Оқу-ағарту министрі алғашқы әскери дайындық мұғалімдерін марапаттады
Отан қорғаушылар күні алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің 20 мұғалімі ведомстволық наградалармен марапатталды. Салтанатты шараға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Министр кездесуге қатысушыларды Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, оларға өскелең ұрпақты патриотизмге, еңбексүйгіштікке тәрбилеуге қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.
Бүгінде қазақстандық мектептерде 5 мыңға жуық алғашқы әскери және технологиялық дайындық педагогі қызмет етуде. Балалардың бойында рухани-адамгершілік құндылықтарды, қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыруда, әскери қызметке құрметпен қарауға, азаматтылыққа, патриотизмге тәрбиелеуде сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Сіздер мыңдаған жасөспірім үшін батылдық пен күш-қайраттың үлгісі болып табыласыздар. Еліміздің болашақ отан қорғаушыларын тәрбиелеудегі ерік-жігерлеріңіз бен еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін, - деді Ғани Бейсембаев.
Еліміздің бас ұстазы педагогтердің еңбегін елеп, оларға марапаттар тапсырды. Ұстаздарға "Ы.Алтынсарин" және "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгілері табысталды.