Жаңалықтар

Өңірлер дамымай, ел экономикасы өркендемейді – Ерболат Саурықов

Өңірлер дамымай, ел экономикасы өркендемейді – Ерболат Саурықов
Фото: Жеке мұрағаттан 15.04.2025 14:15 332

Қазақстан қоғамы үлкен өзгерістердің алдында тұр. Әлеуметтік саясат, ауыл мәселесі, білім мен мәдениет, жастар болашағы – бәрі өзектілігін жойған жоқ. Елімізді дамудың жаңа сатысына шығару үшін нақты шешімдер мен батыл қадамдар қажет. Осы тұрғыда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов – өзінің өмірлік тәжірибесі, білім саласындағы ұзақ жылдық қызметі және ауыл өмірінен хабары бар азамат ретінде қоғамның өзекті мәселелерін іштен сезінетін халық қалаулыларының бірі. Біз Ерболат мырзамен жақында өткен Ұлттық құрылтайдың мән-маңызы, елдегі реформалар және болашақ ұрпақтың рухани іргетасы туралы кеңінен әңгімелестік.

«Биылғы құрылтайда сөзден іске бетбұрыс байқалды»

El.kz: Ерболат мырза, Ұлттық құрылтай биыл өзінің үшінші отырысын өткізді. Қоғам бұл алаңнан не күтеді? Өзіңіз қандай әсер алдыңыз?

Ерболат Саурықов: Рас айтасыз, қоғамда құрылтай тек пікірталас немесе жиналыс ретінде қабылданатын түсінік бар. Бірақ биылғы отырыс бұл ойдың біржақты екенін көрсетті. Бұған дейінгі құрылтайлар көбінесе мәдениет, тарих, тіл мәселелеріне басымдық берсе, биыл әлеуметтік-экономикалық бағыттар ерекше назарға ілікті. Бұл құрылтайдың саяси салмағы өсті десек артық емес.

Бірінші күні өңірлік мәселелер ашық талқыланды. Министрлер, сарапшылар және түрлі саланың өкілдері нақты түйткілдерді ортаға салып, жүйелі пікірталас жүргізді. Екінші күні Мемлекет басшысының қатысуымен өткен негізгі отырыста көтерілген мәселелердің ауқымы кең болды: салық саясаты, орта және шағын бизнесті қолдау, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, жастар тәрбиесі сынды тақырыптар нақты мысалдармен айтылды.

Биылғы құрылтай маған «сөзден іске көшу» кезеңінің басы секілді көрінді. Мемлекет дамуына қатысы бар әрбір азаматтың өз позициясын білдіруі, жауапкершілікті бөлісуі – бұл демократиялық қоғамның белгісі.

«Салық жүйесі – мемлекеттің экономикалық арқауы»

El.kz: Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда салық реформасының маңыздылығына тоқталды. Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен фермерлер үшін салық саясаты қандай өзгерістерді қажет етеді? Олардың жағдайын жақсарту үшін қандай нақты қадамдар жасалуы керек?

Ерболат Саурықов: Салық жүйесі – мемлекеттің экономикалық арқауы. Бірақ біз ұзақ жылдар бойы бұл жүйені бірізді, стандартты ұстаныммен жүргізіп келдік. Яғни, шағын шаруа қожалығы мен алып корпорация бірдей салық салмағын көтеруге мәжбүр болды. Бұл – әділетсіздік. Сондықтан қазір салық кодексіне енгізіліп жатқан өзгерістер осы теңсіздікті түзетуге бағытталып отыр.

Мәселен, ауыл шаруашылығы саласындағы фермерлерге бірдей салық мөлшерлемесін қолдану оларға кері әсерін тигізіп келді. Енді бұл жүйе икемделіп, бизнестің көлеміне, бағытына, өңірлік ерекшеліктеріне қарай сараланады. Бұл – фискалды әділеттіліктің негізі. Сонымен қатар, көлеңкелі экономиканы қысқарту, бюджетке түсетін салық түсімдерін ұлғайту, кәсіпкерлерді заңда жұмыс істеуге ынталандыру – басты мақсатымыз.

Бүгіннің өзінде Мәжіліс қабырғасында үш бірдей кодекске және оннан астам заң жобасына нақты өзгерістер ұсынылып отыр. Бұл реформалар ауылдағы шаруаның еңсесін тіктеуге, адал еңбекке деген сенімді арттыруға ықпал етеді.

«Өңірлер дамымай, ел экономикасы өркендемейді»

El.kz: Президент өз сөзінде «Қуатты аймақтар – қуатты ел» қағидасын ерекше атап өтті. Сіздің ойыңызша, өңірлердің әлеуетін арттыру үшін қандай инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар қажет? Бұл бағытта қандай бастамаларды қолға алу керек?

Ерболат Саурықов:  Бұл қағида – бүгінгі күннің басты шындығы. Ел дамуы бір-екі ірі қалаға емес, тұтас өңірлердің серпініне байланысты. Қазір ауыл мен аудан орталықтарына шетелдік тұрмақ, отандық инвестор да баруға ынталы емес. Себебі инфрақұрылым әлсіз, логистика жолға қойылмаған, адами капитал тұрақсыз.

Ал мұндай жағдайда дамуға жол жоқ. Сондықтан ең алдымен жол, су, интернет, инженерлік желілер сынды базалық инфрақұрылым толық қамтылуы керек. Біз тек мемлекеттік қаражатқа ғана сүйенбей, жекеменшік әріптестік механизмдерін дамытқанымыз жөн. Осы арқылы елдің шалғай ауылдарын да экономикалық айналымға енгізуге болады. Өңірлер дамымай, ел экономикасы өркендемейді. Бұл – ақиқат.

El.kz: Қазақстанда агроөнеркәсіп саласын дамыту үшін қандай жүйелі реформалар қажет? Әсіресе, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, заманауи технологияларды енгізу және фермерлерді қолдау бағытында қандай ұсыныстар бар?

Ерболат Саурықов: Агроөнеркәсіп – қай мемлекетте болмасын, дотациялық сала саналады. Бірақ ол тек қаржылай қолдау ғана емес, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі тірек. Сондықтан да бұл сала біз үшін стратегиялық маңызға ие. Қазақстан – аграрлық ел. Сондықтан тек ішкі нарықты қамтамасыз ету жеткіліксіз. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқа да шығарып, экспорттық әлеуетімізді арттыруымыз қажет. Алайда шикізат күйінде емес, оны терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім ретінде сата білуіміз керек. Міне, дәл осы жерде қайта өңдеу саласын дамыту – басым бағыттардың бірі болуы тиіс.

Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану – бұл да еліміздің басты мәселелерінің бірі. Былтыр жайылым мәселесіне қатысты заң қабылданған болатын. Бұл заң – алғашқы қадам ғана. Менің бастамаммен, «Ауыл» партиясының ұсынысын ескере отырып, «Жер ресурстарын тиімді пайдалану және мемлекеттік бақылауды күшейту туралы» авторлық заң жобасы әзірленіп, қазіргі таңда сараптамадан өтіп жатыр. Үкіметтің қаулысы шыққаннан кейін ол Мәжіліске енгізіледі. Бұл заң жобасының мақсаты – елдегі бос жатқан немесе тиімсіз пайдаланылып жатқан жерлерді нақты бақылауға алып, олардың айналымға қосылуын қамтамасыз ету.

Өкінішке қарай, қазір бұл бағытта шешімін таппаған мәселе көп. Әсіресе шалғай өңірлер мен ауылдық аудандарда жерді пайдалануда жүйесіздік кездеседі. Қоғамдық жайылым жетіспеушілігі, шаруа қожалықтары мен жекеменшік иелерінің арасындағы шекаралық даулар, жердің және топырақтың құнарлылығы, суармалы жерлердің игерілу деңгейі – барлығы бір-бірімен тығыз байланысты, әрі тұнып тұрған проблема. Мұндай күрделі салаға бір ғана заңмен шектеу жеткіліксіз. Сондықтан бізге жер реформасына қатысты бірнеше бағытта кешенді заңдар қажет. Мәжіліс қабырғасында бұл мәселе жан-жақты талқылануы тиіс.

Ал енді ауыл шаруашылығы саласына заманауи технологияларды енгізу – бұл сөзсіз қажеттілік. Осыған байланысты мен жуырда премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге және Ауыл шаруашылығы министріне ресми сауал жолдадым. Сауалымның негізі – ауыл шаруашылығы техникасының жаңару деңгейі.

Президент 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі ауыл шаруашылығы техникаларының 70-80 пайызы ескіргенін, оны жыл сайын 8-10 пайызға жаңарту қажеттігін ашық айтты. Бұл – стратегиялық маңызы бар тапсырма. Алайда министрлік берген ресми жауап бойынша, қазір жаңарту қарқыны тек 4-5 пайызды құрап отыр. Яғни Президенттің тапсырмасы жартылай ғана орындалуда. Бұл – алаңдататын жағдай.

Мәселенің түп-тамыры неде? Біріншіден – қаржы тапшылығы. Екіншіден – отандық және шетелдік ауыл шаруашылығы техникаларының бағасының тым қымбаттығы. Үшіншіден – техникаларды сатып алу кезінде фермерлер қосымша құн салығы мен кедендік алым-салымдарды төлеуге мәжбүр. Бұл жағдай ауыл еңбеккерлерінің техникаға қол жеткізуін айтарлықтай тежеп отыр.

Осы проблемаларды шешу үшін қазір мемлекет тарапынан жаңа бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл бағдарлама аясында отандық фермерлерге ауыл шаруашылығы техникаларын жеңілдетілген бағамен жеткізу қарастырылуда. Сонымен қатар, шет елден келетін техникаларға қатысты қосымша құн салығын алып тастау мәселесі де күн тәртібінде тұр.

Егер осы бастамалар жүйелі түрде іске асса, алдағы уақытта шаруаларымыз заманауи, сапалы техникаларға қол жеткізетін болады. Бұл өз кезегінде өнімділікті арттырып, ауыл шаруашылығы саласының қайтадан жаңа тыныс алуына жол ашады деп сенемін.

«Жастардың санасына «еңбек адамы – ел тірегі» деген ұғымды сіңіру қажет»

El.kz: Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін дамыту мәселесі Ұлттық құрылтайда да көтерілді. Қазіргі еңбек нарығына қажетті мамандарды дайындау үшін колледждер мен ЖОО-лардың білім беру жүйесінде қандай өзгерістер болуы керек? Ауылдық жерлерде техникалық мамандықтарға деген сұранысты қалай арттыруға болады?

Ерболат Саурықов: Биылғы жылды Президентіміздің Жарлығымен жұмысшы мамандықтарына арнау – уақыттың талабы. Себебі, қазіргі еңбек нарығы нақты іске бейімделген, технологиямен жұмыс істей алатын кәсіби шеберлерге мұқтаж. Ал ондай мамандарды дайындайтын негізгі мекеме – кәсіптік-техникалық колледждер екені анық.

Дегенмен, бұл саланың ішкі құрылымында жүйелеуді қажет ететін тұстар бар. Ең алдымен, колледждердегі мамандықтар құрылымына кешенді скрининг жүргізу қажет. Яғни, қай мамандықтарға сұраныс бар, ал қайсысы өзектілігін жоғалтты – соны анықтап алуымыз керек. Бұл жерде нарыққа бағдарланған, болашақта сұранысқа ие болатын бағыттарды негізге алған дұрыс. Халық неге қызығады дегеннен бұрын, мемлекетке, экономикаға не қажет – сол маңызды.

Осы тұрғыда соңғы жылдары білім жүйесіне енгізіліп жатқан бір жаңалық – профориентация мамандарының жұмысы. Бұл маман иелері оқушылармен ерте кезеңнен бастап жұмыс істеп, олардың қызығушылығы мен қабілетіне қарай дұрыс бағыт береді. Қазіргі таңда кәсіби бағдар беретін осындай мамандардың жұмысы ерекше маңызға ие болып отыр.

Екінші бір маңызды мәселе – кәсіптік білім берудің қаржылық моделі. Қазір техникалық және жұмысшы мамандықтарына оқыту шамамен 90 пайыз тегін жүргізіледі. Ал келесі жылдан бастап бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді деген ақпарат бар. Бұл, әрине, әлеумет үшін жақсы жаңалық болғанымен, екінші жағынан белгілі бір қауіптің де көзі болуы мүмкін. Себебі тегін оқуға деген көзқарас кей жағдайда салғырттыққа, жауапсыздыққа ұрындырады.

Менің ойымша, бұл жерде мемлекеттің шексіз қолдауына ғана иек арта бермей, талапкердің де жауапкершілігін күшейту керек. Егер оқушы өз мамандығын таңдағанда өз қаржысын жұмсайтын болса, ол таңдау әлдеқайда саналы, әлдеқайда салмақты болады. Сондықтан білім беру гранттарының көлемін кезең-кезеңімен қайта қарап, сапа мен сұраныс принципіне негізделген тетіктерді енгізу маңызды.

Жоғары оқу орындарына келсек, бұл салада да соңғы жылдары елеулі өзгерістер орын алды. Көптеген ЖОО-лар оптимизациядан өтті, жүйесіз, сапасыз білім беретін оқу орындары лицензиясынан айырылды. Қазір елімізде тек бәсекеге қабілетті, талапқа сай жоғары оқу орындары ғана жұмысын жалғастырып отыр.

Сонымен бірге, білім нарығына жаңа бәсекелес күш қосылып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда 28-ге жуық шетелдік жоғары оқу орнының филиалдары ашылды. Бұл – ішкі сапаға деген талапты күшейтетін жақсы мүмкіндік. Себебі енді білім нарығында кім сапалы оқытады, кім тәжірибелі маман дайындайды – соның ғана жолы ашық болады.

Ал ауылдық жерлерде техникалық мамандықтарға сұранысты арттыру үшін жастардың танымын өзгерту қажет. Жұмысшы мамандығы – төмен деңгей емес, керісінше, нағыз бәсекеге қабілетті бағыт екенін ұғындыруымыз керек. Ол үшін қоғамның көзқарасы мен мемлекеттік саясат қатар үндесіп, жастардың санасына «еңбек адамы – ел тірегі» деген ұғымды сіңіру қажет.

El.kz: Президент өз сөзінде әлеуметтік мемлекет ретіндегі Қазақстанның білім беру мен денсаулық сақтау салаларына инвестиция құюды жалғастыратынын айтты. Бұл қаражат ең алдымен қандай бағыттарға жұмсалуы керек деп ойлайсыз?

Ерболат Саурықов: Қазақстан бүгінгі таңда өзін әлеуметтік мемлекет ретінде танытып отыр. Мұның басты дәлелі – мемлекеттің жалпы жылдық табысының 70 пайызға жуығы әлеуметтік салаға, соның ішінде білім беру мен денсаулық сақтау жүйесіне бағытталып келеді. Яғни, халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін ең маңызды екі бағыт – мемлекет қамқорлығында.

Мысал ретінде айтсақ, білім беру саласы қазіргі таңда 90-95 пайыз деңгейінде мемлекеттік қаржыландыруға сүйеніп отыр. Дәл осындай жағдай медициналық қызмет көрсету саласында да байқалады. Бұл – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған ауқымды қадам екені сөзсіз. Алайда, ұзақ мерзімді даму тұрғысынан қарағанда, біз біртіндеп әлеуметтік мемлекеттің моделінен нарықтық-экономикалық жүйеге қарай ауысуды бастауымыз қажет.

Мәселе мынада: білім мен медицина – тек шығын ғана емес, стратегиялық инвестиция. Сондықтан бұл салаларда мемлекеттік қаржыландырумен қатар, қосымша қаржы көздерін қалыптастыру қажет. Яғни, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелеріне отандық және шетелдік инвестициялар тарту арқылы, олардың қызмет көрсету сапасын арттыру, материалдық-техникалық базасын жаңарту, инновациялық технологияларды енгізу жолдарын қарастыруымыз керек.

Мен бұл салаларды жақсы білемін деп нық сеніммен айта аламын. Себебі өзім жекеменшік оқу орнында ұзақ жылдар басқарушылық қызмет атқардым. Сол тәжірибе арқылы түсінгенім – егер жеке сектор мен мемлекет арасында теңгерім орнайтын болса, онда бұл салада сапа, бәсекелестік, жауапкершілік сынды маңызды элементтер қалыптасады. Демек, тек тегін білім мен емдеу емес, сапалы және қолжетімді қызметті қамтамасыз ететін ортақ үлеске негізделген жүйе құру маңызды.

Бүгінгі таңда елімізде кейбір атаулы ЖОО-лар мен медициналық мекемелер өз бетінше даму жолына түсіп жатыр. Бұл үрдіс жалғасын табуы керек. Әсіресе, өңірлердегі білім мен медицина мекемелеріне жеке инвестиция тарту тетіктерін жеңілдету қажет. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік моделі осы салада нақты нәтижелер бере алады.

Қорытындылай айтқанда, білім мен медицина мемлекет иығында тұтас салмақ болып тұра бермей, мемлекет пен қоғамның, бизнес пен тұтынушының ортақ жауапкершілігіне айналған кезде, бұл салалар шынайы дамудың жолына түседі. 

«Жастарды ауылға қайтару үшін ауылда қолайлы орта қалыптасу керек»

El.kz: Қазіргі таңда жастардың ауыл шаруашылығы саласына деген қызығушылығы төмендеп барады. Ауылдық жерлерде еңбек ететін жас мамандарға қандай қолдау көрсету керек? Ауыл кәсіпкерлігі мен аграрлық секторға жастарды тарту үшін қандай бағдарламалар қажет?

Ерболат Саурықов: Иә, бүгінде ауыл шаруашылығы саласына жастардың бет бұруы айтарлықтай төмендегені рас. Бұл – ел болашағы үшін өте маңызды әрі күрделі мәселе. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы Мемлекет басшысы ретінде қол қойған алғашқы Жарлығы да осы мәселеге тікелей байланысты болды. Атап айтсақ, 2023–2027 жылдарға арналған Ауыл-аймақтарды дамыту бағдарламасы бекітілді. Бұл құжатта шекаралық аймақтарды, ауылдық елді мекендерді дамытуға қатысты нақты шаралар мен жоспарлар жазылған. Егер осы бағдарлама өз деңгейінде жүзеге асса, жастардың ауылға келуіне үлкен жол ашылар еді.

Алайда, өкінішке қарай, қазіргі таңда жастар ауылға баруға ниетті емес. Негізгі себеп – ауылдық жерлерде жастарға арналған әлеуметтік орта мен қолайлы инфрақұрылымның болмауы. Жастардың өз ортасы дегеніміз – бұл мәдениет үйлері, кинотеатрлар, театрлар, спорт залдары, клубтар мен коворкинг орталықтары. Бұрын ауылдарда осындай орындар болатын. Балалар мен жасөспірімдер кешкі уақытта жиналып, шығармашылықпен, спортпен айналысатын еді. Қазір, өкінішке қарай, ауылдарда мұндай мәдени нысандар жұмыс істемейді немесе мүлде жоқ. Сондықтан жастар қалада қалуға тырысады.

Егер ауылдарда осы мәдени, әлеуметтік нысандар қайта жанданса – жастар ауылдан қашпас еді. Керісінше, шығармашылықпен, өнермен, спортпен айналысатын орта қалыптасып, ауыл заман талабына сай жаңарған болар еді.

Екінші маңызды себеп – жұмыс орындарының тапшылығы. Ауылда жастарға лайықты жұмыс көзі жоқ. Орта және шағын бизнес әлсіз дамыған. Егер әр ауылда шағын наубайхана, шаштараз, тұрмыстық техниканы жөндейтін орталық, шағын маркет, тігін цехы, қолөнер шеберханасы, тері өңдеу цехы сияқты кәсіптер қалыптасқан болса, жастар өз кәсіптерін ашып, тұрақтап қалар еді.

Ауылдағы кәсіпкерлікке жағдай жасау үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие, грант, оқыту бағдарламалары қолға алынуы керек. Жастарды ауылда тұрақтандыру – бұл тек аграрлық секторды дамыту ғана емес, жалпы ауыл тіршілігін жаңа деңгейге көтеру деген сөз.

Сондықтан да, жастарды ауылға қайтару үшін бірнеше бағытта бір мезгілде жұмыс істеу керек:

  • Мәдени және спорттық инфрақұрылымды қалпына келтіру;
  • Ауылда шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау;
  • Жастарға арналған арнайы бағдарламалар мен мотивациялық тетіктерді іске қосу.

Осы факторлар жүйелі түрде жүзеге асқанда ғана, ауыл мен қала арасындағы айырмашылық жойылып, жастар туған жерінде тұрақтауға қызығушылық танытатын болады.

El.kz: Ұлттық бірегейлікті нығайту мен мәдениетті дамыту мәселелері де құрылтайда көтерілді. Сіздің ойыңызша, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, әсіресе жастар арасында дәстүрлі мәдениетке деген қызығушылықты арттыру үшін қандай қадамдар жасалуы тиіс?

Ерболат Саурықов: Бүгінгі күн – жаһандану дәуірінің қарқынына ілесу ғана емес, сонымен қатар өзіңнің ұлттық болмысыңды жоғалтпай, сол әлемдік ағыста өзіндік үніңді сақтап қалу кезеңі. Біз дәл қазір осы екі араның ортасында тұрмыз. Сондықтан да жастарды заманауи технологиялармен қатар, өзінің тамырынан ажыратып алмау – басты міндеттеріміздің бірі.

Бұл тұрғыда мен әрдайым Жапония мен Оңтүстік Кореяны үлгі етемін. Олар цифрлық даму жағынан көш бастап тұрған мемлекеттер. Бірақ сол даму олардың ұлттық болмысын өшірген жоқ. Керісінше, олар өздерінің көне тарихын, дәстүрін, мәдениетін әлемге таныта отырып ілгеріледі. Қарапайым сәлемдесуден бастап, үлкенді сыйлау, кішіге ізет білдіру, ұлттық коды саналатын ұқыптылық, тәртіп – бұл халықтардың күнделікті өмірінің бөлшегі болып қалып отыр. Ал бізде, өкінішке қарай, бұл қасиеттердің кейбірі көмескі тартып барады.

Жастардың бәрі бірдей емес. Бірақ кейбірінің TikTok пен әлеуметтік желілерден көз алмай, рухани тамырдан алыстап бара жатқаны – бізді ойлантуы тиіс. Жаһанданудан бас тартуға болмайды. Біз одан қалсақ, артта қаламыз. Бірақ жаһанданумен қатар өзіміздің салт-дәстүрімізді, мәдени кодымызды, ұлттық болмысымызды қатар алып жүру – ұлт ретінде аман қалудың жолы.

Ұлттық тәрбиенің іргетасы – отбасында қаланады. Бала дүниеге келген сәттен бастап тәрбиенің дәні егілуі тиіс. Отбасында тәрбие алған бала мектепте жақсы оқиды. Мектепте жақсы білім алған бала – болашақта қоғамның белсенді мүшесіне айналады. Біз дәл осы тәрбие мен білім беру арасындағы алтын көпірді жоғалтып алғандаймыз. Отбасында тәрбиесі дұрыс берілмеген бала мектепте үлгермейді, ал мектепте дұрыс білім алмаған бала ертең қоғамға өз орнын таба алмайды. Бұл – бүгінгі шындық.

Міне, осы тізбекті қайта қалпына келтіру үшін мемлекет деңгейінде нақты реформалар қажет. Ұлттық құрылтайда бұл мәселе өте жақсы көтерілді. Президент өз сөзінде ішкі саясаттың бағыты, жастар тәрбиесі және мектептердегі ұлттық құндылықтарға негізделген білім беру туралы нақты ұсыныстарды атап өтті. Бұл бастамалардың барлығы жүйелі түрде іске асатын болса, ұлттық тәрбие мен рухани бірегейлік мәселесін шешуге болады.

Жастарға ұлттық мәдениетті дәріптеу – тек ән мен күйді насихаттау емес. Бұл – болмысты сақтау, мінезді тәрбиелеу, ойды орнықтыру. Сондықтан бұл бағытта тек оқу орындары емес, отбасы, БАҚ, әлеуметтік желі, мәдениет және өнер саласы – бәрі бірлесе жұмыс істеуі қажет. Сонда ғана біз дәстүрлі мәдениетті жаңа буын санасына терең сіңіре аламыз.

El.kz: Еліміздің дамуы үшін адам капиталының маңызы зор. Сіз Парламент депутаты ретінде ауыл шаруашылығы, білім беру және аймақтардың дамуы бағытында қандай заңнамалық бастамаларды ұсынуды жоспарлап отырсыз?

Ерболат Саурықов:  Әрине, заңнамалық бастамалар өте көп. Мен бір ғана өткен жылдың ішінде 115-ке жуық заңға түзетулер енгіздім. Ал биылғы жылдың алғашқы айларындағы өзім бастамашы болған өзгерістердің саны 60-70-ке таяп қалды. Бұл — заң шығарушылық қызметтегі ауқымды жұмыс. Ол үшін біз күндіз-түні ізденеміз, зерттейміз. Өзге елдердің тәжірибесін зерделейміз, халықаралық заңнамалармен салыстырып қараймыз. Сонымен қатар, қоғамның үнін естиміз. Халықпен кездесеміз, пікірлерін тыңдаймыз, Үкіметпен, салалық министрліктермен тығыз байланыс орнатамыз. Осындай жан-жақты зерттеу мен тыңдаулардың нәтижесінде біз нақты заңдарға нақты әрі өмірге бейімделген түзетулер ұсынамыз.

Менің ерекше мән беріп, қайталап көтеріп жүрген мәселелерімнің бірі — ауылдағы мәдени ошақтардың дамуы. Бұл тек мәдениет емес, ауылдағы өмір сапасына, елді мекеннің тартымдылығына тікелей әсер ететін маңызды бағыт. Ауыл тұрғындарына мәдени тыныс қажет, бұл — рухани тірек.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласында фермерлерге арналған техникаларды қолжетімді бағамен беру мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Бұл жай ғана техника емес, ауылдағы еңбек өнімділігінің, бәсекеге қабілеттіліктің негізі. Осы мәселені мен бірнеше мәрте көтеріп, нақты ұсыныстар енгіздім.

Қазақ үшін мал – басты байлық. Бізге мал бағуды үйретудің қажеті жоқ. Кез келген қазақтың шаңырағында кемінде 3-4 ірі қарасы бар. Бірақ соңғы жылдары мал ұрлығы күрт көбейді. Бұл — шаруаларға тікелей соққы. Олар малды инвестиция ретінде бағып, өсіреді, көбейтеді. Алайда бір түнде бар еңбегі желге ұшады. Осы түйткілді мәселе бойынша мен Ішкі істер министрлігіне дейін барып, нақты ұсыныстар бердім. Қазіргі таңда мал ұрлығына қарсы нормативтік құжаттарды реттеу жұмыстары қолға алынып жатыр. Бұл да бір нәтижесін береді деген үміттеміз.

Білім беру, мәдениет, тарих-археология, ғылым мен технология бағытында да бірқатар заңдар қабылданып, мен солардың барлығына ұсыныстарымды беріп келемін. Бұл салалар — адам капиталының негізі. Сондықтан әр заң жобасына жауапкершілікпен қарап, халық мүддесі тұрғысынан сүзгіден өткізу — менің басты ұстанымым.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет, Ерболат мырза! Алдағы жоспарларыңызға сәттілік тілеймін!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға