Жаңалықтар

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Ақмола облысының тұрғындарымен кездесті

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Ақмола облысының тұрғындарымен кездесті
Фото: Оқу-ағарту министрлігі 12.10.2024 16:11 560

Ақмола облысына іссапар барысында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жумадильдаева бірқатар білім беру ұйымдарына барып, азаматтарды жеке қабылдау өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іссапардың алғашқы нысандарының бірі – Көкшетау қаласының жоғары техникалық колледжі болды. Бұл оқу орнында 2300 студент білім алуда, қазіргі уақытта мұнда 300 орындық студенттік жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Колледжде 9 жұмыс бағыты бойынша құзырет орталықтары ашылып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оқу шеберханаларында 255 түрлі қызмет атауы бойынша өндірістік тапсырыстар орындалады: корпустық және жұмсақ жиһаз, ауыл шаруашылығы, машина жасау және құрылыс салаларына қажетті қосалқы бөлшектер дайындалады. Сонымен қатар, колледжде дуальды оқыту аясында Ақмола облысының 55 ірі кәсіпорнымен өзара тиімді ынтымақтастық жолға қойылған.

Красный Яр ауылындағы көпсалалы инновациялық колледжінде техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мәселелері жөніндегі директорлар корпусының қатысуымен кеңес өтті. Кеңесте Наталья Жумадильдаева мемлекет тарапынан қолға алынған шаралар туралы баяндап, «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы аясында басшыларды даярлау жұмыстарының маңыздылығын атап өтті. Айта кету керек, 85 жылдық тарихы бар колледжде 9 білім беру бағдарламасы және 17 біліктілік бойынша 500-ге жуық студент білім алуда. Бүгінгі таңда колледж 47 кәсіпорынмен, оның ішінде 18 аграрлық бағыттағы ұйымдармен ынтымақтастық орнатқан.

Бұдан кейін бірінші вице-министр Көкшетау қаласындағы «Аяла» балабақшасының жұмысымен танысты. Онда өңірдегі балабақша директорларымен кездесу өткізіліп, мектепке дейінгі білім беру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, «Болашақ сарайы» Балалар мен жасөспірімдер сарайында Наталья Жумадильдаева үйірмелердің жұмыс барысы және тәрбиеленушілердің жетістіктерімен танысты. Мұнда IT, робототехника және биотехнология бағыттарын қоса алғанда, 96 үйірме мен секция жұмыс істейді. Бұл үйірмелерге ғылыммен, біліммен және спортпен айналысып жүрген 3000-ға жуық бала қатысады.

Іссапар аясында Наталья Жумадильдаева ардагерлермен және педагогикалық қауымдастық өкілдерімен де кездесу өткізіп, білім беру жүйесін дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Дәстүр бойынша кездесудің соңында азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылды. Бірінші вице-министр мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру салаларына қатысты талқыланған мәселелер мен қойылған сұрақтарға жауап берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға