Жаңалықтар

Өрт сөндірушілердің бәрі өмірін қатерге тігіп жүреді – Ерлан Мұқышев

Өрт сөндірушілердің бәрі өмірін қатерге тігіп жүреді – Ерлан Мұқышев
Фото: Жеке мұрағаттан 16.09.2024 14:00 833

Өрт сөндіруші мамандығы – әлемдегі ең күрделі әрі қатерлі кәсіптің бірі. Қара күшті, ептілікті, батылдықты талап етеді. Жылжымалы сатыға жедел көтеріліп, лезде газқағарды кию үшін осындай қасиет адам бойында болуы тиіс. Қою қара түтінде қозғалу, жүгіру, секіру екінің бірінің қолынан келетін оңай шаруа емес. Сапында ақ саусақтарға мүлде орын жоқ, ұдайы ауыр заттарды көтеруге тура келеді.

Ең бастысы – әр сәтте біреудің өмірін сақтап қалу үшін өз өмірін қатерге тігуге дайын болу. Нағыз өрт сөндіруші шаршаудың не екенін білмеуі керек. Сөздік қорында «бұл мүмкін емес» деген сөз болмауы қажет.  Аптап ыстықта және шытымыр аязда, күн-түн демей, кез-келген жағдайда отқа да, суға да түсіп, тәуекел етуге дайын. Өрт сөндірушілер апат орнына бірінші болып жетіп, адамдардың өмірі мен дүние-мүлкінің сақталуына көмектеседі.

Бұл мамандықтың қызығы мен шыжығы жайында ардагер өрт сөндіруші Ерлан Мұқышев El.kz-ке сұхбат берді.

El.kz: Өрт сөндіруші болуды бала күніңізден армандадыңыз ба?

Ерлан Мұқышев: Бала күнімде Кеңес одағында туылған көп балалар сияқты «ғарышкер» болуды армандадым. Ол кезде қазіргідей таңдау мүмкіндігі көп болған жоқ. Жас күнімде спортты қатты жақсы көрдім. Бірақ әкем бұған қарсы болды. Өзім Қарағанды облысының тумасымын. Шымкенттегі технологиялық иснтитутқа түстім. Оқу бітірген соң, Ақтау қаласында мамандығым бойынша екі жыл жұмыс істедім. Бірақ әке-шешем менің  ұзақта жүргенімді қаламады. Содан отбасымның жанында болуы үшін Алматыға келдім.

Бұл жерде мамандығым бойынша дайын тұрған жұмыс болмады. Өрт сөндіруші болуға ұсыныс түсті. «Бос жүргенім жарамас, екі қолға бір күрек» деп, тәуекел етіп, келісім бердім.

Бұл 1997 жыл болатын.

El.kz: Өрт сөндіруші – қиын мамандықтардың бірі. Мұндай шешім қабылдағаныңыз өкініп қалған кездеріңіз болмады ма?

Ерлан Мұқышев: Ешқандай өкініш болған жоқ. Жастық шағымды өрт сөндіруге арнадым. Оған еш өкінбеймін. 2017 жылы зейнетке шықтым. Енді бейнетімнің зейнетін көріп жүрмін. Қолымнан келгенше, ынта-жігерімді бердім. Аянып қалған жерім жоқ. Менің қалай жұмыс істегенімді басшылық, әріптестерім баға бергені жөн болар. Десе де, өрт сөндіру қызметінде жаман болғаным жоқ. Мапсаттық сатымен өстім. Бірқатар лауазымды жұмыстарды атқардым.

Жиырма жылдан кейін зейнетке шықтым. Өзіне ұнағандықтан, сүйікті ісімді тастамай, одан кейін де жұмыс істей беруге болушы еді. Бірақ ойлана келе, жастарға да жол беру керек шығар деп ұйғардым.

El.kz: Сонда қандай қызмет атқардыңыз? Қандай баспалдақтардан өттіңіз? 

Ерлан Мұқышев: 1997 жылдан 2012 жылға дейін мемлекеттік стратегиялық нысандардың өрт қауіпсіздігін қамтасыз еттік. Оған Президент резиденциясы, президент мұрағаты, Ұлттық банк және басқа да нысандар жататын. Бұрын қалалық әкімдік те кіретін еді. Бірақ кейін оны тізімнен алып тастады.

Мен көп ұзамай орынбасар, сосын бастық болып қызмет атқардым. Ол жерде кілең офицерлер жұмыс істеді. Офицерлік құрам сол жерде орналасты. Бұл жұмыстың ерекшелігі, өрт техникалары болмады. Көбінде инспекторлық жұмыстармен айналыстық.

2012 жылы президенттік атестациядан өткеннен кейін, өрт сөндіру бөліміне ауыстым. Жеке құраммен, өрт сөндірушілермен тікелей жұмыс істей бастадым. Жеке құрам бойынша бастықтың орынбасары да болдым. Үш қызметті қатар атқарған кездерім де болды. Өрт сөндіру бөлімінің бастығы, жеке құрам бойынша орынбасар және қызмет бойынша орынбасар қызметін қоса алып жүрдім. Өйткені, ол кезде мамандар жетіспеді. Көбі аттестациядан өте алмады, зейнетке шығып кеткен адамдар да аз болды.

Өрт сөндірушілердің бәрі өмірін қатерге тігіп жүреді – Ерлан Мұқышев

El.kz: Жиырма жыл ішінде талай өртті сөндірген шығарсыздар. Есіңізде қалған оқиғалардың бірі туралы айтып бере аласыз ба?

Ерлан Мұқышев: Әрине, көп оқиға өтті. Соның ішінде ең ірісі – 2015 жылғы Алматының барахолкасындағы өрт. Ол екінші санаттағы өрт болды. Бұл қиын, жоғарғы санаттағы өрт болып есептелінеді. Жеке құраммен соған аттандық. Біздің кезімізде ең қиын өрттер екі санатқа ғана жатқызылатын. Қазір біраз өзгеріс болып, үшінші санаттағы өрттер де шықты.

Ашығын айту керек, өрт сөндірушілердің жалақысы ол кезде тым аз еді. Бары-жоғы – алпыс мың теңге. Барахолка ұзақ жанды. Мұны ұзаққа созылған өрт деп атаймыз. Алапат өрт болғандықтан, жеке құрамның күші жетпеді. Лажсыздан демалыстағы өрт сөндірушілерді жұмысқа тарттық. Резервтегі техниканы дайындап, демалыстағы адамдарды шақырдық. Өрт сөндіруге қаладағы барлық техника жұмылдырылды.

Өрт сөндірушілердің жұмысы өте ауыр. Үш күн демалысты бекер бермейді. Өйткені, тәуліктеп ұйықтамайды. Тәулік бойы ұйықтамай, үйіне жаңа жеткен адамды қайта жұмысқа тарту да оңай нәрсе емес. Ол үшін психолог болуың қажет. Мұндай жағдайда бастықпын деп күшке салу, дауыс көтеру нәтиже бермейді.

El.kz: Өрттің алдын-алу шараларына қандай? Өрт сөндірушілер оқиға орындарында жұрт біле бермейтін қандай әрекеттер жасайды?

Ерлан Мұқышев: Өрт тұтанған кезде дереу шақырса, тез өшіруге болады. Өрт сөндіру жетекшісі оқиға орнына бірінші келеді. Істі өз қолына алады. Ол өрт сөндіруге арналған су көздері қайда екенін білуі керек.

Айталық, әр аудандағы қарауылдың өзінің атқаратын міндеттері бар. Бірінші қарауылымыз су көздерін, өрт сөндіру жоспарларын жасап, бәрін реттейді. Гидранттардың қайсысы жұмыс істейтінін, қайсысы істемей тұрғанын алдын ала анықтап, су арнасына өтінім береді.

Екінші қарауыл өрт сөндіру техникаларының жүріп тұруын, жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. 

Үшінші қарауыл өртке кіреді. Газдан қорғану қызметі деп атайды. Қою түтінге арнайы құрылсыз адам кіре алмайды. Олардың салмағы он жеті келі болатын оттегі баллондары, маскасы болады. Бұл өрттің, түтіннің ішінде тыныс алуға мүмкіндік береді.

Төртінші қарауыл өрт сөндіру құралдарына жауап береді.

El.kz: «Өрт сөндірушілер өрт болған жерге сусыз келеді» деген сөзді жиі естиміз. Осының ақ-қарасын өзіңіз ажыратып бере аласыз ба? 

Ерлан Мұқышев: Рас, көп адамдар өрт кезінде «өрт сөндірушілер сусыз келді» деп наразылық айтып жатады. Мәселен, жеке үй жанып жатса, оған екі машина жіберіледі. Олар тез арада өрт болып жатқан ғимараттардағы адамдарды құтқаруы тиіс. Содан кейін ғана өрт сөндіруге кіріседі. Көліктің насостарында екі оқпан болады. Бірі – А, екіншісі – Б деп аталады. Оның қуаттылығы – секундына 7 литр. Б-ның диаметрі елу сантиметр болады. Секундына 3 жарым литр су шашады. 105 литр су он секундта жоқ болады. Көп жағдайда жалын мұндай көлемдегі суға өше қоймайды. 5 тоннадай суыңыз айналдырған 5-6 минутта жоқ болады. Ал күшті өртті сөндіруге 20-30 минуттай уақыт керек болуы мүмкін.

Мұндай жағдайда су көздерінен – гидранттардан тартады. Өрт аймағы сумен осылай қамтамасыз етіледі.

Кейбір шеткі аудандарда су көзі – гидранттар болмайды. Ондай кезде кейде халықтың «алғыстарын» естиміз. Өйткені, өзіңмен әкелген су бес минутта бітеді. Басқа су көздерін іздеп сандалып жүруге тура келеді. Бұл – жұмысымыздың қиындықтары.

Бірақ ештеңеге қарамастан мен істеген бөлімнің жігіттерін шетінен «батырлар» деп бүкпесіз айта аламын. Бұл мамандықты бәрі өздерінің жүрек қалауымен таңдаған. Алпыс мың айлық көп емес. Сонда да, міндеттін абыроймен орындап, өмірлерін бәске тігіп келді. Қазір айлықтарын көтеріп жатыр деп естідім.

Десе де, өртке шыққанда ол жігіттердің қайтып келетінін, келмейтінін ешкім білмейді. Ешкім кепілдік бере алмайды. Өрт шыққан жерде жарылыс заттар, газ баллоны бар ма, өрт кезінде жарылыс бола ма, оны да ешкім білмейді. Қауіп-қатерлерге қарамастан, мамандығына адал болды.

Өрт сөндірушілердің басты міндеті – адам өмірін құтқару, өртті оқшаулау, басқа үйлерге, аймақтарға таралып кетуіне жол бермеу.

El.kz: Өрт сөндірушілерде басшылар өрт кезінде ғимараттарға бірінші кіреді екен. Мұның сыры неде?

Ерлан Мұқышев: Әрине, офицерлер бірінші кіреді. Өрт болмаған кезде басшылар өрт сөндірушілерге сабақ өткізеді. Қауіпсіздік ережелерін, мамандықтың қыр-сырын үйретесің. Бағалайсың. Сынақ қоясың. Мұғалім, ұстаз ретінде де жұмыс істейсің. Сондықтан өрт кезінде өзің үрейленіп, қорқаптап жүрсең, жеке құрам сені сыйлаудан қалады. Абырой-беделіңнен айырыласың. Қазір адамдардың бәрі психолог.

Бірақ өрттен қашқан офицерлерді өз басым жолықтырған емеспін. «Тек алға» деген ұстанымдағы жігіттермен жұмыс істедім.

El.kz: Өрт сөндіруші болу үшін жүректі адам болуы керек пе?

Ерлан Мұқышев: Әрине! Бәрі де өз өмірін қатерге тігеді. Азаматтық борышын жадыда ұстайды. Бірақ келе келе адамның қауіп-қатерлерге де бойы үйреніп кетеді екен. Түтінге қақалса да, адамдарды құтқарады. Қыстыгүні қытымыр аяздарда суық су кешеді. Қақаған суықтарда үстері малмандай су болса да, өртті тұмшалауға ұмтылған жаужүрек жігіттердің талайын көрдім. Арнайы киіммен, маска тағып, баллон арқалап, зілтемір көтеріп, жалынның арасында жүруге екінің бірі шыдамайды.

Әрине, өрт сөндірушілер жауынгерлік дайындықтан өтеді. Тәулікке түскен кезде оның бәрі дәріс ретінде өтіледі.

Өрт кезінде жасалып жатқан әрекеттерді, «ішінде адамдар бар ма, қалай жанып жатыр» деп, жағдайға барлау жасап, диспетчерлерге баяндап, егжей-тегжейлі ақпарат беріп отыруың керек. Оқиға орнына келмей жатып, не істеу керек, қалай әрекет ету қажет екенін білуге міндеттісің. Ол үшін өрт сөндіру жоспарларын алып қарайды. Онда ғимаратта қанша адам бар екені, құрылымдық ерекшеліктері және басқа да толық ақпараттар болады. Ал жеке үйлерде «мұнда мынадай адамдар тұрады» деп тұрғылықты адамдар ақпарат береді.

El.kz: Өрт сөндірушілер техникалық қауіпсіздікке баса назар аударатын шығар?

Ерлан Мұқышев: Сөз жоқ, техникалық қауіпсіздік мәселесі басты орында. Мәселен, электр қуаты қосылып тұрса, оны су шашып өшіруге болмайды. Алдымен қуат көзін ажырату қажет. Мұның бәрі оңай шаруа емес. Көктемде электр сымдарға тиіп кетіп, бір өрт сөндіруші қаза болғанын естідім. Сондықтан әрқашан техникалық қауіпсіздікке баса назар аудару керек. Офицерлер жеке құрам үшін басымен жауап береді. Айталық, бір қора жанып жатса, жоғарыдан балка құлап, адам мерт болуы немесе ауыр жарақат алып қалуы мүмкін. Басшылық ондай оқиға үшін жауапты. Сырт көзге бәрі оңай сияқты. Бірақ кез келген жұмыстың өзіне тән ерекшеліктері, қиындықтары, жауапкершілігі болады.

Өзімнің қол астымда істеген жігіттердің оңайшылықпен берілмейтін, қайсар екенін байқадым.

El.kz: Өрт сөндірушілердің намыс кодексі деген бар екен. Бұл туралы толыққанды айтып бере аласыз ба?

Ерлан Мұқышев: Оның бәрі айтылады. Сабақтар өтеді. Бірақ бес саусақ бірдей емес. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген бар. Өрт шыққан жерде бағалы заттар жоғалып жатады. Жиырма жыл ішінде мен тек бір ғана оқиғаға тап болдым. Ноутбук жоғалыпты. Жеке құрам түнімен өрт сөндіріп келген. Ертеңіне арыз түсіпті. Бірақ бізде тонаушылыққа жол берілмейді. Өрттен келген соң, өрт сөндірушілер шешінеді. Көліктерін, басқа да техникаларды табыстайды. Оны арнайы қабылдап алатын адамдар бар. Артық зат табылса, оны дереу қайтаруға тиіс. Бөтен затты екі адам байқап қалса, құпия болудан қалады. Біреудің дүниесіне қол салған адамды ешкім сыйламайтын болады.

El.kz: Өрт сөндірушілердің жұмысының қиындығы туралы көп айттыңыз. Ал жақсы тұстары қандай?

Ерлан Мұқышев: Қауіпті әрі ауыр жұмыс жасағаннан кейін бе, әйтәуір, өрт сөндірушілердің арасындағы ынтымақ керемет. Бірінің қуаныштарын бірі бөлісіп жатады. Туыс адамдардай болып кетеді. Басқа жерлерде қандай екенін білмеймін, әйтеуір мен істеген жерлерде бауырмалдық, ауызбіршілік мықты болды. Әріптестер бір-біріне қатты сенетін. Және сенімнен шығуға ұмтылатын. Берік қарым-қатынас орнайды. Бір-бірінен көмегін аямайды.

El.kz: Әңгімеңізге көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға