Жаңалықтар

Оңтүстік аймақтарда су тапшылығы қатты сезіліп жатыр

Оңтүстік аймақтарда су тапшылығы қатты сезіліп жатыр
Фото: primeminister.kz 04.07.2023 11:19 1015

Соңғы жылдары суармалы егіншілігі дамыған еліміздің оңтүстік аймақтарында су тапшылығы қатты сезілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің сөзінше, 2022-2023 жылдардың вегетацияаралық және вегетациялық кезеңдеріндегі жұмыс жоспары бекітіліп, оның шеңберінде қазіргі уақытта бірқатар бағытты қамтитын сыртқы және ішкі шаралар іске асырылып жатыр.

Бірінші - фермерлерді суармалы сумен және жоғары ағыста орналасқан су қоймалардан қосымша су жіберуді қамтамасыз ету бойынша іргелес мемлекеттермен жұмыс істеу, екінші - гидротехникалық құрылыстардағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары, үшінші - суару жүйесінің магистралдық және шаруашылықаралық каналдарын тазалау және төртінші - су үнемдеу технологияларын енгізу, – деді ол.

Сондай-ақ министр бірінші бағыт бойынша 10 мамырда Душанбе қаласында мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы қомиссиясының 84-отырысы шеңберінде Нарын-Сырдария су қоймалары каскады жұмысының болжамды режимі келісіліп, соған сәйкес Шардара су қоймасына вегетациялық кезеңде келетін су 4,2 миллиард м3 құрауы тиіс екенін айтты. Ал «Достық» каналы бойынша 920 миллион м3 көлемінде су беру жоспарланған.

Қазіргі уақытта жоспарланған су жіберу кестесі толық көлемде орындалмауда, осыған байланысты министрлік бекітілген кестеге сәйкес келетін суды қамтамасыз ету бойынша контр-серіктестермен жұмыс жүргізуде, – деді экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға