Онлайн оқу: Қазақстанда әйелдер алда келеді

Статистикаға сәйкес, Skills Enbek кәсіби онлайн оқыту платформасында пайдаланушылардың 60%-дан астамы әйелдер. Бұл ретте олар кем дегенде бір курсты аяқтап, шамамен 81% сертификат алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәселен, 1 наурыздағы жағдай бойынша порталда 527,5 мың пайдаланушы тіркелген, оның 433,4 мыңы оқуын аяқтаған. Сәйкесінше тіркелендер арасында әйелдердің үлесі 62%-ды құраса, оқытудан өткендердің 61% нәзік жандылар.
ҚР ЕХӘҚМ мәліметінше, оқуын аяқтаған әйелдердің ең көп саны Түркістан, Қызылорда, Алматы, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының тұрғындары.
Білім алушы әйелдердің орташа жасы – 38 жас, ең кішісі – 14 жас, ал ең үлкені – 78 жаста. Сонымен қатар 140 және 182 курсты меңгерген әйелдер де бар.
Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтары бойынша курстарға әйелдер көптеп жазылуда. Әйелдер оқитын ерекше курстардың ішінде «Автомобиль көлігімен тасымалдауды ұйымдастыру», «Жылу желілерінің жабдықтары, құбырлары мен арматураларына қызмет көрсету және жөндеу», «Дәнекерлеу өндірісінің негіздері», «Электр жабдықтарына қызмет көрсету және жөндеу бойынша электр слесарлық жұмыстар», «Қазандық агрегаттарына қызмет көрсету және жөндеу» бар.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары әйелдерге курстарды таңдау бойынша ұсыныстар берді. Олардың айтуынша, кәсіпкерлік, IT-сала, маркетинг, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік қызмет сияқты танымал бағыттарға назар аудару қажет.
Естеріңізге сала кетейік, Skills Enbek платформасы жынысына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан барлығына сапалы білім алуға мүмкіндік бере отырып, Қазақстандағы онлайн-оқыту саласын жақсартуға арналған. Платформада азаматтарға жаңа білім алуға және біліктілігін арттыруға көмектесетін түрлі бағыттар бойынша 859 курс ұсынылған. Курсты дербес компьютерлер арқылы да, Enbek мобильді қосымшасында смартфон арқылы да оқуға болады.
