Жаңалықтар

Оқу-ағарту министрі жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады

Оқу-ағарту министрі жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады
Фото: primeminister.kz 01.09.2024 09:04 799

Еліміздің барлық өңірлерінде 3,9 млн бала мектепке барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Жаңа оқу жылының басталуымен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев құттықтады.

Қадірлі ұстаздар, ата-аналар және оқушылар! Бүгін 2024-2025 оқу жылының жаңа парағы ашылды. Еліміздің барлық өңірлерінде Білім күнін асыға күткен 3,9 млн бала сүйікті мектебімен, ұстаздарымен қайта қауышты. Мемлекет оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдайды жасауда. Бүгін 90 мыңға жуық оқушы су жаңа мектептерде оқу жылын бастайды. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынғандары да бар. Ал 200 мыңнан астам бала күрделі жөндеуден өтіп, қайта жабдықталған мектептерде білім алады, - деді министр.

1 қыркүйек – алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған балалар үшін ерекше мереке. Бірінші сыныпқа 352 мың бала қабылданды. Ал 11 сыныпқа өткен 219 мың оқушы мектептегі оқуын аяқтайды.

Қымбатты балалар, оқу жылы сіздерді жаңа жетістіктерге жетелеп шабыттандыратын қызықты, танымды әрі тағылымды болсын деп тілеймін! Дәл осы күні ұстаздардың өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі орасан еңбегін де атап өткім келеді. Ұлттың ағартушы ұлы тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұстаз - ұлт келбеті» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан ағартушылық миссиясын адал атқарып жүрген ұстаздардың еңбегі лайықты түрде жоғары бағалануы тиіс. Құрметті әріптестер, өз мамандықтарыңызға адалдықтарыңыз, ұрпақ ісіндегі жанкешті еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Сіздер балаларға білім беріп қана қоймай, оларға халқымыздың басты құндылықтарын сіңіріп келесіздер. Биылғы оқу жылы жоғары жетістіктер мен толағай табыстарға толы болсын, - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға