Өнеркәсіп және құрылыс министрі бизнес өкілдері және мердігерлермен кездесті
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Ақтөбе облысына барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жұмыс сапары барысында Қанат Шарлапаев облыс әкімі Асхат Шахаровпен бірге жергілікті кәсіпкерлер және құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесу өткізді. Бұл кездесудің негізгі мақсаты - алдағы қалпына келтіру жұмыстары аясында бірлесіп жұмыс істеудің жоспарлары мен стратегияларын талқылау болып отыр.
Кездесуге облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев, мемлекеттік құрылыс-сәулет бақылау басқарма басшысы Оксана Сопрун, энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев, «Отбасы банк» филиалының директоры Жеделбек Мурзагалеев қатысты. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпорындардың директорлары мен жетекшілері, бизнес өкілдері болды.
Құрылыс барысын оңтайландыру мәселелері көтерілді, бұл қалпына келтіру процесін жылдамдатуға және оның сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Министр жобалардың жоспарланған кезінен бастап нақты құрылысқа дейінгі барлық кезеңінде ашықтық пен жариялылықтың болуы маңызды екенін атап өтті.
Жұмыс сапарын қорытындылай келе, Қанат Шарлапаев барлық қатысушылардың бірлескен күш-жігері қалпына келтіру процесін айтарлықтай жылдамдатуға, өңір тұрғындары үшін бұл тұрақтылық пен қауіпсіздікті қайта сезіндіретініне сенім білдірді.