Жаңалықтар

«Ордабасы» мен «Астана» чемпиондыққа таласты қыздыра түсті

«Ордабасы» мен «Астана» чемпиондыққа таласты қыздыра түсті
Фото: «Астана» фк баспасөз қызметі 04.07.2023 15:30 1234

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының екінші айналымы басталды. Бір апта бұрын кездескен командалар екінші айналымда қайтадан өзара жолықты. Назарларыңызға премьер-лиганың 14-турының қорытындысын ұсынамыз, El.kz ақпарат агенттігі.

 «Қызылжар» (Петропавл) – «Қайрат» (Алматы) 2:1

Голдар: Чиканчи, 7 (1:0). Березкин, 17 (2:0). Садыбеков, 62 (2:1).

«Қайрат» бір апта бұрын Алматыда өз мүмкіндігін тиімді пайдаланып, оңай жеңген. Бұл жолы Петропавлда бірінші таймда «ұйықтап жүрді».  Соның салдарынан екі гол жіберіп алды.

Ал екінші кезеңде қанша тырысқанымен, бір голдан әрі аса алмады. Қорытынды есеп – 2:1 «Қызылжардың» пайдасында. Әли Әлиев шәкірттері турнир кестесінде төртінші орынға көтерілді.

 Команданың барлық ойыншыларына алғыс білдіремін. Бүгін жеңіске жету маңызды болды. Сол тапсырманы орындай алдық, Бірінші тайм ойымызды толық жүзеге асырдық. Жанкүйерлердің де еңбегі зор. Команданы алға жетелеп отырды, – дейді «Қызылжар» бапкері Әли Әлиев.

«Каспий» (Ақтау) – «Астана» (Астана) – 1:2

ГолдарАйымбетов, 31 (0:1). Подстрелов 66 (1:1), Дарбо, 77-пенальтиден (1:2).

«Астана» чемпион болып үйренген команда. Сондықтан тіпті қиын ойындарда ұпай алуға бейімделген. Бұл жолы да солай болды. Ақтау командасы алғашқы минуттардан матчты қарқынды бастаған. Бірақ Абат Айымбетов есепті ашты. Содан кейін «Каспий» кішкене бәсеңдеп қалған. Бірақ үзілістен кейін таразы басын теңестірді. Матчтың тағдыры пенальти шешті. Марин Томасовқа қарсы ереже бұзылды деп төреші Ақтау командасының қақпасына пенальти белгіледі. Оны Дарбо сәтті орындады.

Қиын ойын. «Ордабасымен» кубоктағы кездесуден кейін физикалық тұрғыдан ауыр болатынын білдік. Оның үстіне, 4-5 футболшының жарақаты бар. Бірінші таймда біраз қысып көрсетіп, гол соқтық. Екінші таймда допқа иелік ету көрсеткішімізді азайтып алдық. Мұны қарсылас тиімді пайдаланды. Алаңға үйрену де оңай болмады. Көп уақыт пас беруге икемделуге кетті. Ең бастысы, үш ұпайға қол жеткізді. Өкініштісі, тағы екі футболшымыз жарақат алды.  Алдағы матчтарға дайындаламыз. Бізде уақыт тығыз, – дейді «Астана» бапкері Григорий Бабаян.

«Мақтаарал» (Атакент) – «Ақтөбе» (Ақтөбе) – 1:2

Голдар: Жаңғылышбай, 32 (1:0). Раичкович, 45 (1:1). Ньянгбо, 54 (1:2).
Алаңнан қуылды: Жангылышбай 90+2.

«Ақтөбе» үшін ыңғайсыз қарсыластың бірі «Мақтаарал» еді. Былтыр 1:1 есебімен тең ойнап, чемпиондықтан айырылған. Биыл да бір апта бұрын Ақтөбеде осындай есеп тіркелген. Әйтеуір, осы жолы жолдары болды.

Атакент командасы есепті бірінші болып ашқанымен, қатарынан екі гол жіберіп алды. Сөйтіп, «Ақтөбе» үш ұпайға қол жеткізді.

Өте қиын матч.  Мен бірақ «Мақтаарал» мен «Ақтөбе» аса қатты айырмашылықты байқамадым. Әйтпесе, «Ақтөбе» чемпиондыққа таласып жүрген команда. Біз өз қателігімізден екі гол жібердік. Жалпы алғанда ойын ұнады. Жігіттерге осы қарқынды жалғастырыңдар деп айттым. Егер қателікті түзесек, нәтиже де өздігінен келеді, – дейді «Мақтаарал» бапкері Қайрат Нұрдәулетов.

«Жетісу» (Талдықорған) – «Шахтер» (Қарағанды) –1:3

Голдар: Свиридов, 40 (0:1). Муртазаев, 45+2 (0:2). Кампо, 73 (0:3). Рушевич, 77 (1:3).

«Шахтер» бір апта бұрын кеткен есесін қайтарды. «Кеншілер» өз алаңында 0:1 есебімен ұтылып қалған. Осы жолы Игорь Солошенко шәкірттері айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қонақтардың үш голына «Жетісу» бір доппен ғана жауап қайтара алды.

 Футболшыларға, бапкерлер штабына алғысым шексіз. Бұл жеңіс бізге турнир кестесіндегі жағдайымызға байланысты аса маңызды болды. Бір апта бұрын өз алаңымызда есе жібердік. Сондықтан осы жолы тек үш ұпай алуды көздедік, – дейді «Шахтер» бапкері Игорь Солошенко.

«Қайсар» (Қызылорда) – «Оқжетпес» (Көкшетау) –  0:1

Гол: Болов, 44 (0:1).

Алаңнан қуылдыОливейра, 82.

Көкшетау командасы осыған дейін сегіз ойын қатарынан жеңіске жета алмаған. Бұл жолы сол серияны бұзды. Қызылордада «Қайсармен» кездесіп, үш ұпай еншіледі.

«Қайсар» керсінше сырт алаңда жақсы ойнайды. Ал өз жерінде жиі ұпай жоғалтады. бұл жолы да солай болды.

«Тобыл» (Қостана) – «Атырау»  (Атырау) –1:0
Гол:
 Жұмашев, 90+3 (1:0).
Алаңнан қуылды: Керімжанов, 53

Бір апта бұрын «Атырау» өз алаңында оңай жеңген. Бұл жолы «Тобыл» есе қайтарды.

Бірақ бірінші тайм іш пыстыратындай, қызықсыз өтті. Ал екінші кезеңде Олжас Керімжанов алаңнан қуылып, «Атырауды» қиын жағдайға қалдырды. Содан кейін алаң иелері оянып, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Голды тек 93-минутта алаңға үзілістен кейін қосылған Жасұлан Жұмашев соқты

Соңғы минуттарда гол жіберіп алдық. Мұндайды бастан өткеру қиын. Бірақ ешкім қолын бос қойып, қусырып отырмайды. Бірінші таймда жақсы ойнадық, үзілістен кейін де қарқынды бастадық. Алаңнан бір футболшымыз қуылған соң, басқа жүйеге көштік. Жігіттер мінез танытты. Бар күштерін салды. Бас бәсекелесіннен соңғы минутта гол жіберіп, жеңіліп қалған екі есе ауыр, – дейді «Атырау» бапкері Виталий Жуковский.

«Ордабасы» (Шымкент) –  «Аксу» (Павлодар) – 2:0

Голдар: Ерланов, 45+4 (1:0). Садовский, 58 (2:0).

«Ордабасы» дәл қазір турнир кестесінің төменгі жағында жүрген командаларды жекелеген ойыншылардың шеберлігімен-ақ жеңіп жүр.  Шымкент командасының деңгейі «Ақсудан» жоғары». Ол айқын көрініп тұр. Команда екі голын соқты да, мәселені шешті.

Александр Седнев шәкірттері осы қарқындарын жоғалтпаса, чемпиондыққа таласты жалғастырады.

Павлодар командасына бас бапкер мәселесін ойлану керек тәрізді. Команда 8 матчта 7 рет жеңілді. Осының өзі көп нәрсені аңғартады.

Премьер-лиганың келесі 15-туры алдағы 15-16 шілдеде өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға