ұсынды

«Орталық Азия» туристік бренді. Президент жалпыөңірлік телеарна мен сайт құруды ұсынды
Фото: t.me/aqorda_resmi 14.09.2023 17:11 675

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуінде Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне арнайы тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өңірдегі демографиялық өсімнің орнықты екенін ескерсек, білім және ғылым саласындағы байланыстарды кеңейтудің маңызы арта түседі. Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерімен жоғары оқу орындары арасындағы өзара ықпалдастықты белсенді түрде дамытып келеді. Былтыр Қырғызстанда Қазақстанның жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды. Сонымен қатар Тәжікстанның жоғары оқу орындары базасында бірлескен факультеттер ашу ісі қарастырылып жатыр. Қазақстан мен Өзбекстанда екі елдің жетекші университеттерінің филиалдарын ашу көзделіп отыр. Бұл маңызды саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге біздің Душанбедегі кездесуіміз аясында 2-ші Ректорлар форумы мен Орталық Азия елдері ғалымдарының 1-ші форумын өткізу өз септігін тигізеді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ «Орталық Азия» туристік брендін бірге насихаттай отырып, елдеріміздің бірегей табиғатын және өзіне тән бай мәдениетін бүкіл әлемге таныстыруға керемет мүмкіндік барын атап өтті.

Ақпараттық кеңістіктегі ынтымақтастықты жандандырудың перспективасы зор. Жоғары сапалы ортақ медиажобаларды жүзеге асыру, соның ішінде жалпыөңірлік телеарна, жаңалықтар сайтын құру ісіне кірісуді ұсынамын. Бұл міндеттердің орындалуы Орталық Азия елдерінің салалық ведомстволары және ақпарат агенттіктері арасындағы тұрақты диалогқа септігін тигізеді, - деді Президент.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға