Өңірлерде туризм басқармалары құрылады

Үкімет отырысында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жеке туризм басқармаларын құру мәселесін қарастыру қажеттігін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің сөзінше, туристік дестинацияларда инфрақұрылым құрылысын қаржыландыруға бағытталған жеке бюджеттік бағдарлама әзірленбек.
Бұл ретте өңірлерде туризмді дамытуға басымдық беру үшін жаңа құзыретпен қатар жеке туризм басқармаларын құру мәселесін қарастыру қажет. Қазір тек бес өңірде жеке басқарма бар, тағы екі өңірмен пысықталуда. Фермерлерге өз учаскелерінде агротуризммен айналысу құқығын беру. Қазіргі таңда елімізде 200 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Бұл шара ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын құруға, ауылдық аумақтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді, – деді туризм және спорт министрі.
Бұдан өзге министр туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін ұлттық парктерде жерді жалға беру мерзімін 49 жылға дейін ұлғайту бойынша заңнамалық жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
Бұл экотуризмді дамыту үшін инвестиция тартуға және инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді, – деді Мырзабосынов.
