Жаңалықтар

Ортақ тарихтағы олқылықтар

Қойшығара Салғараұлы
16.08.2016 06:29 5146

Ортақ тарихтағы олқылықтар

Адамсыз  жерде тарих  жоқ. Тарихты жасаған да, оны ғылымның бір саласына  айналдырып, хаттап қағазға түсірген  де  - Адам. Бірақ, солай бола тұрып, оның адамзат баласы   жаратылған алғашқы  күнінен    басталатын өз тарихын  сол күйі хаттап, қағазға түсіре алмағаны да  белгілі. Оған  оның жазу өнеріне    тым кеш,  арада  тек    санмыңдаған жылдар өткеннен  кейін   ғана барып  қол жеткізгені  себеп болды. Бұл кезде адамзат баласы  өсіп-өніп, жершарының  әр қиырына шашырай тарап, бір-бірінен бөлектеніп, саналуан халықтарға жіктеліп, таным-түсінік жағынан болсын, тілдік  қарым-қатынас  тұрғысынан болсын, өмір сүру салтынан болсын бір-бірінен алшақтап,   ерекшеленіп    кеткен   сантүрлі жұртқа айналған еді. Соған байланысты  бүгінгі жер басып жүрген  жұмыр басты  пенделердің  бәрінің бірдей арғы-бергі ата-бабаларының  мыңжылдықтар бүркеп, көзден таса еткен  тағдырлы  ғұмырнамасын тұтас қамтып, олардың    бастан  кешірген  қым-қуыт оқиғалары мен  соған орай жасалған  іс-әрекеттерінің шежіресін  өз болмысында толық  танып-білу мүмкіндігі  болмай қалғаны да мәлім.

 Адамзат баласы өз жаратылысының  түпбастау ортақ тарихынан  осылайша  көз жазып қалғандықтан, кейіннен жетілген  халықтардың әрқайсысы   өз тарихының  бастауын  өзінше  танып,  оны өзінше зерделеуге мәжбүр болды.  Соған байланысты  жазу өнеріне өзгелерден  бұрынырақ  қол жеткізгендері,  өз мүмкіндіктеріне қарай, өз ата-бабаларының өткені  жөнінде  білетіндерінің  бәрін хаттап, қағазға түсірсе; жазу өнерін әлі меңгеріп үлгермегендері  жадысын жаңғыртып, есте қалғандарын  түрлі аңыз-әңгімелерге, қисса-дастандарға айналдырып, ұрпақтан ұрпаққа ауызша  жеткізіп бақты. 

Бірақ бұлардың қай-қайсысы да, бәрібір, өз тарихтарын  бүкіл адамзат баласының бәріне ортақ негізгі  түпбастауынан таратып, сабақтастыра жалғастырып кете алмады. Беріден қайыруға мәжбүр болды. Өйткені  бүгінгі әлемнің әр түкпірінде өмір сүріп жатқан халықтардың қай-қайсысы болсын өздерінің түптегінің  қайдан шығып, қазіргі мекен етіп отырған жерлеріне қашан,   қалай келгендерін бәрі бірдей таратып айтып, талдап бере алмайтын жағдайда еді. Бұл, басқаша айтқанда, олардың ешқайсысының да әуелден адамзат баласының ортақ түпбастау тарихынан тамыр тартып, желісін үзбей  бүгінге жалғасқан тұтас, толық  тарихының болмағанын көрсетеді. Бұл ретте, басқаны былай қойып, зерттеуші ғалымдарымыздың күні кешеге дейін адамзат баласы жершарының  қай нүктесінде пайда болғанын анық тани алмай, «бір өңірде ме, әлде әр өңірде ме» дегенді пікір таласының арқауы етіп келгені де соның айғағы. Сол секілді «бір тектен жартылдық па, әлде әр тектен бе?» деген сауалдың да нақты жауабы беріліп, басы ашылмай  келгені  де аян.

Жалпы жетілген ғылымның жетістіктеріне сүйене отырып, өркениетке өзгелерден бұрынырақ  қол жеткізген халықтардың өкілдерінің әр кезеңде қалдырған жазбаларының  негізінде адамзаттың тұтас,  ортақ тарихын  жазуға талпыныс кейін,  арада  тағы да мыңдаған жылдар өткеннен соң барып басталған.  Бұл кезде  адамзат  қоғамы дамып,  санасы жетіліп, ғылым-білімді  жан-жақты  меңгеріп үлгерген еді.  Соның нәтижесінде  адамзаттық ғұмырнамамызды  толық қамтуға  талпынған  «Әлем тарихы» («Всемирная история») деп  аталатын  көп томдық академиялық  еңбектердің  өмірге келгені мәлім.   

Бұл – Адамның адамдығын танытып ерекшелейтін, шын мәніндегі,   игілікті іс еді.  Өйткені тарих берер тағылымның сапасы тарихи сананың дұрыс қалыптасуына тікелей байланысты болғандықтан, түптамырымыздың бірлігін танытып,  барша адамзат баласын бауырластыратын осындай ортақ тарихтың жазылуы өмір қажеттілігі болатын,  

Бірақ, бірі кем дүние,  мақсат айқын, ниет түзу болғанымен, ортақ тарих адамзат баласының  бәріне бірдей ортақ таным-түсінікпен жазылмады, алақолдылыққа жол берілді. Оған періште болып жаратылған Түпатамыз бен Түпанамыздың  ұрпақтары өсіп-өркендей келе ата-анасының періштелік тазалығын  сақтай алмай, пенделік пиғылдың жетегінде кетіп, сайтани менмендіктің (эгоцентризмнің) тұзағына ілігуі себепкер болғаны хақ.  Мұны өркениетке өзгелерден ертерек қол жеткізген кейбір жұрттың   төңірегіндегі өздеріндей басқа жұртты менсінбей, кемсітіп, өздерін олардан артық, ерекше жаратылған жандар санап, жаратылыс тегі бір адамзат баласын «біз және басқалар» деп екіге бөлулерінен  айқын көруге болады.

Осы бөлу арқылы олар:  «біз – жақсымыз, басқалар - жаман», «біз – қабылеттіміз,  басқалар – қабылетсіз», «біз  – мәдениеттіміз, басқалар  –жабайылар» деген тәріздес ұғымдарды санаға сыналап кіргізу арқылы онысын кейінгілерге мойындатып,  өз үстемдіктерін  орнықтыруға күш салды.  Менмен пенделік тоғышарлықтан тамыр тартып, күнделікті қарпайым тірліктен орын тапқан  осынау түсінік, яғни  іштей жіктеліп, өзара  бөлінушілік  -  кейін тарих жазу мүмкіндігіне қол жеткізген «біз» деп аталатын өзімшіл топтың  өкілдерінің  қаламы арқылы ақиқаты айқындалған өмір шындығы ретінде хатталып,  жаратылыс заңдылығы секілді қабылданды.  Соның  салдарынан   адамзат баласы ғұмырнамасының тұтас желісі  тартылмай, ортақ «көрпені» әркім өзіне қарай тартып, өз үлесін дәріптеу үдерісі басталды.

Тарих жазушылар тарапынан  адамзат баласының бүкіл өмір жолы  екі кезеңге бөлініп қарастырылды. Олар: «Тарихқа дейінгі кезең»  және «тарихтан кейінгі  кезең» деп аталды. «Тарихқа дейінгі кезеңге» адамзат баласы жаралғаннан бастап, христиан  эрасына дейінгі VIII ғасыр аралығы;  ал «тарихтан кейінгі кезеңге» осы х. э дейінгі VIII ғасырдан бермен қарайғы  мерзім жатқызылды.   Сонымен бірге  адамзат баласының өсіп-өніп, әр тарапқа өркен жайған кейінгі ұрпақтарын да екіге  бөліп, оның бір бөлігін «тарихи халықтар», екіншісін «тарихи емес халықтар» деп тану  қалыптасты. Бұл баяғы «біз және басқалар» деп бөлінудің  ғылыми тұрғыдан алғаш заңдастырылуы еді. Мұның «тарихи халықтарына»: «Жаратушының  ерекше мейірі түскен, өркенитетті, мәдениетті жасауға қабылетті халықтар», ал «тарихи емес халықтарына»  бұған керісінше: «Жаратушының қарғысына ұшыраған,  ізгілікті білмейтін, «тарихи халықтар» жасаған игілікті қиратушы, тонаушы жабайылар, тағылар»  деген анықтама берілді.  

Уақыт өте келе осы анықтама негізінде бірінен бірі туындаған түрлі  ғылыми тұжырымдамалар (концепциялар) жасалынды. Сол тұжырымдамалар қалыптастырған таным-түсініктер негізінде бір адамның  өзіндей екінші бір адам баласын құлақкесті құлына  айнадырып, оны мал ретінде пайдалануына: ұрып-соғуына, сатуына, өлтіруіне  құқық берілді. Бұл кезең кейін «құл иеленушілер дәуірі» деген атпен тарихқа еніп, өз жалғасын тапты.  Осының зиянды зардабы күні бүгінге дейін жойылмай,  кәрі қойдың жабағысындай жабысып әлі келеді.  Біріккен Ұлттар Ұйымының деректері бойынша әлемнің әр түкпірінде қазіргі таңда 27 миллион адамның құлдықта жүргені осының бір айғағы («Алматы ақшамы». 02.06.2015. www.muftyat.kz).

Бұл – адалдықтан аттап, эгоцентризмнің ықпалында кеткен тарихшылар (ғалымдар) тарапынан адамзат баласына және оның  тарихына жасалынған қиянатты қадамының бастауы еді. (Бәлкім, мұны тек тарихшылардың ғана емес, соларды кезінде теріске шығармай, жөн көріп, олан әрі жалғастырған бүкіл адамзат баласының ортақ қателігі  деп бағаласа да артық  болмас).

Қате басылған бірінші қадамның одан кейінгі жасалынар мың  қадамның дұрыс болмауына әсерін тигізетіні сияқты алғашқы тарихшылардың  осы бір  қателігі де кезінде түзетілмегендіктен, кейінгі толып жатқан  әділетсіздіктер  мен қиянаттардың дүниеге келуіне  жол ашты. Америкалық зердегер Э. Маккензидің  өзінің «14 000 түйін» («14 000 фраз») атты еңбегінде: «Адамзаттың тарихын дәл тарихшылардай бұрмалаған ешкім болған емес», - деуі де осы басты қателіктен туындап, өріс алған кейінгі әділетсіздіктер мен қиянаттардың зардабын  білгендігінен, көргендігінен  де  болар.

Қашанда қателікті түзету – естіліктің белгісі, ілгерлеудің кепілі. Ілгерлеп даму үшін өмір тәжірибесі молыққан, ғылым-білімді игеріп, ой-санасы жетілген қоғам өзінің алдындағылардың кезінде жіберген қателігін түзеп, соны қайталамау арқылы жаңа жетістіктерге қол  жеткізбек.  Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, кезінде өресіз тарихшылардың  өзімшіл менмендікпен ғылыми айналымға енгізіп жіберген  осынау қате тұжырымын басқалардан бұрын  өздерінің ғылыми-техникалық деңгейі бойынша адамзаттың өзге бөлегін артта  қалдырып, әлемдік  өркениет сахнасына шыққан  еуропалық жұрт  түзетіп, қиянаттың жолын кесуі  керек еді.  Оған мүмкіндік те бар еді.

Бірақ, өкінішке қарай, олай істелмеді. Олар да өздеріне дейін қалыптасып үлгерген қағиданың  жетегінде кетіп, өткендердің қателігін түзетудің орынына, керісінше, оны одан әрі  жетілдіре дамытып,  өзімшіл сайтани менмендіктің  шырқау биігіне шығарды. Өкініштісі, ғылымға еркін араласып, өз үстемдігін жүргізіп келе жатқан «еуроцентризм» деп аталатын осы еуропалық өзімшіл менмендік ағымның өкілдері билік тізгінін кейінгі кезге дейін өз уыстарынан шығармай, ұрпақ санасын  өз қалауларына қарай қалыптастыруға өлермендікпен әрекеттеніп келеді.   

Осылайша еуроцентризмнің  туын биікке көтерген еуроцентристік бағыттағы ғалымдар өздерінен бұрынғы эгоцентризмнің  сойылын соққан әріптестері  қалыптастырған  тарихи сананы енді өз замандарының  таным-түсінігіне қарай  бейімдеп,  үйлестіру мақсатында, баяғы «тарихи халықтар», «тарихи емес халықтар» деген   түбі шикі атауларды қолданыстан біржола шығарып,  оның орынына  өзге сырт жұртты алдарқатуға жарар мүмкіндігі бар басқа  жаңа атаулар  тауып, оны бірден ғылыми айналымға  енгізіп жіберді. Сөйтіп  бұрынғы «тарихи халықтар» енді  «отырықшылар»,   ал  «тарихи емес халықтар»  «көшкіншілер» деген атауларға ие болды.

Бірақ бұл атаулардың аттары өзгергенімен, заттары, яғни мән-мағынасы ешқандай өзгеріссіз, сол баяғы   қалпында  қалды. Нақтырақ айтқанда, отырықшылар -  өркениеттілер, мәдениеттілер; ал көшкіншілер – жабайылар, тағылар. Бүкіл саналы ғұмырын көшкіншілер тарихын зерттеуге арнаған  өткен  ХХ ғасырдың авторы,  орыс ғалымы Л.Н. Гумилевтің:  «ХІХ ғасыр бүкіл прогресшіл  өркениетті тек отырықшы халықтар жасаған, ал Орталық Азияны бейне бір тоқырау, болмаса жабайылық пен тағылық  жайлаған деген   тұжырымдаманы (концепцияны)  мұра  етіп қалдырды. Бұл тұжырымдаманың  ең жаман жері -  оның қателігінде ғана емес, оны ешқандай сынауға жатпайтын ғылымның жетістігі ретінде ұсынылуында» (Гумилев Л.Н. Хунны в Китае. Санкт-Петербург. 1994.стр.6) – деп ой түюі, осындай қитұрқы орын ауыстырудың  мәніне көз жеткізгендігінен болса керек. Ал «ХІХ ғасыр қалдырды» деген   осы мұраның ХХ ғасырдан да қаймағы бұзылмай өтіп, ХХІ ғасырдың табалдырығынан  аттағаны да бұл күнде ешкімге жасырын сыр емес. Бұл арада Л. Гумилевтің «Орталық Азияны» деп отырғаны соның ежелгі замандардан бергі тұрақты тұрғындары  көшкіншілер жөнінде екенін түсіну тарихтан хабары бар кім-кімге де  онша қиындық туғызбайды ғой деп білеміз.

Ғылымда үстемдігін жүргізіп, өткеннің тарихына қалауларына қарай төб

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға