Жаңалықтар

Оразаға байланысты жиі қойылатын сұрақтар

Ораза туралы сіз білетін немесе күмәнданатын сұрақтарға жауап
Оразаға байланысты жиі қойылатын сұрақтар
10.05.2018 12:52 103761

Кейде күнделікті жасап жүрген тірліктің өзінде күмән туындауы мүмкін. Бұл адамның білімсіздігінде емес, сананың табиғатына байланысты. Адам әр әрекетін ойланып, жасап жүргенім дұрыс па деген сауалдар туындауы заңды. Сондықтан да Ораза кезінде сіз білетін, бірақ күмәндануыңыз мүмкін деген сұрақтар топтамасын дайындадық. Бөлісе отырыңыз.

Сәресі ішуге ұйықтап қалсам, оразамды жалғастыра беруіме бола ма?

Хадисте: «Сәресі ішіңдер, өйткені сәресіде берекет бар. Бір жұтым су ішсеңдер де сәресіні тастамаңдар. Сәресіге тұрғандарға Алла Тағала рақым етіп, періштелер кешірім тілейді», - дейді. Сәресі кезінде тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болады. Сонымен бірге сәресіге тұрған жан сүннет сауабын алмақ. Себебі, сәресі ішу – пайғамбарымыздың сүннеті. Сәресіге тұрған адам соңынан сәресі уақыты шықпай тұрып «Тәһәжжуд» намазын оқып, Жаратқанға мінәжат еткені жөн. Ал физикалық тұрғыда сәресі ішу нәтижесінде адам күні бойы қуатты жүріп, ойы, көңіл күйі шашырамай, оразаны тиісті деңгейе атқарады және денсаулығына оң әсері тиеді. Сұрағыңыздың жауабы: сәресіні ұйықтап қалып немесе басқа да себептермен іше алмасаңыз, ауыз бекіте беруге болады.   

Байқамай, әдет бойынша аузына тамақ салып не су ішіп қойса ораза бұзыла ма?

Оразаның алғашқы күндері әдет бойынша су не тамақ ішіп-жеп қойсаңыз, дереу аузыңызды шайып, оразаңызды жалғастырыңыз. Пайғамбарымыз хадисінде: «Кімде-кім ұмытып ішіп-жеп қойса, оразасын қайта жалғастырсын. Өйткені, оған Алла Тағаланың өзі ішкізіп-жегізген»,-дейді. Ал Ораза екенін есіне түсіріп, «болды, оразам бұзылды» деп тамақ жеуін әдейі жалғастырса, ол адам күнәһар саналмақ. Ондай жағдайда ораза айы аяқталғанда сол күннің қазасын өтеуі қажет.    

Ауыз бекіткенде жағымсыз иістен қалай құтылуға болады?

Ауыз бекіткенде тіс тазалығын да сақтау қажет. Бірақ мүмкіндік болса сәресі уақыты болмай тұрып ауыз қуысыңызды тазалағаныңыз абзал. Сонымен қоса, ораза кезінде ауыз қуысын, тісін және тілін тазалау үшін мисуак пайдалануына болады. Әсіресе, ұйқыдан оянған соң немесе  ауыздан жағымсыз иіс шыққанда қолдану – мұстахаб, құптарлық іс. Ал күндіз ауызды тіс пастасымен шаюдың еш айыбы жоқ. Бастысы су немесе паста ішке кетіп қалмауы тиіс.

Сілекей жұту оразаны бұза ма?

Ораза тұтқан жан аузындағы сілекейін не түкірігін жұтса ораза бұзылмайды. Тек ұзақ жинап, әдейі жұтуына болмайды. Негізі бұл туралы көп ойланбаған абзал. Себебі ол туралы ойлаған сайын бездер жұмыс жасап, сілекей жинала береді. Ал сілекейді жұтпаймын деп, қайта-қайта түкіріну сырт қарағанда ерсі көрінеді және мұсылман жанға жарасар қылық емес.

Адамның бетінен сүю оразаны бұза ма?

Аузын бекіткен кісі өзге адамды бетінен сүйсе, бұл оразаны бұзбайды. Пайғамдарымыздың (с.ғ.а.) өзі аузы берік болса да, жары Айшаны сүйгені туралы айтылады. Бастысы әйелін сүйгенде шәует бөлініп, жыныстық қатынасқа түспейтініне сенімді болуы тиіс.

Ауыз бекіту, ауыз ашу кезінде оқылатын дұғаларды қазақша айтуға бола ма?   

Тілек дұғаларыңызды қай тілде айтсаңыз да, олар Алла Тағалаға жетеді. Сондықтан ауыз бекіту дұғасы мен ауыз ашу дұғасын өз ана тіліңізде айтудың сөкеттігі жоқ. Жаратушымыз тіпті біздің ойымызда тұрған, бірақ айтпаған тілектерімізді де біледі.

Жүкті әйелге ораза ұстауға бола ма?

Шариғатта құрсағында немесе емшектегі баласы бар аналарға Рамазан айында ораза ұстамай кейінге қалдыруына рұқсат етіледі. Дегенмен жүкті келіншек оразаның балаға зияны жоқ екеніне сенімді болса, ұстауына кедергі жоқ. Хадистердің бірінде Пайғамбарымыз (с.ғ.а.) «Күмәнсіз Алла Тағала сапардағы адамға намазды қысқартып, оразаны жолаушыларға және жүкті және емізулі әйелге міндеттемеді...» дейді. Тек осы себептен ораза ұстамаса, кейін мүмкіндік туғанда оныы қаза етіп өтейді. Бұл оразасы «қаза ораза» саналуына байланысты оны бөліп өтеуіне де болады.    

Оразаны намаз оқымаса да ұстауға бола ма?

Ораза әр адамның жеке құлшылығы. Намаз оқымасаңыз да ораза ұстап, ауыз бекітуіңізге болады. Жаратушыға бір табан жаындаған адамды «намаз оқымасаң, ораза ұстама» деп кеудесінен итеруге ешкімнің қақысы жоқ. Қайта ораза ұстаған жанға «Оразаң қабыл болсын!» деп демеп, иман жолына келуіне ақыл-санамен, байыппен шақыру нағыз мұсылманның міндеті. Дегенмен мүмкіндігіңізше ораза ұстаған соң намазға жығылуға да әрекет жасаңыз.

 Рамазан айының басында үш күн, ортасында үш күн, аяғында үш күн ауыз бекіту ораза ұстағандай есептеле ме?

Ораза айын сырқат немесе жолаушы болуына байланысты жағдайлардан өзге бөлуге болмайды. Құранда «Бақара» сүресінің 185-аятында осы жайлы: «Кімде-кім ораза айына жетсе, оны толықтай ұстасын» деп жазылған. Сондықтан қасиетті Рамазан айында Ораза ұстау мүмкіндігін пайдаланып, мейлінше молырақ сауап жинауға, Алла Тағаланың ризығын барынша көп алуға асығыңыз.

Қадір түнінде таң атқанша ұйықтамай отыру міндет пе?

Рамазан айындағы ең қасиетті түн – Қадір түні. Бұл түні жасалған ғибадат 83 жыл сауаппен тең. Сол себепті осы түні нәпіл намаз, Құран оқып, ғибратты әңгімелер тыңдап өткізіңіз. Қадір түнінде көз ілмеу шарт емес. Бұл түнді жайылған дастарған басында немесе мешітте өткізу де міндет емес. Бастысы өзіңіздің құлшылығыңыз. Мұндай жағдайда жұрттан қалыспай, көпшілік орындарына баруға емес, өзіңіздің рухани қуатыңызға, ішкі жан-дүниеңізге назар аударыңыз.

Тіс жұлдырса ораза бұзыла ма?

Адам ораза кезінде қажеттілікпен тіс жұлдырса, бұл оразасын бұзбайды. Бастысы тіс жұлдырғанда аққан қан ішке кетіп қалмаса болғаны. Ал аңдаусызда қан ішке кеткен болса, сол күнгі қазаны кейін өтейді. Тіс жұлдырғанда көбіне анестезия, ауруды басатын дәрі салынады. Соңғы уақытта ғұламалар ине арқылы денеге барған дәрі оразаны бұзбайды дейді. Сонымен қоса, ораза кезінде құсқан, ине салдырып дәрі қабылдаған (система алған) адамның да оразасы бұзылмайды деп есептеледі.

Күндіз моншаға түсуге, суға шомылуға бола ма?

Моншада адамның денесі буланады. Яғни бу су молекулаларынан құралғандықтан, буды жұтқанда еріксіз су бөлшектерін де жұтасыз. Сондықтан моншаға түсу оразаны бұзады деп саналады. Ал ваннаға, бассейнге түсу, душқа шомылу оразаны бұзбайды. Бастысы мұрын, ауыз арқылы су кіріп кетпеуін қадағалаңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға