Оқушылар арасындағы республикалық пікірсайыс турнирінің жеңімпаздары марапатталды
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқушылар арасындағы республикалық пікірсайыс турнирінің жеңімпаздарын марапаттады. Турнир Астана қаласындағы Оқушылар арасындағы республикалық пікірсайыс турнирі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ведомство мәліметінше, биыл бұл сайысқа қалалық және облыстық кезеңдерден жеңімпаз болып танылған 180 оқушы қатысты. Әр өңірден қазақ, ағылшын, орыс лигалары бойынша 9 адам жолдама алды. Турнир пікірсайыстың Дүниежүзілік мектеп форматы (WSDC) бойынша өткен. Қатысушылар іріктеу және қорытынды ойындарда бақ сынасты.
Министр Ғани Бейсембаев көшбасшылық қабілет пен сыни ойлауды қалыптастыруда пікірсайыстың алатын орны ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын дебаттық қозғалыстарға қызығушылық білдіретін балалардың саны да артып келеді. Биыл өңірлік кезеңге 81 мыңнан астам оқушы қатысты, бұл өткен жылғы қатысушылар санынан 30 мыңға артық.
Пікірсайыс – тек жарыс алаңы ғана емес, бұл өз ойын еркін білдірудің, пікір алмасудың тамаша құралы. Сіздер өз білімдеріңізді дәлелдеп қана қоймай, сондай-ақ командада жұмыс жасау, өзгелердің пікіріне құлақ қою, мәмілеге келу секілді өмірлік маңызды дағдыларды меңгердіңіздер. Сіздерді құттықтай отырып, осы алаңда алған тәжірибелеріңіз алдағы уақытта биік мақсатқа ұмтылуларыңыздың алғышарты болсын деп тілеймін, - деді еліміздің бас ұстазы.
Екі күнге созылған байқау нәтижесінде ІІІ орынға Ақтөбе, Қарағанды облыстары ие болды. ІІ орынды Алматы облысы, Шымкент және Алматы қалалары бөлісті. Ал І орынға Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды облысы лайық деп танылды.
«Үздік спикер» номинациясы: Алихан Айтбаев – Астана қ., Аяжан Олжагелді – Қарағанды облысы, Дана Айткалиева - Абай облысы.
«Үздік оратор» номинациясы: Жібек Мелс – Алматы қ., Софья Малышева – Павлодар облысы, Камшат Еркінбек – Жетісу облысы.
Айта кетсек, қазіргі уақытта елімізде 7684 пікірсайыс клубы жұмыс істейді, оның 6963-і мектеп клубтары болып табылады.