Жаңалықтар

Ораза ұстаушыға қажетті кеңестер

«Ораза – сабырдың жартысы»
Ораза ұстаушыға қажетті кеңестер
16.04.2020 13:12 19235

Қасиетті Рамазан айының басталуына да аз уақыт қалды. Он екі айдың сұлтаны боп есептелетін бұл айда Алланың шексіз мейірімі төгіліп, сауаптар еселеніп, жұмақтың есігі айқара ашылары хақ. Ендеше, қасиетті айда көпшіліктің көкейінде туындайтын сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Ораза арабша «әс-саум» деген атау алған, қазақша мағынасы «өзін-өзі тоқтатып», «тартыну» секілді ұғымдарға саяды. Оған мысал Құрандағы «Ей, Мәриям. Шынымен де, мен Рахман үшін ораза ұстауға уәде еттім, бүгін ешкіммен сөйлеспеймін де» дейді. Яғни, мұнда адаммен сөйлеспеу оразасына серт бергенін көреміз. Исламда ақыл-есі қалыпты, балиғат жасына жеткен, ауыз бекітуге мүмкіншілігі бар барлық мұсылмандар таңның атқанынан күннің батқанына шейін астың барлығынан және құмарлықтан тыйылу керек.

book-1283468_1920.jpg

Еpкiнбек қари Кеpiмбекұлы Рамазанның Алла тарапынан барлық адам баласына таза жол ретінде Құран түсірілген ай екенін айтады.

«Біздің осы қасиетті айда ауыз бекітуіміз бен түнде орындар намазымыз Аллаға деген иманымыздың, шын бойұсынуымыздың, бізге түсірген қасиетті кітабы Құраны үшін шын шүкірлігіміздің айғағы болады. Ораза ең алдымен Ұлы Жаратушымызға бойұсыну. Бұл мұсылман баласының бұйрыққа бағынып, тиымдардан аулақ ұстауға көмектеседі. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіріңдер, алдарыңда өткен қауымға парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз. Бәлкім тақуа боларсыңдар» дейді. Бұл ай бізге өнегелі мінезді үйретуші тәрбие мектебі болмақ. Сол арқылы мұсылман бауырлар өзінің тұла бойындағы жағымсыз нәрселерден арылады».

Сол сияқты ораза нәпсімен күресуге көмектеседі. Адам үшін ең жағымсыз қасиеттер ретінде қарнын тойдыру мен жыныстық құмарлық жатқызылады. Ауыз бекіткен жан осы құмарлықтармен шынайы күресіп, өз нәпсісін өзі билеуге толықтай мүмкіндік алады. Құмарлықты қайтару ниет еткен кез келген жанның қолынан келеді. Ораза ұстаушының жамандыққа бастаушы нәпсісі тыйылатын болады. Сонымен қатар, көру, есту мен сөйлеу мүшелерінің жаман әсері де тоқтамақ.

Рамазан айында ораза ұстамауға болатын себептер де бар. Олар: дертінен жазылатын үміті жоқ, ылғи дәрі немесе укол қабылдап жүретіндер, ораза ұстаса денсаулығына зиян келуі мүмкін науқас жандар; ауыз бекітуге күш-қайраты келмейтін егде жастағылар. Бірақ, мұндай жандар оразаның сауабы жазылу үшін фидия төлеуі қажет етіледі. Жалпы, денсауылғы жақсы жандарға бұл төлем жүрмейді. Фидия дегеніміз – кедей жанды 30 күн бойы таңертең және де кешкі уақытта тамақтандыру немесе ақшалай құнын өтеу. Оның нақты мөлшерін әрбір мемлекеттің мүфтияты нарықтағы хал-ахуалға байланысты бекітіп жатады. Фидияға шамасы келмейтін жандар болса, Алла Тағаладан кешірім сұрауы керек.

Исламтанушы Эльмиpа Бұқаpбаева ниетсіз ораза дұрыс болмайтынын айтады.
«Әрбір оразаны ұстаудың алдында шын жүрегіңізбен ниет етесіз. Әбу Ханифа мазхабы бойынша Рамазан айының бас кезінде ниет етілсе сол айға толықтай жетеді. Әрине, оған қосымша күнде ниет етсе де жарайды. Ниет жасалмай бір тәулік аш жүру ораза болып есептелмейтінін естен шығармаған жөн. Жалпы ораза уақыты сәресі таң намазы кіретін уақытқа дейін ішілуі тиіс, ауыз ашу ақшам намазы кіргеннен соң болады».

Оразаға қатысты маңызды сұрақтар

Қай кезде ораза ұстауға болмайды және қандай жағдайда қаза етуге болады?

Етеккірі келген қыз-келіншектер және де босанған соң қан көрген әйел адамдарына ораза ұстауға рұқсат жоқ. Алайда, қарыз болған күндерді міндетті түрде өтеуі тиіс. Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 185 аятында: «Сендерде кім Ораза айында болса, ауыз бекітсін, ал біреу науқас немесе сапарда жүрген болса басқа күндері орнын толтырсын» дейді. Ілгеріде айтып кеткендей сырқат жандар мен алыс сапарда жүрген азаматтар болса оразасын қаза етуге мүмкіндігі бар. Бірақ, бұл күндер өтелуі керек.

Оразаны бұзатын жағдаяттар қандай?

Жын тиіп, талып қалған жағдайда ораза бұзылмақ. Сонымен қатар, сәресі мен ауыз ашатын уақытты шатастырған кезде, дәрет алып, не жуынып-шайынып жатқан сәтте аузына, құлағына, абайсызда су кірген болса, құлаққа дәрі тамызса, укол қабылдап, төсек қатынасына түсер болса ұстаған оразасы бұзылған болып есептеледі. Егер осы аталғандарды оразасы бұзылатынын біліп, сонда да жасаса өтемін өтеуі қажет. Жалпы, оразаны біле тұра бұзуды каффарат дейді. Бұл үлкен күнә болып есептеледі. Рамазан айы біткен соң, соның әрбір күніне тиісінше алпыс күн ораза ұстауы керек болады. Айтқандай, аузы бекітулі екенін ұмытып су ішіп, не тамақ жеп қойған жанның да оразасы бұзылады. Алайда, ішіп-жеп қойған соң, ораза екенін есіне түсіріп, аузын шайып, Рамазанға деген құрметін сақтай отырып, сол күнді соңына дейін ұстаған жөн. Артынан бұл күнді өтейтін болады. Ал егер олай істемеген жағдайда бір күн үшін екі ай бойында каффарат ораза ұстауы парыз етіледі. Егер адам қатты шөлдеген болса, тамаққа кетпейтіндей аузын сумен шайса жарайды. Бұл оразаны бұзбайды.

fruit-199563_1920.jpg

Тағы қандай жағдайда ораза бұзылмайды?

Адамның қажеттілігіне орай, жылдам қан қажет болған кезде қан алдыруы, аузы толмай құсуы, салқындау мақсатында суға шайыну, сақал-мұртын тазалау, аузын шайып, тісін мисуакпен тазарату оразаны бұзбайтын жағдаяттарға жатқызылады. Сондай-ақ, түкірік, не сілекейді жұтуға да болады. Алайда, мұсылман баласы әр жерде түкіруі әдепсіз қылықтың қатарында. Ауызға сілекейді көп қып жинап, шөлді қандыру мақсатында жұтуға тыйым салынады.

Сәресіге ұйықтап қалса не істеу керек?

Ұйқысынан тұрған соң, оразасын жалғастыра алады. Себебі, ілгеріде айтып кеткендей Рамазан айының басында ниет етілгендіктен, оның сол күнгі оразасы да қабыл болады деген сөз. Дегенмен де, әр күн сайын сәресі ішпей, ай басында ниет еткенім жарай береді екен ғой деп қате ойламауы қажет. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.у) сәресіде береке барын, ең болмағанда бір жұтым су ішіп, ауыз бекіту керектігін баса айта кетеді. Сол себепті де жатар уақытта ниет қып, дұға оқып, сәресіге тұрған абзал.

Жалған сөйлеп, ғайбат айтып, қатты ашулану оразаға әсер ете ме?

Ораза бұлардан бұзылмайды, десе де сауабы кемитін болады. Ораза тек тамаққа деген нәпсіден тыйылу емес, рухани да құлшылық ету. Сол себепті, ондай жағымсыз нәрселерден аулақ болып, барынша сабырлы қалпыңнан айнымауға тырысу керек.

Бітір садақасын берудің маңызы қандай?

Бітір садақасы уәжіп боп есептеледі. Бұл садақа рамазан айы кезінде кеткен кемшіліктеріңнен, жасаған қателіктеріңнен тазару мақсатында берілетін болады. Оның уақыты – рамазан айының соңғы күндері және айттың алғашқы күнін қоса есептегенде беріліп болуы керек. Оның мөлшерін әрбір елдің өз мүфтияттары белгілемек.

Жалпы, оразаның сүннеті мен әдебі қандай?

Айлардың сұлтаны болып есептелетін Рамазан айының қадір-қасиеті мол екенін айта кеттік. Оның ішінде сүннеті мен әдебі де өз алдына бөлек әңгіме. Олар: ауыз бекіткен жан сәресіде тұрып, ең болмағанда бір жұтым су ішуі керек; күн батқан кезде, намаздан бұрын жылдам ауызды ашқан жөн; ауызашар кезінде дұға ету (Пайғамбарымыз ауызашардағы дұға кері қайтарылмайтынын айтады); ораза ұстаған кісілердің бір құрмамен немесе тіпті сумен болса да аузын аштырып, аузыашар өткізу.

Сонымен, қасиетті Рамазан айында Ұлы Жаратушымыздың пенделеріне басқа уақытта нәсіп болмаған керемет кеңшіліктері ашылады. Бұл орындалатын кеңшіліктер әрбір пенденің Аллаға деген ыстық ықыласы мен махаббатын өсіріп, жасаған күнәлары үшін қысылуына, кешірім тілеп, тәубесіне келуге көп септігін тигізетін болады. Тәубеге келген жан жүрегі нұрға бөленіп, иман ұялап, Құран аяттарын үйреніп, намаздарына ұқыпты қарап, рухани дүниесі үшін жұмыс жасамақ.

Алғаш рет ораза ұстаушыларға арналған кеңес

Бірінші рет ауыз бекітуге ниет етіп отырғандар ғана емес, бұрыннан ұстап келе жатқан жандардың өзі Рамазан айы жақындағанда бойларын үрей билеп жататыны белгілі. Сонымен, ондай қорқыныштардан құтылу үшін бірнеше кеңестер ұсынамыз.

Сіз ауыз бекітетін жалғыз жан емес екеніңізді ұмытпаңыз

Бұл оразаны сізге дейін көптеген адам баласы ұстағанын естен шығармаңыз, тіпті сізден кейінде олардың санын санап біте алмайсыз. Онымен қоса, олар Рамазан айын жақсы өткере алды, нәпсісін тыйып, жаман әдеттерінен арылып, мінезін түзеп, басқалармен арақатынасын реттеп, рухани күш жинап, азық ала білді. Бұл сіз ойлағандай отыз күн аш жүру емес. Тек күн батып, таң атқанша қалағанша ішіп-жей аласыз. Одан қорқудың қажеті жоқ. Ораза өз тоқтығымен екенін де естен шығармаңыз.

istanbul-4185610_1920.jpg

Оразаның құндылықтарын есте сақтаңыз

Алла Тағала Құран Кәрімде ораза ұстау туралы былай дейді: «Пендемнің барлық амалы өзі үшін болса, ұстаған оразасы Мен үшін. Оның сауабын өзім беретін боламын. Себебі, ол менің разылығым үшін таң атқаннан, күн батқанша тамақтан, ащы сусыннан, жыныстық қатынастан бас тартты». Ендеше, оразаның осы бір құндылығын ойымызға алып, Алла Тағаланың разылығы үшін ауыз бекітейік. «Алда әлі уақытым бар ғой, келер жылы ораза тұтармын» дей көрмеңіз.

Алла Тағала адамға шыдамы жетпейтін нәрсені жүктемейді

Суға, тамаққа шыдай алмаймын деу бос әурешілік. Себебі, зерттеушілер адамның асқазанында өзінің ағзасын екі күн бойында алып жүруге жететін тамақ барын дәлелдепті. Сондықтан, сіз таң сәріден, күн батқанша аштықтан «солып» қалмайтыныңыз ақиқат. Ендеше, «мен мұндай сынаққа төзе алмаймын» деген ойыңыздан арылыңыз.

Бұл қасиетті айға өз қалауыңызбен келгеніңіз дұрыс

Ораза ұстау сәтті тренд немесе қоғамда бір жеңілддікке қол жеткізетін нәрсе емес. Оған тек жүрек қалауыңызбен келгеніңіз дұрыс. Сонымен қатар, ауыз бекітсеңіз ешкімге міндетсінудің қажеті жоқ. Ол Алла разылығы үшін және өзіңіз үшін екенін ұмытпағайсыз.

Күн тәртібіңізді жаймендеп өзгертуді бастаңыз

Рамазан айы күн тәртібіне айтарлықтай өзгеріс алып келеді. Таңертеңгілік көбірек тамақтанып, асқазаныңызды үйрете бастаңыз. Ерте оянуды әдетке айналдырыңыз. Бұған дейін толып жатқан шаруаларыңызды ысырып, ендігі рухани баюға көп көңіл бөліңіз. Айтпақшы, теледидар мен әлеуметтік желілерден орынды-орынсыз нәрселерді көруге құмар адам болсаңыз, қазірден оған жұмсайтын уақытты азайтқаныңыз дұрыс.

Жаман әдеттеріңізден арылыңыз

Ғайбат айту, өсектеу, боқтық сөздерін айту оразаны бұзбаса да, сауабын кемітетіні жөнінде айтып кеткен едік. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ораза уақытында кім жалған сөйлеуін, сол жалғандықты амалға асыруын доғармайтын болса, ондай кісінің тамақ пен судан бас тартқаны Аллаға еш керегі жоқ»(Бұхари) дейді. Сонымен қатар, ораза уақытында жаман сөз айтпауға, даусын көтермеуге шақырады. Егер сені балағаттап, дау-дамайға шақырса «ораза» екеніңді жеткіз дейді. Яғни, ораза тек ас-ауқатты шетеу емес, тілді, ойды, көзді, құлақты таза ұстау болып табылады.

Тағы да ауыз бекітуші жандардың назарына:

Сәресіде күнімен сіздің организміңізді қоректендіретін тамақ жеуге тырысыңыз. Оразаның басты мәзірі – құрма екенін ұмытпаңыз. Ал ауыз ашатын уақытта ағзада көп тұрмайтын қуырылған тамақтан гөрі, сізге көбірек энергия беріп, күш-қуатыңызды арттырып, әлдендіретін көмірсутегі мен белогы бар және жеміс-жидек, көкөніс секілді пайдалы ас ішіп-жегеніңіз дұрыс. Оған қоса, арпа мен фасоль сияқты дақылдардан әзірленген тағам да сіздің ағзаңызға пайдалы болады. Күндізгі мезгілде күннің көзіне көп шыға бермей, шаруаларыңызды күн көзінен таса жерде жасауға тырысыңыз. Ораза уақытында адам ағзасы сусызданатындықтан, шөлдеп, қаталамаудың қамын ойластырғаныңыз дұрыс-ақ. Ауыз ашқан кезде сұйық көбірек ішкеніңіз абзал. Күнімен су мөлшері төмендеген организмді керегінше ылғалдандыру керек емес пе? Бір жағынан ертесіне де ауыз бекіту жеңіл болады. Дене жұмысын, физикалық жаттығуларды мейлінше азайтқан дұрыс. Айлардың сұлтаны Рамазан айында намазымызға көбірек көңіл бөлу керек, барынша ғибадат жасап, Аллаға құлшылық етуді ойлаңыз. Көптен бері Құранды қолға алмаған болсаңыз, осы ай дәл келіп тұр. Күніне ең болмағанда бір аяттан үйреніп отырсаңыз құба-құп. Сол сияқты ата-анаңмен, мұсылман бауырларыңмен байланыс жасап, хал сұрасқан дұрыс. Туған-туыстарыңа мейірбан болып, олармен көп сөйлеспейтін болсаң немесе ренжіскен болсаң осы айды пайдаланып, кешірім сұра. Әрине, ең бастысы садақа беруді ұмытпаған жөн.

Еске сала кетейік, биыл елімізде ораза 24 сәуірде басталады. Бұл туралы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеме жасады. Сол сияқты бас мүфти төтенше жағдайға байланысты тарауық намазы мешітте жамағатпен оқылмайтынын, мешітте, дәмханада, жалпы қоғамдық орында жиналып ауызашар өткізу уақытша тоқтатылатыны туралы айтқан болатын. 

(Суреттер pixabay.com сайтынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға