Орта Азия аймағында мемлекетаралық диалог, сапалы деңгейде көтерілді
Түркістанда Орта Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумы жалғасуда. Форумның негізгі жиынында Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысушыларға арналған лебіз хатын оқып берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Ел Президенті парламентаралық форумның тұңғыш рет қасиетті Түркістан қаласында өтіп жатқанының мәні зор екеніне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Форумға модераторлық еткен Мәулен Әшімбаев Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынасты әрі қарай нығайту үшін осындай кездесулердің маңызы зор екенін айтты.
Біздің елдеріміз арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту – қашанда маңызды мәселе. Бұл ретте парламентаралық байланысты нығайтудың мәні аса зор. Қазіргі таңда Орта Азия аймағында мемлекетаралық диалог жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Бұл біздің Президенттеріміздің нақты әрі дәйекті қадамдарының нәтижесі екені сөзсіз. Осындай тығыз ынтымақтастықты өкілді органдар тарапынан қолдап, әрі қарай дамыту аса маңызды. Халықаралық қарым-қатынас айтарлықтай күрделі сын-қатермен бетпе-бет келіп отырған қазіргі таңда бұл өте өзекті мәселе, – деді Сенат төрағасы.
Форумда Қырғызстан Жогорку Кенешінің төрағасы Нұрланбек Шакиев, Өзбекстан Олий Мажлисі Сенатының төрайымы Танзила Нарбаева, Тәжікстан Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли төрағасы Махмадтоир Зокирзода және Түрікменстан Меджлисінің төрағасы Гурбанмурат Ашыровтар баяндама жасады. Түркістан төріндегі форумның ұйымдастыру жұмысына жоғары баға беріп, көршілес елдер арасындағы байланыстарды нығайта түсу жөнінде ой қозғады.
Форумның қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданады. Құжатта экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге және өзіндік бірегейлігімен ерекшеленетін Орта Азияның біртұтас мәдени-тарихи кеңістігін қалыптастыруға арналған парламентаралық қатынастарды одан әрі дамыту көкжиектері көрсетіледі.
Айта кетейік, аталған Парламентаралық форумды өткізу туралы шешім былтыр шілде айында өткен Орта Азия Мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуінде қабылданды.
Орталық Азияның біртұтас бірегейлігі этникалық, тілдік, діни, рухани және тарихи жақындыққа негізделген. Ежелден Шығыс пен Батысты байланыстыратын орта ғасырлардың негізгі сауда артериясы Ұлы Жібек жолының жолдары Орталық Азия аумағы арқылы өткен. Бұл ортақ сауда, коммуникация және мәдени кеңістіктің қалыптасуына ықпал етті. Дегенмен, бізді өткеніміз ғана емес, бүгініміз де біріктіреді. Орталық Азия елдерінің мүдделері мен міндеттері ортақ.