Жаңалықтар

Оралда 10 млн теңгенің вейпі тәркіленді

Оралда 10 млн теңгенің вейпі тәркіленді
Фото: pixabay.com 13.09.2024 15:56 487

Оралда мыңнан аса вейп және оған арналған 1300 сұйықтық тәркіленді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел-іздестіру тобы «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде Telegram мессенджері арқылы вейп және оларға арналған сұйықтықты таратумен айналысқан 25 жастағы Орал қаласының тұрғынын ұстады. Ол вейптерді курьер арқылы жеткізген. Вейп қоймасы қаладағы алкомаркеттердің бірінде табылған. Тексеру кезінде одан 1099 вейп және 1300 сұйықтық табылып, тәркіленді. Тәркіленген заттардың құны 10 млн теңгеден асады.

Сонымен қатар полицейлер сатуға тыйым салынған электронды темекіні сатумен айналысқан облыс орталығының екі тұрғынын ұстады. Жеке тінту кезінде 10 электронды темекі және 1 қорап шегілетін сұйықтық табылып, тәркіленді.

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Telegram арқылы сатуға тыйым салынған электронды темекілерді сатумен айналысқан такси жүргізушісін ұстады. Одан 8 электронды темекі тәркіленді. Жоғарыда аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.

Шегілмейтін темекі өнімдерін, вейптерді, хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сатуға, таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салу туралы Заң күшіне енген күннен бастап, БҚО полицейлері 1200 вейп пен 1500-ден астам сұйықтық тәркіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға