Жаңалықтар

Өңір тұрғындары Елек өзенінің ластану мәселесіне алаңдаулы

Өңір тұрғындары Елек өзенінің ластану мәселесіне алаңдаулы
Фото: facebook.com/Амангелді Нұғманов 07.12.2023 12:10 1161

Зауыт жабылды, бірақ оның салдары әлі күнге қиындық туғызып отыр. Сенатор Амангелді Нұғманов Ақтөбе облысындағы экологиялық проблема туралы мәселе көтерді. Өңір тұрғындары депутаттан Елек өзенінің ластануы мәселесін шешуді сұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сенатордың айтуынша, аймақта 1934 жылдан бері химиялық зауыт жұмыс істеп келген. 1996 жылы кәсіпорын өзін банкрот деп жариялап, жұмысын тоқтатқан. Әйтсе де проблема мұнымен жойылған жоқ. Депутат Нұғманов экологиялық жағдайға байланысты өңірде өткір мәселе бар екенін айтты.

Зауыт ешқашан өндіріс қалдықтарын қайта өңдеген емес. Ол соғысқа дейінгі уақытта салынған, ол кезде қатаң санитарлық және экологиялық ережелер болған жоқ. Нәтижесінде инженерлік-техникалық, экологиялық және санитарлық-гигиеналық процестері жетілмеген жарты ғасырға жуық қызметтен кейін бор биогеохимиялық провинциясының қалыптасуымен зауыттың өндірістік алаңының, Елек өзені бассейні аумағының табиғи ортасының химиялық экотоксиканттармен техногендік ластануына әкелді, – деді сенатор.

Депутат қазіргі кезде Елек өзеніндегі бірқатар ауыр металл құрамы гигиеналық нормативтен асып түсетінін атап өтті. Бұл өзен жер үсті суының ластану деңгейі бойынша қатты ластанған санатқа жатады. Депутаттың айтуынша, онда кездесетін элементтер адамға жалпы уытты және ерекше әсер ететін 1 және 3-кластағы қауіпті химиялық заттарға жатады.

2012 жылы зауыт аумағында орналасқан қалдықтар мен шлам жинағыштардың қалдықтары Алға ауданы сотының шешімімен республикалық меншікке берілді. 2017 жылы Экология министрлігі зауыттың аумағында орналасқан шлам жинағыштардың химиялық және өнеркәсіптік қауіпті қалдықтарын жою жобасын әзірледі. 2022 жылы облыс әкімдігі зауыттың қалдықтарына жалпы түгендеу жүргізді, онда қалдықтардың кемінде 2,6 млн тоннаны құрайтыны анықталды, – деп атап өтті сенатор.

Сенатор Амангелді Нұғманов осы ахуалды саралай келіп, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтан туындаған күрделі мәселеге назар аударуды, сондай-ақ қалдықтарды жою процесін ерекше бақылауға алуды сұрады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға