Жаңалықтар

«Онлайн-платфмормалар және онлайн-жарнама» туралы заңға қол қойылды: министр мән-жайды түсіндірді

«Онлайн-платфмормалар және онлайн-жарнама» туралы заңға қол қойылды: министр мән-жайды түсіндірді
Фото: facebook.com/darhan.hidirali 10.07.2023 20:40 836

Бүгін Мемлекет басшысы «Онлайн-платфмормалар және онлайн-жарнама» туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желілер негізгі ақпарат көзі мен қоғамдық-саяси бағытты қалыптастыратын платформаға айналғаны анық. Тіпті әлемде әлеуметтік желі арқылы жаңалықпен танысу да күрт артқан. Осы орайда ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Президент қабылдаған заңның маңызын түсіндірді.

«Қоғам тынысының барометрі» атанған масс-медиа саласы қарқынды дамыған тұста ақпараттық технологиялар әсерімен әлем күрт өзгеріске ұшырады, коммуникацияның ландшафты да терең трансформацияға түсті. Мәселен, күні кеше ғана Reuters Institute жариялаған биылғы «Дижитал жаңалықтар есебі» бойынша, әлемде әлеуметтік желі арқылы жаңалықпен танысу 30 пайызға ұлғайған.

Бұл орайда медиа қауымдастық және қоғамның пікіріне құлақ түріп, әлемдік тенденцияларды мұқият зерделеп, масс медиа туралы заңнама мен онлайн платформаларға арналған ережелерді бөлек қарастыруды жөн санадық, - делінген ведомство басшысының жазбасында.

Оқи отырыңыз:

Дархан Қыдырәлінің сөзіне қарағанда, заңның қабылдануы Қазақстан Республикасындағы онлайн-платформалардың қызметі үшін құқықтық негіздер қалыптастырады, онлайн платформалар және онлайн жарнама саласындағы реттеудің нормативтік негізін консептуалдық тұрғыдан өзектендіруге мүмкіндік береді.

Еуропалық одақ қабылдаған Digital Services Act немесе цифрлық қызметтер туралы заңның баламасы іспетті бұл заң әлемдік әлеуметтік желілердің интерфейсін қазақшалау, инфлюенсерлердің жарнамасын таңбалау, заңсыз контентті неғұрлым тиімді модерациялау мәселелерін де реттейді, - дейді ол.

Министрдің айтуынша, заң аясында көлеңкелі экономика үрдісін азайту және онлайн алаяқтықпен күресу бойынша қажетті шаралар қабылданады. Яғни офлайн өмірдегі жауапкершілік онлайн әлемде міндеттеледі.

Жалпы қабылданған заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын толыққанды іске асыру үшін онлайн платформалармен тиімді ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл орнатуға мүмкіндік береді. Бұл ретте қазірдің өзінде әлемге әйгілі әлеуметтік желілер мен онлайн платформалар әріптестік орнатуға ықыласты екендіктерін танытып, кейбірі өкілдерін тағайындады, - деді министр.

Сөз соңында ведомство басшысы заңға бастамашы болған депутаттарға, жалпы Мәжіліс және Сенат депутаттарына, жұмыс тобының мүшелеріне, ұсыныс айтқан, қолдау білдірген барша белсенді азаматқа алғыс айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға