Жаңалықтар

Ораза жайында не білесіз?

Рамазан – рақым айы
Ораза жайында не білесіз?
30.03.2022 10:57 8136

Рамазан – үйіңе екі дүниенің берекесін әкелген ұлы қонақ. Бұл айда сауаптың бақшасында барлық жемістен терілуге мүмкіндік беріледі. Биылғы жылы Рамазан айы сәуірдің 2-нен бастау алады. Мың айдан да қайырлы қасиетті айға санаулы күндер қалды. Осы орайда халықтың көкейінде жүрген сан сауалға Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Серікбай Әділхан жауап берді.

Ораза жайында не білесіз?

–  Серікбай Иманәліұлы, Рамазан айында ораза ұстау қашан парыз болды?

– Рамазан айында ораза ұстау Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) Мекке қаласынан Мәдине қаласына көшкеннен кейін екінші жылда парыз болды. Ол хижреттің екінші жылынан бастап саналады.

– Оразаны кімдерге ұстау парыз? Белгілі бір жас мөлшері бола ма?

– Әрбір балиғат жасына жеткен ақыл-есі дұрыс адамға ораза ұстау парыз болып саналады. Балиғат жасы қыз балалар 9 жастан, ұл балалар 12 жастан болып саналады.

– Оразаның дұрыс болу шарттары

– Оразаның дұрыс болуының шарттарына Рамазан айында таң атқаннан күн батқанға дейін су ішуден, тамақ ішуден және жыныстық қатынастан тыйылу жатады. Бірақ пайғамбарымыз (с.ғ.с) кімде-кім біреулерге зиян келтіретін сөздің өзінен тыйылмаса, оның таңертеңнен кеш батқанға дейін аш болып жүргені Алла тағалаға керегі жоқ дейді. Оразаны қабыл болған оразалардың қатарына енуіне септігін тигізетін амалдарға бір-бірлеріне зиян келтірмеу, өтірік сөйлемеу жатады. Біреуді ұру былай тұрсын, адамға азар беретін сөздердің барлығынан аулақ болғаны дұрыс. Ол оразаның жоғары деңгейдегі ораза болуына көмектеседі.

Ораза жайында не білесіз?

(Суретте: Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Серікбай Иманәліұлы)

–  Ораза ұстаушыларға сүннет болған амалдар қандай?

– Ораза ұстаушыларға сүннет болған амалдарға сәресін алдын-ала ішіп алмай, ауыз бекітердің алдында ішу жатады. Ауыз ашатын кезде де жүріп алмай, уақытылы құрмамен ауыз ашқаны абзал. Дұға ету, құран оқу, мұқтаж адамдарды тамақтандыру және садақа беріп жүру оразаның сүннеттері болып есептеледі.

–  Қандай жағдайда ораза бұзылады?

– Ораза әдейілеп тамақ, су ішіп қойған жағдайда бұзылады.

–  Қандай жағдайларда ораза ұстамауға рұқсат етіледі?

– Кімде-кім денсаулығы көтермейтін, науқас және жолаушы болатын болса, сол кісілерге ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Бұл туралы Құранда нақтырақ баяндалған. Аяғы ауыр, бала емізетін әйелдердің ораза ұстауы баласына зиян келетін болса, сүт шықпай қалған жағдайда ораза ұстамауына болады.

Ораза жайында не білесіз?

– Рамазан айының оразасын басында үш күн, ортасында үш күн және аяғында үш күн ұстауға бола ма?

– Рамазан айының оразасын басында үш күн, ортасында үш күн және аяғында үш күн ұстауға болмайды. Бірақ ертеректе балиғат жасына жетпеген кішкентай балаларды оразаға үйрету мақсатында кейбір ата-аналар осылай басында, ортасында және аяғында үш күн ораза ұстататын болған. Бұл содан қалған әңгіме. Негізінен дінімізде осылай ораза ұстау жоқ.

–  Бір ай ораза үшін бір рет ниет ету жеткілікті ме? Әлде әр сәресінде ниет ету керек пе?

– Бір айға бірден ниет етіп ораза ұстауға болады. Егер әр сәресіне ниет етер болсаңыз, тіптен жақсырақ болады. Әрбір іс ниетке байланысты. Сондықтан осы бір айға ораза тұттым дегені де жеткілікті. Кез келген хадис кітаптарында осылай жазылған.

–  Ұмытып ішіп-жеп қойғандардың оразасы бұзыла ма?

– Ұмытып ішіп-жеп қойған жағдайда оразасы бұзылмайды. Сахих хадистерде пайғамбарымыз ( с.ғ.с) : «Кімде-кім өзі ораза болып, ішіп-жеп қоятын болса, оразасын толықтырсын. Себебі Алла тағала оларды тағамдандырды және оны сусындандырды», – деп жазылған.

Ораза жайында не білесіз?

–  Ораза кезінде душқа түсуге, өзен-көлге және моншаға шомылуға бола ма?

–  Ораза кезінде душқа түсуге, өзен-көлге және моншаға шомылуға болады. Алайда өзен-көлге шомылған адам сол суға сүңгіген кезде мұрны арқылы асқазанға су түсіп кетуі мүмкін. Немесе байқаусызда су жұтып қоюы мүмкін. Ораза екені есінде болып, бірақ байқамай су жұтып қойды. Ол кезде бір күнге, бір күн ораза тұтып беруі керек. Сондықтан ораза тұтқан адам ораза кезінде суға түспегені, шомылмағаны жақсы.

– Ораза ұстаған адамға тіс пастасын пайдалануға рұқсат па?

–  Ораза ұстаған адамға тіс пастасын пайдалануға рұқсат. Бұл жайлы нақты хадис жоқ. Бірақ пайғамбарымыз (с.ғ.с) кезінде тіс пастасы мен тіс щеткасы болған жоқ. Бірақ мисуак (тіс күтіміне арналған табиғи, әрі пайдалы құрал) болған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мисуакпен тісін тазалап жүретін болған. Мисуак адамға ешқандай қуат бермейтін болғандықтан, ешқандай тиым салынбаған. Алайда тіс пастасын пайдаланғанда ауызды шайып жатып, байқаусызда асқазанға су кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан тісіңізді ауыз бекітіп алғанға дейін және ауызашардан кейін тазалап алғаныңыз дұрыс болады. Моншаға да солай түскеніңіз абзал.

–  Әйелдер көпшілік жерге баратын болса, бетіне опа, далап, крем жағады. Бұл оразаны бұзбай ма?

– Бұлардың барлығы оразаны бұзбайды. Және жалпы опа-далап, крем жағу асқазанға түспейтін болғаннан кейін, оның бетіне майларды жағу да оразаны бұзбайды. Сондықтан пайдалануға болады.

Ораза жайында не білесіз?

– Ораза ұстауға шын мәнінде шамасы жетпейтіндер болады. Олар не істейді?

– Мысалы жасы үлкен кісілер қартайып қалдық. Бұдан кейін ораза ұстай алмаймыз. Бірақ оразаның сауабын алғымыз келеді деп ниет білдіріп жатады. Сол кісілер бір күнге бір кісіні тамақтандырса болды. Оның ақшасы азық-түліктің бағасына байланысты әр уақытта әр түрлі болады. Ол сол уақыттың бағасымен қаралады. Мәселен, үлкен кісілер 30 адамды шақырып, бірден отыз кісіге ауызашар береді. Кейбір кісілер ауыз аштырамыз деп ақша беріп жатады. Ал мұсылман елдерінде арнайы ауызашар беріледі. Ораза ұстамаған, ораза ұстауға шамасы жетпейтін адам бір күнге бір кісіні тамақтандырса, соның сауабын алады.

–  Ораза кезінде тіс жұлдыруға, емдетуге және екпе салдыруға рұқсат па?

– Ораза кезінде тіс жұлдыруға болады. Бірақ ол уақытта екпе салады. Екпе салдырғаннан кейін, ол асқазанға түсуі мүмкін. Сондай жақтарымен қауіпті болып саналады. Бірақ адамға күш-қуат беретін болғандықтан, күмән тудыратындықтан оны оразаның алдында, оразадан кейін немесе ауыз ашқаннан кейін екпе салдырып емделген дұрыс. Негізінде шариғат бойынша кез келген нәрсе табиғи жолдар арқылы ішке кірсе, оразаны бұзады. Ал дене арқылы кірсе, оразаны бұзбайды деген пәтуа бар. Сонымен қатар қарындағы немесе бастағы терең жараны емдеу оразаны бұзбайды. Өйткені ораза бұзылу үшін оған қолданылатын дәрі оны ішке табиғи жолдармен баруы шарт. Ал ішке баратын жолдың тығыздығынан, емделу барысында оның бітеліп қалуынан жара арқылы дәрінің ішке жетуі екіталай. Ал енді тамырға салынатын ине денеге қуат, азық болмаса оразаны бұзбайды. Сол сияқты денеге тері астына, бұлшықетке емделу үшін ине салса, ауыз ашылмайды деп айтады.

Ораза жайында не білесіз?

–  Рамазан айында марқұм болған жақындарымызға қандай сауапты істер жасай аламыз?

– Жалпы пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде егер адам баласы қайтыс болса, артынан баратын сауаптардың барлығы тоқтатылады. Тек қана үш түрлі ғана сауап артынан барады. Ол ораза болсын-болмасын оған қарамайды. Үш сауаптың біріншісі – кісі өзінің тірі кезінде халыққа пайдалы іс жасаса, мектеп, аурухана, көпір салса, құдық қазса, мешіт салса, соның барлығы ол кісі қайтыс болғаннан кейін де халық пайдаланып жатса сауабы болады. Екіншісі – пайдалы ғылым қалдырса, кітап жазып, шәкірт оқытып қалдырса, ғылыми жаңалық ашып қалдырса, ол кісі өмірден өткеннен кейін де халық пайдаланып жатса, оның сауабы марқұм болған кісінің артынан сауабы барады. Үшіншісі – салиқалы ұрпақ қалдырса, сол ұрпағы артынан дұға жасаса, соның сауабы барады. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) бір кісілер сұраған екен. Мен жолаушылап кеткенде үйде анам қайтыс болған еді. Енді анамның атынан садақа берсем бола ма? – дегенде пайғамбарымыз болады деген екен. Сіз садақа бересіз. Бірақ бұл садақаны мен берген жоқпын. Бұл садақаны марқұм болған атам, әжем берді деп ниет етсеңіз сауабы оларға жетеді. Не болмаса, марқұмның атынан қажылық жасаса, құрбандық шалса оның сауабы барады. Сол сияқты оразадан тыс уақыттарда ораза тұтса, сауап болады. Ал Рамазан айында оразаны өзіңіз үшін тұтасыз. Осы хадистердің барлығын қорытындылай келе ғалымдарымыз айтады. Кез келген салиқалы амал жасап, халыққа пайдалы іс жасап сауабын сол марқұмдарға бағыштадық. Сауабын марқұмдарға сыйға тарттық деген ниетпен жасаса , оның сауабы оларға жетеді. Және пайдалы болады. Сондықтан Рамазан айында марқұм болған жақындарымызға осындай сауапты істер жасай аламыз. Сіз Рамазан айында садақа беріңіз. Құран оқып, тасбиық аударып кез келген салиқалы амал жасап соның сауабын марқұмдарға бағыштасаңыз, сауабы марқұмдарға жетеді. Ал пітір-садақа тірі адамдарға береді. Марқұмдарға кез-келген салиқалы амал жасап, соның сауабын бағыштауға болады.

–  Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға