Оралда үй ішінде есірткі зертханасын ұйымдастырған тұрғын ұсталды
Орал қаласында есірткі зертханасын үй ішінде жасаған тұрғынды полиция қызметкерлері қолға түсірді, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.
17 шілдеде БҚО ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері заңсыз есірткі өндірумен айналысқан 1983 жылғы оралдық тұрғынды ұстағанын мәлімдеді.
Санкцияланған тексеру жұмыстарын жүргізу барысында оның тұрғылықты жерінен арнайы фитодәрілік зертхана ретінде жабдықтаған жасырын бөлме табылды. Бөлменің қабырғалары пластик фольгамен қапталған, жарықтандыру өсімдіктерді өсіруге арналған жарықдиодты және жылу шамдарымен жабдықталған, сору жүйелері орнатылған, градустық аспаптары бар ауа дымқылдатқышы орнатылған, - деп жазылған ІІМ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Күдіктіден 127 түп құрамында есірткісі бар өсімдік пен оны өсіруге арналған түрлі тыңайтқыштар тәркіленіп отыр. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың жалпы салмағы 2,1 келі қарасора екендігі анықталды. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 300-бабы 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды.