Өңірлерде сайлауалды штабтар құрылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Халық партиясының ресми сайтына сілтеме жасап.
«Саяси партиялар туралы» Заңға сәйкес, Халық партиясының еліміз бойынша барлық өңірлерінде филиалдары бар. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындардың тұрмысы мен ондағы түйткілді мәселелерді оңтайлы шешуге ықпал етеді. Осы орайда Қазақстан Халық партиясы облыстық, қалалық филиалдары жанынан сайлауалды штабтар жасақталды.
– Біздің филиалдарымыз – қос қанатымыз іспеті. Социализм идеяларын бағыт еткен партиямыз үшін әрбір тұрғынның талап-тілегі мен өтініші маңызды. Осы орайда өңірлердегі әріптестеріміз орталықты ең өзекті және жедел ақпаратпен уақытылы қамтамасыз етеді, – дейді ҚХП Орталық аппаратының қызметкері, сайлауалды штабтың өкілі Анар Дүкенбаева.
Ал сайлау науқаны кезінде филиалдарға сайлаушылармен кездесулерді ұйымдастыру және облыстарда үгіт-насихат жұмыстарын тыңғылықты жүргізу міндеті жүктеледі.
Өңірлік сайлауалды штабтарды ҚХП филиалдарының төрағалары басқарады. Ал олардың құрамына белсенді партия мүшелері, аймақтардағы қоғам көшбасшылары мен тәжірибелі қызметкерлер енді.