Жаңалықтар

Оралдағы «Қазақ халқына мың алғыс» монументі әр ұлт өкілдерінің достығының символына айналды

Оралдағы «Қазақ халқына мың алғыс» монументі әр ұлт өкілдерінің достығының символына айналды
31.05.2019 17:40 2618

31-мамыр халқымыз үшін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске түсіретін күн. Жыл сайынғы дәстүр бойынша Орал қаласында осы қаралы күнге орай шаралар ұйымдастырылды. «Қазақ халқына мың алғыс» монументі жанында да шара өткізіліп, репрессия құрбаны болған ұлттар мен ұлыстардың бүгінгі ұрпағы сұрапыл жылдарды еске алды.

Жиырмасыншы ғасырдағы саяси қуғын-сүргін миллиондаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына айналған тарихымыздың шерлі беттерінің бірі.

Әкімшілік-жазалаушы жүйе еңбектеген сәбиді де, еңкейген қария мен болмысы нәзік жандарды да ұлтына қарамастан аяған жоқ. Халық жауы деген желеумен абақтыға тоғытты, ату жазасына кесті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мұрындық болған бұл шара Орал қаласында да өткізіліп, өңірде тату-тәтті, туыстық ниетте өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың өкілдері қатысып, сөз сөйледі.

Сөз алған БҚО кәрістері этномәдени бірлестігі төрағасы Анатолий Ким осындай тәлімді шараның жас ұрпақ үшін ашық сабақ іспетті екендігін алға тартты.                                                 

Фотограф Халелова Рафхат (59).JPG

«Сталиннің кесірінен Қазақстан халықтардың түрмесіне айналды. Ашаршылықтан, қуғын-сүргіннен миллиондаған адам қаза болды. Орасан зор адам шығынына қарамастан, Қазақ халқы күштеп жер аударылған 60-қа жуық ұлттардың өкілдеріне шын жанашырлық танытты, соңғы нанымен бөлісті. Мойындауымыз керек, біз қазақ халқының арқасында ғана тірі қалып, осы бақытты күндерге жеттік. Ол ешбір дәлелді талап етпейтін ақиқат. Қазір қазақстандық әрбір мың кәрістің 80 пайызының жоғары білімі бар. Кәрістерге екінші Отан болған қазақ еліне шын жүректен шыққан алғысымызды білдіру үшін 2012 жылы осы монументті өз қаржымызға орнаттық», - деді ол.

Сұрапыл жылдарды еске алып, қолындағы құртты бөліп жеген қазақ халқына алғыстарын айтты. «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қойып, жазықсыз жазаланғандардың рухына тағзым етті. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға