«Оқушыларым додаларда топ жарып жүр». Дене шынықтыру пәні мұғалімінің бір күні
Ұстаз деген ұлы есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, оларға тәлім-тәрбие беруде мұғалімдердің еңбегі орасан зор. Сондықтан олардың қоғамдағы орны мен мәртебесі әрқашан биік.
Бүгін біз Астанадағы Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейіне арнайы барып, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Айгерім Құрамысованың жұмысымен жақынырақ танысып қайттық. Кейіпкеріміздің бұл салаға деген қызығушылығы кішкентай кезінен басталған. Ол 5-сынып оқып жүрген кезде доппен ойнағанды қатты ұнатқанымен, оның қабілеті волейбол жарысына қатысу үшін жеткілікті деңгейде болмаған. Десе де ол алған бетінен қайтпай, дене шынықтыру мұғалімінің артынан қалмай жүріп, кешкі дайындық сабақтарына қатысатын.
3 жыл бойы қосымша дайындық кезеңіне барып жүрдім. Бір күні мені математика пәнінің мұғалімі Амантай Бейғазин байқап қалып «Сенің спортпен айналысуға жақсы қабілетің бар. Маған дайындық сабағына келіп отыр. Сені дайындап шығарамын» деді. Ол өзі математикадан сабақ бересе де дене шынықтыруға да жақын болатын. Қаншама баланы олимпиадаға дайындап шығарды. Осылайша Амантай ұстазым менің спорт саласына келуіме өз үлесін қосты, - деді Айгерім Түлеуқызы.
Дене шынықтыру мұғалімі өзінің ұстаздық жолын 2010 жылы Сужарған ауылындағы Қанапия Қайдосов атындағы орта мектептен бастаған. Одан кейін түрлі білім ордасында еңбек етіп, 2020 жылы елордадағы №54 мектеп-лицейіне келеді. Бүгінде Айгерім – 11 жылдық тәжірибесі бар маман, жанұясында асыл жар, аяулы ана. Уақытының басым бөлігін жұмысына арнаса да отбасылық өмірін қатар алып жүруге тырысады.
Айгерім Құрамысованың мектептегі жұмысы таңғы 08:00-де басталады.
Мұғалім білім ордасына жете салысымен дене шынықтыру сабағына келген 8 «Ғ» сынып оқушыларын күтіп алып, киім ауыстыратын жерге жіберді.
Спорт киімін киген оқушылар бірден спорт залға кіріп, сапқа тұрды.
Оқушылар алдымен денесін қыздырып, ұстаздың нұсқауымен түрлі жаттығуларды орындады. Біз де оқушыларға ілесіп, жаттығу жасап, бойымызға қан жүгірттік.
Сабақтың соңында оқушылар топ-топқа бөлініп баскетбол ойнады. Допқа таласқан балалар ойын барысында белсенділік танытты.
8-сынып оқушысы Қайрат Райымбек бүгінгі дене шынықтыру сабағы әдеттегідей қызықты өткенін айтады.
Айгерім апайдың сабағын барлық бала жақсы көреді. Себебі, бұл сабақта миымызға көп салмақ түспейді. Ойнап, секіріп сергіп қаламыз. Апайдың бізге сабақ беріп жүргеніне 1 жылға жуықтады. Ол әрдайым әр сабаққа бар ынтасын салып, оны ерекше етіп өткізіп тұруға тырысады. Бүгін де сабағымыз көңілді өтті. Алдымен денемізді шынықтырып алып, кейін сүйікті ойынымыз баскетболды ойнадық. Ұстазымызға айтар алғысымыз шексіз. Себебі оның арқасында біздің спортқа деген құштарлығымыз артып келеді, - деді Қайрат.
Сабақ соңында Айгерім Түлеуқызы оқушыларды тізім бойынша тексеріп алып, киім ауыстыруға жіберді.
Алайда сабақ біткенмен мұғалімнің жұмысы бітпейді екен. Кабинетіне барып, белгілі бір себептермен сабаққа қатыса алмаған оқушыларды Kundelik.kz қосымшасынан белгілеп шығу да мұғалімнің міндеті.
Дене шынықтыру пәні мұғалімі Айгерім Құрамысова I мен II ауысымдағы балаларға сабақ өткізеді. Аптаның тек 5 күнінде ғана емес, сенбі-жексенбі де мектепте келіп, түрлі спорт секциясына жазылған оқушылармен жұмыс істейді. Олар ара-тұра жарыстарға қатысып, жүлделі болып тұрады. Ұстаз бізді мектептегі наградалардың бір бөлігімен таныстырды.
Мына сөреде біздің соңғы 3 жыл бойы алған марапаттарымыз орналасқан. Жақында сәуір айының соңында Астанадағы №92 мектеп-лицейі волейболдан 6-7 сынып оқушылары арасында турнир өткізді. Сол жарыста мектебіміздің шәкірттері бірінші орынды алып, 30 000 теңге көлеміндегі сый-сияпатқа ие болды, - деді ұстаз.
Ұстаздың жұмыс уақыты кешкі 19:30-да аяқталады. Ол күні бойы балаларға сабақ өткізіп, бос уақытында жарысқа қатысатын балаларға дайындық жүргізеді.
Айгерім Құрамысова өзі таңдаған мамандығына, сүйікті ісіне адал. Ол еліміздегі жас ұрпақтың дені сау болып, үлкен жетістіктерге жетуіне үлесін қосқысы келеді. Сондықтанда мұғалім оқушыларды спортқа баулып, аянбай еңбек етуде.