Ортақ отбасымызға 20 жыл
Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына орай Жамбыл облысының ҚХА жанындағы Әйелдер Кеңесінің ұйымдастыруымен «Ортақ отбасымызға 20 жыл» деген тақырыпта кеңейтілген отырыс өтті. Оған облыстағы этномәдени бірлестіктер жанындағы Әйелдер кеңесінің мүшелері, түрлі этнос өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Шараның мақсаты Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауындағы ұлтаралық татулықты кеңінен түсіндіру. Атап айтқанда: қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, ұлттық бірлікті қалыптастыруға, нығайтуға, қазақстандық патриотизімді қалыптастыруға, сол бағытта тәрбиелеуге және шет аймақтарда ұлтаралық келісімді қалыптастыруға ҚХА тарапынан қолдау көрсету.
Отырысты «Әулие ата» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары Айгүл Қабиева жүргізді. Ол Ассамблеяның облыстағы атқарылған жұмыстарына тоқталды. Одан соң Астана қаласында өткен 1-ші Республикалық әйелдер кеңесінің форумы жайлы баяндама жасады.
Кіріспе сөз облыстық ҚХА хатшылығының бас маманы Ултуар Бабақұловаға берілді. Ол ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың ҚХА-ның кеіейтілген отырысында айтқан тапсырмаларына тоқталды.
Жамбыл облысы өзбек этномәдени бірлестігінің әйелдер кеңесінің төрайымы Мухаббат Миражапова «Жамбыл облысы ҚХА әйелдер кеңесінің жастар ортасында рухани-адамгершілік жұмыстарын ұйымдастырудағы ролі» тақырыбында баяндама жасады.
«Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігі аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузова дүнген ЭМБ кеңесінің жұмыс тәжірибесі жайлы баяндап, атқарған жұмыстарынан слайдтар көрсетті.
Облыстық ҚХА жанындағы әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Перфильева «Медиация ара-ағайындықты қалыптастыру тәсілі» туралы баяндама жасады.
Мәжіліс соңында түрлі ұлт өкілдерінің әйелдері өзара пікір алмасып, ән айтып, ұлттық билер билеп жақсы көңіл-күймен қош айтысты.
Қазақ ешқашан да ананың ақ жаулығын аттамаған халық. Ұлт ұйытқысы саналатын әйел адамның, ананың біздің қоғамдағы орны алатаудың төрінде десем артық айтқандық емес. Өйткені ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербейді. Ендеше ҚХА жанындағы Әйелдер кеңесі ұйымдастырған бұл шара осымен аяқталып қалмай, жылдан-жылға жалғасар жақсы дағдыға айналса екен деген тілек.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 1 наурыздағы Жарлығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік ұлттық саясат жүйесінде басты орын алатынын айта кету керек.