Орталық Азия елдерінің тұщы су тапшылығына ұшырау қаупі жоғары – Мемлекет басшысы
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Сиань қаласында өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде аймақтағы экологиялық мәселеге алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Себебі ғалымдардың өзі Орталық Азия елдерінің тұщы су тапшылығына ұшырауы мүмкін екенін жиі айтып жүр. Өйткені бұл өңірде күннің тез жылынуына байланысты мұздықтар күрт азайып барады.
Орталық Азия елдерінің тұщы су тапшылығына ұшырау қаупі жоғары екені белгілі. 2050 жылға қарай 5 миллиардтан астам адам ауыз суға мұқтаж болуы мүмкін. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі. Сарапшылар біздің аймағымыздың тез жылынып бара жатқанын айтып отыр. Климаттың өзгеруіне байланысты біздің аймақтың басты су көзі саналатын мұздықтар да күрт азайып барады. Осы жағдай Орталық Азияның азық-түлік, энергетика және экология қауіпсіздігіне едәуір қатер төндіреді. Сондықтан бірлесіп шұғыл шаралар қабылдауымыз қажет, - деді Мемлекет басшысы.