Жаңалықтар

Кенжеғали Мыржықбайдың балалық шағы

Опера әншісінің балалық шағына саяхат 
Кенжеғали Мыржықбайдың балалық шағы
03.04.2017 11:03 8577

Әр дүйсенбі сайын El.kz сайтының тілшісі Жарқынбек Жұмаділ елге еңбегі сіңген танымал тұлғалармен сұхбаттасып, олардың балалық шағына саяхат жасайды.

 Адамның бойындағы бұлжымас баянды нәрсе —

өзінің жан дүниесіне жас кезінде сіңірген нәрсесі.

 Ян Амос Коменский

Бүгінгі саяхат ҚР еңбек сіңірген әртісі, тенор дауысты опера әншісі, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбай ағамыздың балалық шағына арналады. Опера әншісіның балалық шағына саяхат үш бекеттен тұрады.

Алғашқы бекет «Балалықтың базары»

─ Балалық шағыңыз қай өңірде өтті?

─ Қайтып оралмайтын балалық дәуренім қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, қазақтың маңдайына біткен бір туар ұлы тұлғасының туған өлкесі ─ Абай ауданы Саржал ауылында өтті.

  Азан шақырып атыңызды кім қойды?

─ Мен әкемнің екінші әйелінен туғанмын. Негізі біздің қазақ мықты халық қой, кезінде бабаларымыз сексен, тоқсан жасында ұрпақты болып, есімін Тоқсанбай, Сексенбай деп қоя берген. Сол сияқты мен дүниеге келгенде әкеміз алпыс жаста, шешеміз қырық жаста екен. Бірақ менің атым Алпысбай болған жоқ. Әкеміз жарықтық: «Шешелерің енді бала көтермеуі мүмкін, сондықтан атын Кенжеғали қояйық» деген екен. Сарауыз балапандай енді-енді қанатым қатайып есейе бастағаным да, анамнан жастай жетім қалдым. Шешем мен үшінші сынып оқып жүргенде өмірден озды. Ал, әкем болса бізді өсіріді, жеткізді мен Ленинградта үшінші курс оқып жүргенде қайтыс болды.

  Бала кезіңізде «Дегелең» тауында жарылыс жиі болатын бе еді?

─ Әрине, біздің ауылдың жанындағы Дегелең тауы жап-жасыл болып мұнартып тұратын. Осынау қасиетті өлкеде бізден жиырма шақырым жерде, қазақтың қасыреті болған полигон орналасқан еді. Күні бүгінге дейін көз алдымда қалғаны, ауылдың балалары қой кезекке шығамыз. Қой қайырып жүргенде немесе балалар жиналып демалып отырғанда алыстан бірдеңе дүңк ете қалады. Қой қасқыр тигендей дүр етіп үрке жөнеледі. Біз қаптап жүріп қайта қайрып аламыз. Дауыс шыққан жақтан саңырау құлақ сияқты дүине көтеріліп келіп, жан-жаққа шашырап тұман болып тарай бастайды. Бізге бір дөңнің астында ғана атылғандай болып көрінетін. Ол кезде бізде ес барма, жарлыс болған жаққа қарай екі-үш бала бір атқа мінгесіп қызық көруге барамыз. Атом шыққан жерлерде мөп- мөлдір көл пайда болған. Ауыл адамдары оны «атқан көл»деп атап кеткен. Сол көлдің маңындағы тасын, темірін ұстаймыз. Ол заманда бізге «бармаңдар ол жерге радиация бар» деп үкімет адамдарының біреуі ескертпеді. Соның салдарынан қойдың жүні түсіп, неше түрлі ауру жабысты. Халықтың өміріне қаншама қасірет әкелгенін мен айтпай-ақ білесіңдер. Ең өкініштісі ол уақытта халықтың басына келген нәубет осы өңірде болып жатқан жарылыстардан екенін қарапайым ауыл адамдары сезбеген еді.

─ Сіздің бала кезіңіздегі ауыл өмірі қандай еді?

─ Ең әуелі, ол кездегі ауылдың адамдары өте адал болды. Өзінде жоқ болса да, бір-біріне қайырымдылықтары, адамшылықтары басым еді. Біз сияқты балалар, кішкентайымыздан еңбектің қайнаған ортасында жүрдік. Жаз болса, шөп шауып, қой шетіне шығу. Қыс болса, қораның қиын ойып, жылқы қайыру деген сияқты. Әлі есімде бір топ бала жиылып, қой қырқудан жарыс өткізетінбіз. Сонда алдымыз жүз елуге дейін қой қырқатын едік. Еңбектен басқа ермегіміз жоқ. Қазіргідей шұқылап отыратын телефон, теледидар сияқты тұрмыстық техника деген болмайды.  Ауыл ортасында жаңалықтың жаршысындай болып, жалғыз радио саңқылдап тұрады. Дүниенің төрт бұрышынан толық хабар алмасақ та, өзіміздің ақын-жазушы, әнші-күйшілерін, небір спорт саңылақтарын сол радиодан тыңдап өстік. Бүгінгідей бәсеке заманы емес, ауыздан май ағатындай молшылық болмаса да, адамдардың ұяты орнында, заманның таза кезі еді.

Екінші бекет «Ана мектеп»

─ Ән айтуды мектеп қабырғасынан бастадыңыз ба?

─ Жастайымнан спортқа, өнерге деген әуестігім ерекше болды. Жеті-сегіз жасымда-ақ, тыңқылдатып домбыра шерте бастадым. Есімде қалғаны, бесінші сынып оқып жүргенде алғаш жұрт алдына шығып ән салдым. Сәкеннің «тау ішінде» әнін радиодан тыңдап жаттап алған едім, соны домбырамен орындап шықтым. 

«Ей, сүмбіл шаш,

Қара көзің тәтті сөзің,

Білгейсің келгенімді жалғыз өзің...» қарап отырсаңыз, баланың айтатын әніне келмейді. Сондықтан да бір апайларымыз жақтырмаған болуы керек, үй тапсырмасын орындамай келген күні басымнан нұқып: «қарашы кіп-кішкентай болып, Сәкеннің «тау ішінде» әнін айтады...» деп, сыбағаны бар. (Күлді)

─ Сізді оқушы кезінде шабондоз болған дейді, сол рас па?

─  Иа. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Жасымнан жылқы десе менің жаным, атырдым ат үстінде өмір таңын» деген екен. Расында, ол замандарда қазақтың қай баласы болмасын жылқыға үйір болды. Менде ат құмар болып өстім. Сен айтпақшы, мықты шабандоз болдым десем де болады. Бесінші сыныптан бастап атқа шаптым. Біздің ауылда екі кісінің Қабыкен кері, Нүкең кері деген екі кері аты болды. Екуі де, бәйгенің алдын бермейтін. Ауыл, аудан, облыста өткен аламан бәйгелер де, екі жүйірікке кезек мініп жүрдім. Қасиетіңнен айналайын! Екеуі де, басқа аттарды шаң қаптырып, дара озып келетін. Әлі есімде, біз қойшы, сыйыршы, жылқышылардың балалары бірыңғай мектеп -интернатта оқитын едік. Солар бәйге басталған кезде менің тілеуімді тілеп, тақымдарын қысып отыратын. Олардың алдында ұятқа қалмау үшін менде барымды салам. Тұлпарым да мені түсінгендей әр қимылымды қалт жібермейтін. Бәйгені алғаш жібергенде сасқалақтамай тізгінді тежеп ұстаймын да, соңғы шеңбер қалғанда қамшының сабына байлап берген марлы мен жануардың көзін сүртемін. Содан кейін қамшыны көзіне көрсетіп «шаппасаң мынамен ұрамын» дегендей сыңай танытамын. Жүйірікте бірден түсіне қояды да, алдындағы аттарды бір-бірлеп басып өтіп, мәреге бірінші келеді. Бүкіл бала-шаға менің артымда, екі езуім екі құлағыма жетіп, халықтың алдынан арлы-берлі өтемін. Заман-ай десейші! Жүрегім атша тулап, менен бақытты адам жоқтай сезілетін. Ол уақыттың жүлдесі, бірінші келген атқа кілем жауып, жирма сом ақша береді. Ат бегі ақсақал «биссімілла» деп бір сомды ырымдап өз қалтасына салады да, он тоғыз сомын маған береді. Менде сараңдық танытпай, жаңағы қолпаштап жүрген достарымма дүкеннен  конфеттер мен прандіктерді жеткенінше алып беремін. Мәз болған балалар улап-шулап бір топ шеңгелдің түбіне барып, менің жүлдемді тойлаймыз. Ол кездегі конфеттердің дәміне аузыңның суы құритын. Соны құшырлана жеп отырып, бірінші айналымда не істедім, екінші де қалай қылдым бәрін мақтанышпен әңгімелеп беремін.

─ Ән қуып, ат мініп жүргенде сабақ үлгеріміңіз қалай болды?

─ Шынымды айтайын, мектепті кереметтей оқыған жоқпын. Елден қалмай, жұрттан озбай жүріп бітірдік. Бірақ әдебиетте, ән-күйде, спортта өзім тектестердің алды болдым. Маған мүлдем ұнамайтыны математика сабағы еді. Сенесің бе? Күні бүгінге дейін кей кездері түсімде есеп шығара алмай жүремін. (Күлді) Жетінші сыныптан сегізінші сыныпқа көшетін жылы қорытынды емтихан тапсырдық. Гүлзада деген мұғалім болды. Сол апай емтиханда есеп шығара алмай отыр едім, қасыма келіп, сыбырлап, бәрін айтып берді.Ол кісінің көмегі болмаса, мен жетінші сыныпта қалып, жаз бойы оқитын едім. Кейіннен: «неге маған жауаптарын айтып бердіңіз?» деп сұрадым. Гүлзада апай маған қарап күлді де, «сен басқа балаларға қарағанда әлде қайда талантты болдың ғой», - деді...

Соңғы бекет «Бала ғашық»

─ Өзі әнші, өзі мықты шабондоз, спортқа да икемді бозбаланың ғашықтық тарихы қашан басталды?

─ Әрине, біреуді ұнату, жақсы көріп қалу барлық балалардың басынан өтетін жағдай. Біз де бала болдық, өзіміз тетелес қыздарға көз қадаған кездеріміз де болған. Жасырмай-ақ қояйын, есім кетіп ғашық болғаным, Семейге келген кезімде басталды. Қаланың оқыған, ибалы аруын ұнатып, сыртынан бір жыл аңдып, сөз айта алмай қиналғаным есімде. Ол қайда тұрады, қандай шаңырақтың қызы – бәрін ізіне түсу арқылы білдім. Бір жыл жүріс-тұрысын сыртынан бақылап жүріп, ақыры таныстым. Жүрегімнің қалауын оған сездіргеннен кейін, ол да көп күттірмей қарсы емес екендігін айтты. Содан кейін екеуміз бақандай алты жыл жүріп, бас құрадық. Аллаға шүкір! Қазір бір ұл, бір қызым бар, төрт немерем бар, бақытты отбасы болып тұрып жатырмыз. Бүгінгі күннің кей жастары телефонмен танысады. Бір-біріне суреттерін жіберісіп, жансыз бейнені ұнатады-дағы, екі-үш ай болмай жатып үйленеді. Жастар өзара толық түсініспегендіктен, айналасы бір жылға жетпей ажырасады. Бұл – қорқынышты жағдай. Жастарға айтарым, өміріңнің соңына дейін бірге болып, өз қолымен аттандыратын адал жарыңды жауапкершілікпен таңдау керек.

─ Сұхбатыңызға рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға