Жаңалықтар

Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға үндеу жасады

Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға үндеу жасады
Фото: El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 19.07.2024 12:44 591

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан қазақстандық ата-аналарға үндеуі жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның сөзінше, жаз мезгілі басталғалы балалардың суға кетуі жиіліп кетті. Көптеген жағдайларда  балалар жабдықталмаған, суға шомылуға тиым салынған жерлерде қаза болып жатыр.

Судағы қауіпсіздіктің сақталмауының салдарынан жыл басынан бері 35 баладан айрылдық.  Балалардың құқықтарын қорғау комитеті перзенттеріміздің болашағы үшін үнемі сақтық шараларын ұмытпауларыңызды сұрайды. Атап айтқанда, балаларыңыздың су айдындарына жалғыз бармауларын қадағалаңыз, жағажайларда және су қоймаларында қараусыз қалдырмаңыз. Кәсіби құтқарушылар кезекшілік ететін арнайы жабдықталған және күзетілетін жағажайларда ғана бірге шомылыңыз. Су айдынында немесе бассейнде балалардың құтқару кеудешелерімен шомылуын, басқа да жүзу құралдарын пайдалануын қамтамасыз етіңіз. Балаларға бейтаныс жерлерде шомылудың, биіктен суға секірудің, тереңге бойлаудың және күшті ағыстардың өте қауіпті екендігін түсіндіріңіз. Бастысы балаңыздың бойында жүзу дағдыларын қалыптастырып, алғашқы жәрдем көрсету ережелерімен таныстырыңыз. Бұл дағдылардың балалардың  өз өмірлерін ғана емес, төтенше жағдай кезінде басқа жанның да өмірін сақтап қалуы әбден мүмкін.

Құрметті Ата-аналар! Кез-келген қайғының  алдын алуда Сіздің жауапкершілігіңіз, балалардың қауіпсіздігіне қамқорлығыңыз бен көңіл бөлуіңіз шешуші рөл атқарады. Әр баланың қауіпсіздігін бірлесе қамтамасыз етейік, - деді ол.

Айта кетейік, соңғы мәлімет бойынша биылдың өзінде 85 адам суға батып кеткен. Оның 35-і бала. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға