Жаңалықтар

Оралда «Елбасы жолы. Астана» фильмінің тұсаукесер көрсетілімі өтті

Оралда «Елбасы жолы. Астана» фильмінің тұсаукесер көрсетілімі өтті
01.02.2019 06:09 2156

Орал қаласындағы Достық үйінде Бастыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ақсақалдар мен аналар кеңестерінің, «Жаңғыру жолы»  жастар қозғалысының мүшелері және «Достық» клубтары  өкілдерінің қатысуымен режиссер Ақан Сатаевтың «Елбасы жолы. Астана» фильмінің көрсетілімі өтті.

«Елбасы Жолы. Астана» фильміне Елордамыз – Астананың салыну тарихы арқау болды. Оқиға 1994 жылдың шілде айынан бастау алады. Кеңес Одағы құлағаннан кейін Қазақстанның тәуелсіз дара жолы басталды. Экономикалық дағдарыс пен саяси тұрақсыздыққа тап болған сол бір қиын-қыстау кезеңде Мемлекет басшысы астананы Алматыдан Ақмолаға көшіруді ұсынды. Бұл ұсыныс барша халық үшін күтпеген оқиға болды, мұндай шешімнің іске асатынына және оның жемісті болатынына ешкім сенбеді. Бірақ қауіп-қатер мен қарама-қайшылықтарға қарамастан, көпшіліктің күдіктеріне, күмәншілдердің сыны мен қаржылық қиындықтарға төтеп бере отырып, Президенттің басшылығымен еліміз межеленген мақсатты іске асырды. 1998 жылдың 10 маусымында жаңа елорда – Астана қаласының халықаралық тұсаукесері өтті. 

 

«Фильмде, өздеріңіз көргендей, еліміздің бас қаласын құрып, оны әлемге танытуда Елбасымыздың ерлігі орасан. Қандай қиындықтарға, қаржылық тапшылықтарға қарамастан, көрегенділікпен салынған Астананың өткен жылы 20 жылдығы аталып өтті. Осы фильм арқылы жас мемлекеттік қызметкерлер, тіпті, бәріміз де өнеге алуымыз керек. Еліміздің дамуы жолында Елбасымызды қолдап, адал еңбек етуге міндеттіміз», - деді БҚО ҚХА ғылыми сараптамалық тобының мүшесі Құрманғазы Қайыржанов.

Тұңғыш Президентіміз-Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында біз заманауи, ашық әрі демократия қағидаларына адал қоғам құра білдік. Бүгін назарларыңызға ұсынылып отырған «Елбасы жолы. Астана»  фильмі елорданың Алматыдан Ақмолаға көшірілген сәтін сипаттайды. Астана ұлтты ұйыстырып, қазақтың мәртебесін көтерген ордаға айналды. Елбасының тарихи шешімі дұрыс екенін уақыт дәлелдеп берді. Елбасының Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы қажырлы еңбегі мен игі бастамаларын ел біледі және құрметтейді», – деп атап өтті М.Өтемісов атындағы БҚМУ 1 курс студенті Екатерина Ларионова.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға