Жаңалықтар

Оқу-ағарту министрі 100 жасқа толған шымкенттік ұстазды мерейтойымен құттықтады

Оқу-ағарту министрі 100 жасқа толған шымкенттік ұстазды мерейтойымен құттықтады
Фото: Оқу-ағарту министрлігі 24.02.2024 23:21 732

Ағылшын және неміс тілдерінің мұғалімі Валентина Ивановна Розум таяуда мерейтойын атап өткен болатын. Оқу- ағарту министрі Ғани Бейсембаев ғасыр жасаған құрметті педагогты айтулы күнімен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Валентина Ивановна саналы ғұмырын ағартушылық қызметке арнап, Шымкент қаласындағы №8 және №20 жетекші гимназияларында еңбек етті. Қартайған шағына қарамастан ардагер ұстаз әлі күнге дейін өз кәсібіне адал, тіпті шөберелеріне тіл үйретеді.

Мен күн сайын білім беру саласындағы өзгерістерді бақылап отырамын. Біздің президент мұғалімдерді, әсіресе ауылдық мұғалімдерді қолдау үшін айтарлықтай шаралар қабылдауда. Бұл бізді қуантады. Өйткені, бәрі мұғалімге байланысты және бала барлық білімді мұғалімнен сіңіреді. Мұғалім - біздің қоғамды тәрбиелеудегі басты буын, - деп атап өтті педагог.

 Өз кезегінде министр құрметті ұстазға орасан зор еңбегі, адалдығы және бірнеше ұрпақты тәрбиелегені үшін алғысын білдірді.

Біз өзіңіздей ұстаздарды мақтан тұтамыз. Бүкіл педагогикалық қоғамдастық сіздерден үлгі алады. Сіз педагогикалық мамандықтың бейнесісіз. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін, - деді министр. 

Сондай-ақ, Ғани Бейсембаев педагогқа өткен жылы министрлік жанынан ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында педагогикалық еңбек ардагерлерінің кеңесі құрылғанын, еліміздің 20 өңірінде бөлімшелері ашылғанын айтты.

Біз көп жылдық тәжірибесі бар әріптестеріміздің кәсіби көмегіне сенеміз. Осы бағытта күш-жігерімізді біріктірсек, балаларымыз үшін барынша жағдай жасауға мүмкіндік туатынына сенімдімін, - деді министр.

Ал, Валентина Ивановна өскелең ұрпақты жанқиярлықпен жұмыс істеуге, өз елін сүюге және патриот болуға шақырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға