Орта ғасырда да адамға ота жасалғаны анықталды
Бүгінде Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған ең құнды жәдігер не? Ел көбінше осыны білгісі келеді. Осы мақсатпен музей директоры Сапар Көзейбаевқа жолығып, тарихи экспонаттың шындығын білдік. Ол – ежелгі Асанас қаласынан табылған екі жәдігер, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары 2020 жылы Асанас қалашығына қазба жұмыстарын жүргізеді. Соның нәтижесінде табылған екі жәдігер әліге дейін қымбат қазынаға айналып отыр.
Қызығы сол, мына қола ара мен қола қасық медицинада пайдаланған деген болжамды алға тартты. Яғни, ХІІІ-ХІV ғасырларда адам өмірін сақтап қалу үшін хирургиялық оталар жасаған деген дерекке дәлел бола алады. Ғажабы, қола ара бүтін сақталған, тұтқасы төмен қаратылып, ұстауға ыңғайлы етіп құйылған. Сабының ұшында зооморфты мүсін бейнеленген. Негізгі бөлігінің сабына жақын тұрған екі жағына да 2 ірі, 3 майда дөңгелекшелер ойылған.
Қола араны майда сүйекті кесуге арналғанын археолог мамандар жоққа шығармайды. Араның ұзындығы - 24 см болса, қашауының ұзындығы -18,5 см, ені 2 см құрайды. Қола қасық медицинада саусақтан не тамырдан қан алу үшін пайдаланылған болу керек. Қасық сабының үшкір келуі бекер емес. Ине қызметін атқарды десек, қателеспеспіз. Қасықтың ұзындығы - 14 см, ал, диаметрі - 3,1 см құрайды. Осыған қарап-ақ, орта ғасырда адамға ота жасалғанын білу қиын емес.