Жаңалықтар

Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблі Анкарадағы фестивальде өнер көрсетті

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді
Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблі Анкарадағы фестивальде өнер көрсетті
Фото: gov.kz 02.09.2022 12:44 1138

Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблі Анкарадағы фестивальде өнер көрсетті, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы министрліктің ресми сайтында жарияланды.

Қазақстан Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің «Сарбаздар» фольклорлық-этнографиялық тобы Түркия республикасының астанасында ұлт-азаттық күрестегі Ұлы Жеңістің 100 жылдығына арналған музыкалық фестивальде өнер көрсетті. Қазақстандық делегацияны Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов басқарып барды. 

Түркияның Ұлттық қорғаныс министрі Хулуси Акар Түркия Республикасын Орталық Азия мен Кавказдың дос және бауырлас елдерімен тіл, тарих және өте бай мәдени мұра байланыстыратынын тілге тиек етті. Бұл қатынастар бүгінгі таңда да нығайып келеді. Ол өнердің ортақ мұра пен мәдени байлық ретінде маңызды екенін зор сеніммен атап өтті.

Фестивальге Әзербайжан, Қазақстан, Кипр, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның этно-фольклорлық ансамбльдері қатысты. Әр ұжым өз мәдениетінің ерекшелігін жан-жақты көрсетуге тырысты.

«Сарбаздар» тобы сахнада «Сарыарқа», «Балбырауын», «Шалқыма», «Ақжелең», «Қайран елім», «Адай» ұлттық туындыларын орындады. Әнші Асқар Нұрқият Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнін және басқаларын шырқады.

 – Түріктер біздің фестивальге арнайы дайындап әкелген музыкалық сәлемдемеміз –  осы елдің туындысы «Түрік әлемін» өте жылы қабылдады, – деді ұжымның көркемдік жетекшісі майор Дархан Рахымғалиев.

Әскери музыканттар қобыз, жетіген, қылқобыз, домбыра және басқа да ұлттық аспаптарда ойнады.

«Сарбаздар» ұжымы еліміздің Қарулы күштерінен басқа жерлерде де танымал екенін айта кеткен жөн. Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблі ұлттық мерекелер мен халықаралық фестивальдерге әрдайым қатысады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға