Орта ғасырлық батыс еуропалық қоғамдағы саяси-құқықтық ойдың негізгі белгілері мен бағыттары
Батыс еуропалық орталық ғасырлар тарихы алуан түрлі айтулы оқиғаларға толы ұзақ дәуірді қамтиды. Бұл заман экономикалық және қоғамдық өмірдің, әртүрлі топтар арасындағы шиеленіскен күрестің жаңа формаларының тууы мен дамуымен, өткір саяси және идеологиялық қақтығыстармен, буржуазиялық алғашқы революциялармен және мәдениет пен ғылымның одан әрі дамуымен, ұлы жаңалықтар мен өзгерістер ашқан ұлы ойшылдарымен әйгілі болды. Бұл кезеңде адамзат материалдық және рухани мәдениеттің дамуы жөнінде тарихтың бұған дейінгі кезеңдерімен салыстырғанда едәуір ілгері басты.
Бұл дәуір бүкіл адамзат ұрпағы мақтаныш ететін ұлы адамдар тобын өсіріп шығарды. Пьет Абельяр, Роджер Бэкон, Николай Коперник, Джордано Бруно, Данте, Петрарка, Шекспир, Сервантес, Рафаэль, Микеланджело, Леонардо да Винчи, Рембранд және т.б. әдебиет, өнер және музыка саңлақтарымен қатар философиялық және саяси ойдың Фома Аквин, Марсилий Падуан, Николло Макиавелли, Томас Мор, Томмазо Кампанелла, Мартин Лютер, Жан Боден, Филипп де Бомануар сияқты алдыңғы қатарлы өкілдері де осы дәуірде өмір сүрді.
Орта ғасырлық батыс еуропалық саяси ойдың бұл кезеңдегі дамуының өзіндік белгілері мен ерекшеліктері де болды және қарастырылып отырған дәуір аралығында саяси ілімдер өз бейнесі мен сипатын үнемі өзгертіп отырды. Бұл құбылыс сол кезеңдегі феодалдық қоғамның әлеуметтік, экономикалық және саяси жүйесіндегі эволюциялар дамуының заңды нәтижесі болатын. Басқа да кезеңдер сияқты феодализм өзінің мың жылдан астам тарихында (V-XVII ғ.ғ.) өзгеріссіз қалған жоқ. Өндіргіш күштердің өсуімен бірге өндірістік қатынастарға тән алға басушылық та болды, феодалдық мемлекеттердің әлеуметтік құрылысы сияқты саяси бейнесі де өзгерістерге ұшырады.
Эволюциялық даму нәтижесіне қарай тарихшылар орта ғасырлар кезеңін үш дәуірге бөледі:
1) Ерте феодалдық кезең (V-XI ғ.ғ.). Бұл кезде феодализм қоғамдық – экономикалық формация ретінде қалыптасты, әлсіз ұйымдасқан ірі мемлекеттер пайда болды, олар біртіндеп саяси бытыраңқылыққа ұшырады.
2) Феодалдық қоғамның дамыған және гүлденген кезеңі (ХІ ғ. ортасынан – XV ғ. соңына дейін). Бұл кезде бір орталыққа бағынған сословиелі – өкілді монархиялар өмір сүрді.
3) Кейінгі орта ғасыр (XV ғ. соңы – XVII ғ. басы). Феодалдық қоғам әлсіреп, абсолютті монархиялық билік орнады.
Феодалдық қоғамның әлеуметтік – экономикалық құрылысы және ол туғызған әртүрлі топтар арасындағы күрес оның саяси-құқықтық, идеологиялық мазмұны мен сипатын және міндеттерін белгіледі. Мемлекет, құқық және дін мен шіркеу орта ғасырларда феодалдар мүддесін қорғап, халықтың басқа қалың тобын оларға бағынышты етуге қызмет етті.