Жаңалықтар

Қорқыт ата туралы қандай еңбектер бар?

Қорқыт ата туралы қандай еңбектер бар?
25.06.2015 10:37 15167

Түрік халықтарына ортақ ойшыл, жырау, ақын, сазгер, түркі әлемінің фольклорында кеңінен тараған аңыздық тұлға Қорқыт ата туралы қандай еңбектер бар? Деректер «Қазақтың  этнографиялық  категориялар,  ұғымдар   мен  атауларының дәстүрлi жүйесi» атты энциклопедиядан алынды.

Қорқыт ата туралы қандай еңбектер бар?

Жазбаша түрде сақталған «Кітаб – и Дәдә Қорқұд лисан – и тайфе – и Оғұзан» ( Оғұз тайпасы тілінде жазылған Қорқыт ата Кітабы) нұсқалары исі түркі халықтарына ортақ мәдени ескерткіш. Бұл кітаптың екі түрлі нұсқасы бар: оның біріншісі (12 жыр), Дрезден қаласында (Германия); екіншісі (6 жыр) Ватикан кітап қоймаларында сақталуда. 12 жырдың құрылымы мынадай: 1) Бұқаш жыры, 2) Қазан-Салордың ауылын жау шапқаны, 3) Бәмсі-Байрақ (Алпамыс) жыры, 4) Қазан баласы Ораздың жауға тұтқын болуы, 5) Ержүрек Домрул батыр жыры, 6) Қан – Төрәлі жыры, 7) Иекенк (пешене) батыр жыры, 8) Имран жыры, 9) Төбекөз дәу мен Бисат жыры, 10) Секрек жыры, 11) Қазанның жауға екінші рет тұтқын болуы, 12) Сыртқы (қыр) оғыздардың ішкі (Сыр) оғыздарға (түркімендерге) қарсы бас көтеруі. «Кітаби Қорқытты» сөз еткенде, оның Қорқыт туралы қазақ халқының аңыздарынан айырмашылығы бар екенін атап өту керек. Қазақ аңыздарында Қорқыттың өзі туралы айтылса, «Кітаби Қорқытта» Қорқыт дастандардың тікелей кейіпкері емес, тек, айтушысы, Сыр бойындағы оғыз-қыпшақ заманындағы эпостық жырдың атасы ретінде бейнеленген. Дегенмен, «Кітаби Қорқыттың» тарихилығы, образдарының саралығы, баяндау желісі, салт-сана көрінісі жағынан қазақтың белгілі эпостарымен сабақтасып жатыр. Қорқыттың нақыл сөздерінде қазақ мақалдарына өте ұқсас көшпелі елдің салт-сана, табиғат және қоғамға деген көзқарасы көрініп тұр. Мысалы: «Қар қанша қалың жауғанмен көктемнен қалмас», «Ескі темір біз болмас, ескі дұшпан дос болмас», «Ақын тілді, ат тұяқты келеді», «Гүлденіп өскен бәйшешек күзге бармас», «Қонағы жоқ үйден түз жақсы», «Ұлдың кімнен туғанын ана білер», «Ажал келмей кісі өлмес, өлген адам тірілмес», «Өнерсіз қыз жаман, өнегесіз ұл жаман» және т.б.

Қорқыттың өмір сүйгіштік дүниетанымы күнделікті күйкі тірліктің шеңберінен шыға білуге және адамзат үшін (жалпы тірі табиғат үшін) әрбір тіршілік сәтінің құнды екенін ескертуге, қайталанбас уақытты қадірлеуге шақырады, сол арқылы өмірді мәңгілік ету идеясы оның философиясының іргетасын құрайды.

Қорқытты исламды әлі толық қабылдамаған түрік тайпаларының мәдени рәмізі ретіне санауға да болады. Бұған Қорқытты Құдай, әруақ, жындармен қарым-қатынасқа түсе алатын бақсылардың пірі деп танытатын деректер негіз бола алады. Әдетте ислам дінінде пайғамбар Алланың атынан бағыт беретін болса, Қорқыт өз атынан сөйлейді, жауапкершілікті өзіне алады. Алайда оғыз данасы күллі әлемнің жаратушысы Тәңірін де естен шығармайды. Қорқыт туралы шығармаларда оның бейнесінде тәңірлік, ислами, т.б. діни дүниетаным астасып, құндылықтары тоғысып жатады. Бірақ Қорқыт түрік халықтарының мәдениеті тарихында негізінен бақсылардың атасы ретінде қалды. Осы жөнінде ел аузында мынадай жолдар бар:

Жыраудың үлкен пірі Қорқыт ата,
Бата алған барлық бақсы асқан ата,
Таң қалып жұрттың бәрі тұрады екен,
Қобызбен Қорқыт ата күй тартқанда.

 

Әзірлеген: Досжан Мейірім.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға