Оқу-ағарту министрлігі балалар үшін қауіпсіз интернет кеңістігін құруды ұсынды

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Оқу-ағарту министрлігі балалар үшін қауіпсіз интернет кеңістігін құру бастамасын көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, балалардың интернетті пайдалануында «ата-ана бақылауын» қолдану тәсілдері бойынша кең көлемді ақпараттық жұмыстар жүргізілуі қажет.
Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі тәрбие жұмысының тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстарын қолға алды. Тұжырымдаманың өзегі – ұлттық, адами құндылықтарға негізделген білім мен тәрбие беру.
Әрбір мектепте ата-ана міндеттерін іске асыруға, оларды жан-жақты психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуге бағытталған Ата-аналар академиясы құрылады, - деді вице-министр.
Осылайша ата-аналардың балаларды тәрбиелеу бағытындағы көзқарасының жауапкершілігін арттырып, позитивті ата-ана мәдениетін дамыту жоспарланған.
