Орталық Азия елдері мен Қытай Сыртқы істер министрлерінің бесінші кездесуі өтті
Бүгін Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Қытайдың сыртқы саяси ведомстволарының басшыларын біріктірген «Орталық Азия – Қытай» форматындағы Сыртқы істер министрлерінің бесінші рет кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
СІМ-інң мәлітметінше, қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу басқарды. Іс-шара серіктестікті нығайту, өңірлік және халықаралық маңызы бар негізгі мәселелерді талқылау үшін маңызды алаң болды.
Кездесуде тараптар саяси диалогты тереңдетуге, экономикалық байланыстарды дамытуға және мәдени-гуманитарлық алмасуларды нығайтуға өз міндеттемелерін растады. Министрлер «Өңірдің тұрақтылығы, қауіпсіздігі және орнықты дамуы» тұжырымдамасы шеңберінде бірлескен жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Талқылаудың негізгі тақырыптары экономикалық ынтымақтастық, аймақтағы қауіпсіздік мәселелер, көлік-логистикалық ынтымақтастық, климат және экология, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту болды.
Отырысқа қатысушылар бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, сауда рәсімдерін оңайлату және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде инвестицияларды ынталандыру қажеттігін атап өтті. Министрлер терроризмге, экстремизмге және трансұлттық қылмысқа қарсы шараларды күшейтуді, сондай-ақ киберқауіпсіздік саласындағы күш-жігерді үйлестіруді талқылады.
Кездесу барысында су ресурстарын, жаңартылатын энергетиканы және қоршаған ортаны қорғауды қоса алғанда, экологиялық тұрақтылық саласындағы ынтымақтастықты арттыру уағдаластығына қол жеткізілді. Сондай-ақ, халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайту үшін білім, туризм және мәдениет саласындағы алмасу бағдарламаларын тереңдету туралы шешім қабылданды.
ҚР Сыртқы саяси ведомствосының басшысы тараптарға сындарлы диалог және Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту үшін жаңа векторларды талқылау мүмкіндігі үшін алғысын білдірді. «Қазақстан бұл форматты біздің ортақ болашағымызды нығайтудың маңызды платформасы ретінде қарастырады. Біз экономика, қауіпсіздік және экология саласындағы ынтымақтастықты тереңдету бүкіл өңірде тұрақтылық пен өркендеуге қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдіміз, – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.
Кездесуге қатысушылар 2025 жылы Қазақстанда өтетін «Орталық Азия – Қытай» форматындағы II Саммитке дайындықтың негізгі аспектілерін талқылады. Орталық Азия елдерінің өкілдері кездесуді өткізу бастамасы үшін алғыстарын білдіріп, бірлескен мақсаттарды іске асыру үшін осы форматты жалғастыру қажеттігін атап өтті.
ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И Орталық Азия Қытайдың тұрақтылық пен өркендеуді ілгерілетудегі басты серіктесі болып қала беретінін атап өтті. «Біздің формат стратегиялық басымдықтарды үйлестіру және өзара тиімді жобаларды ілгерілету үшін маңызды алаң ретінде қызмет етеді, – деді Қытай министрі.
Сонымен қатар, «Тяньфу-Сычуань» трансшекаралық магистралі арқылы 5000-шы жүк көлігінің жөнелту мен Орталық Азияға 500-ші пойыз жіберу рәсімі форматтың практикалық өзара іс-қимылының жарқын көрінісі болды.
Кездесудің қорытынды құжаты сыртқы саяси ведомстволардың басшылары қабылдаған бірлескен мәлімдеме болды. Онда қол жеткізілген уағдаластықтар көрсетіліп, өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағыты белгіленді.
Тараптар 2025 жылы «Орталық Азия – Қытай» форматындағы келесі кездесуді Қазақстанда Саммит қарсаңында өткізуге келісті.