Жаңалықтар

Оқу-ағарту министрі Қызылордада болған оқушы өліміне қатысты мәселеге түсінік берді

Оқу-ағарту министрі Қызылордада болған оқушы өліміне қатысты мәселеге түсінік берді
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 21.05.2024 12:20 748

Үкімет отырысынан кейін баспасөз мәслихатында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев БАҚ көтерген оқушылар арасындағы әлімжеттік мәселесіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Күні кеше Қызылорда облысында екі жасөспірім 9-сынып оқушысын өлтірді деген ақпарат тараған болатын. Полиция департаменті бұл ақпаратты растап, күдіктілер қамауға алынғанын тілге тиек етті.  БАҚ өкілдері мұндай жағдай Жамбыл облысында, басқа да өңірде орын алғанын айтып,  оқушылар арасында қылмыстық кодексті түсіндіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын сұрады.

Туындаған мәселеге қатысты барлық өңірлердің әкімінің орынбасарларын жинап, шұғыл жиналыс өткіздім. Осы жерде біз ашық түрде барлық мәселені қарап, өңір әкімдіктеріне нақты тапсырмалар бердік. Оқу-ағарту министрлігі тарапынан былтыр тамыз айының соңында балалардың құқықтарын қорғауға қатысты кешенді бағдарлама Үкіметтің қаулысымен қабылданды. Біз әлемдік тәжірибелерді зерттеп, зерделей келе жаңа жүйе енгізіп жатырмыз, – деді министр.

Министр Қызылорда қаласында болған оқиғаға қатысты әкімнің орынбасарымен тікелей телефон арқылы байланысқа шығып, мән-жайды анықтағанын атап өтті.

Болған мәселеге қатысты қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны және жалпы аймақта нақты қандай шаралар қабылданатыны жөнінде жарты сағаттай әңгімелестік. Павлодар және Жамбыл өңірлеріндегі әкімдіктерде арнайы кешенді жоспар құру бағытында жұмыстар қолға алынып жатыр. Одан бөлек әкімдіктерге ескерту жасалды. Бұған дейін біз оқушыларға қатысты барлық өңірде психологиялық қызметтік орталық құру керек екенін тапсырған едік. Бүгінде оның әдістемелік құралдары әзірленіп, тиісті қызметкерлердің бәрі оқу-тренингтерден өтті, – деді Ғани Бейсембаев.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 18 мамырда Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты ауыл округтерінің бірінде болды. 9 және 11-сынып оқушылары төбелескені анықталған болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға