Жаңалықтар

Өнерге өзгеше леппен келген қазақстандық этно-поп топтар

Олар шоу-бизнесті төл аспаптарымызға заманауи үн сыйлау арқылы бағындырмақ
Өнерге өзгеше леппен келген қазақстандық этно-поп топтар
17.05.2019 17:23 8635

Соңғы жылдары  эстрада сахнасында қазақтың  ұлттық әндерін  нақышына келтіріп, шырқап жүрген  топтардың саны көбейген. Олар қазақтың төл аспаптарына заманауи үн қосып, ұмыт болып бара жатқан ән-күйлер мен терме-жырларды қайта жаңғыртып жүр. Тыңдармандарға өткен ғасырдың сағындырған  әндерін заманауи стильде орындап, әсем ән мен тәтті күйлер сыйлап, көпшіліктің жылы ықыласына бөленіп жүрген қазақстандық этно-топтар жайында кеңінен айтуды жөн көрдік.

Бүгінде  қазақтың төл аспаптары мен қазіргі заманғы музыканы байланыстырып, ұлттық мәдениет пен оның өнерін, фольклорды халыққа танытып жүрген этно бағыттағы топтардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Олардың өнерлерінің арқасында тыңдарман ұлттық әуендерді тыңдап, одан тастардың, өзендердің, жалпы қазақ даласының әдемі үнін ести алады. Тіпті олар әуезді әуендер арқылы әнсүйер қауымға табиғаттың барлық әсемдігін де жеткізіп жатыр. Осындай бағытта өнер көрсетіп жүрген қазақстандық этно-поп топтардың бірі – «ETHNO5» тобы.

Фотода: "ETHNO5" этно-поп тобы

2017 жылы бес  өнерпаздан құралған топ қазақтың бес аспабында ойнайтын жас таланттардан тұрады. Өнерпаздардың әрқайсысы  домбыра, қобыз, жетіген, үрмелі және ұрмалы аспаптарының өкілдері болғандықтан  топтың атын «ETNHO5» деп атауды жөн көріпті. Олар тек елімізде ғана емес, шетелдік үлкен сахналарда да өнер көрсетіп, барша әнсүйер қауымды қазақтың төл музыкасымен жақынырақ таныстырып жүр.

Ұлтымыздың  төл аспаптарына жаңаша үн қосып жүрген талантты жастардан құралған бэнд  қазақтың ән-күйлерін орындайды. Бұған қоса,  өздері де  заманауи  әндерді жазып, шырқап жүр.

– Біздің ансамбльдің репертуары өте ауқымды. Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей сынды күйші-композиторлардың шығармаларын өз нақышына келтіріп, қазіргі заманға сай етіп орындаймыз. Біз этникалық және POP мәдениеттерінің элементтерін біріктіретін – этно-поп стилі арқылы жастарға қазақ аспаптарын кеңінен дәріптегіміз келеді, – дейді топтың вокалисі Нұркен Слан.

Этно-поп бағытының жаңа лебімен келген бэнд мүшелері бала күндерінен бастап түрлі аспаптарда ойнап келеді. Қазіргі кезде Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында білім алып жатқан жастар қазақтың төл аспаптарын барлығын бірікітріп, оған кішкене заманауи үн беріп, болашақта өз аудиториясын жинауды мақсат етеді.

– Біз еліміздің әр аймағынан жиналғанбыз. Мысалы, мен  және үрмелі аспаптарда ойнайтын Арсен Кенжеғали Семей қаласынан, ансамбльдің вокалисі Нұркен Слан Алматы қаласынан, жетігенші аруымыз Айгерім Елемесова Ақтөбе қаласынан және ұрмалы  аспаптардың құлағында ойнайтын өнерпазымыз Руслан Бағашар  Кеген өңірінен болады, – дейді «ETHNO5» тобының қобызшысы Нұрболат Қыдырбаев.

Шоу-бизнеске келгеніне аз ғана  уақыт болған бэнд дәстүрлі музыканы кеңінен насихаттап, алдағы уақытта  оны жаңа бағытқа бейімдеуге күш жұмсамақ.

– Қазіргі таңда музыка қарқынды даму үстінде. Біз әрқашан өз шыққан тегімізді есте сақтай отырып, заман үрдісіне байланысты оны дамыту керекпіз. Осындай пікірлерге байланысты этно-поп мәдениеті арқылы фольклорды заманауи үнмен жалғастырып келеміз. Этно-поп – ескіні сақтап, жаңаға жол ашу деген пікірдеміз, – дейді жетігенші топтағы жалғыз ару Айгерім Елемесова.

Ал өнерпаздар былтыр «Жанна» деген  әнге  ұлттық аспаптарды сүйемелдеп, жаңа бейнебаян да түсіріпті. Көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп үлгерген бейнебаянның шығу тарихы да қызық екен.

– Бұл негізі болған оқиға.. Қазіргі жастардың көп уақыт өткізетін  инстаграм желісінен Жанна деген бір қызды көріп, содан туған ән, – дейді үрмелі аспаптарда ойнайтын топтың кенжесі Арсен Кенжеғали.

Әндерінде халықтың рухы мен қуаты бар «Ethno5» этно-поп тобы осы айдың яғни мамырдың 25-26 күндерінде өтетін «The Spirit of Tengri 2019» атты  халықаралық фестивальге қатысады. Алматыда өтетін ауқымды жарысқа Қазақстанның атынан шығатын этно-бэнд қазір күні-түні қызу дайындалып жатыр.

Осы уақытқа дейін өткен музыкалық шоудың барлығында тек көрермен ретінде болған олар биыл әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған өнерпаздармен бірге бір сахнада өнер көрсету мүмкіндігіне ие болғанына қуанышты.

– «The Spirit of Tengri» фестивалі барлық таланттардың шығармашылықтарын шыңдауға керемет мүмкіндік деп ойлаймыз. Бұл музыкалық шоу Ұлы дала мен әлем халықтарының мәдени әрі музыкалық бай мұрасымен таныстыратын мекен. Мұнда келген кез-келген тыңдарман өз ұлтының үнін тыңдап, өзінің бай құндылықтарына саяхат жасап қайтуға  мүмкіндік алады, – дейді жастардан құралған топтың вокалисі.

Жастықтың жалынымен шабыттанып жүрген қазақстандық этно-топ ұлтымыздың ұмыт қалған ұлттық аспаптарының үнін барша әлемге  естіртуді мақсат етеді. Өнерге жаңаша леп қосуды мақсат тұтқандар этно жанрындағы топ әлемдік шоу-бизнесті осылайша  бағындырмақ.

– Шындығында біз сахнаға шыққанда халық төл аспаптарымыздың үнін сағына күтіп, ерекше сезіммен тыңдайтынын аңғарамыз. Өзіміздің төл аспаптарымызды кеңінен насихаттап, қазақ өнеріне өз үлесімізді қосамыз деген ойдамыз, – дейді ұрмалы аспаптардың құлағында ойнайтын өнерпаз Руслан Бағашар.

Ілгеріде айтып кеткен «The Spirit of Tengri» атты  халықаралық музыкалық шоуына еліміздің атынан «Ethno5»-пен қоса, «Ashina» тобы да қатысады. Алты жігіттен құралған топ  қазақтың сыбызғы, домбыра, шаңқобыз, гитара, қыл қобызда және көмеймен ән орындайды.  Олар көбінесе дәстүрлі әндер мен күйлерді, өздері жазған авторлық әндер мен композицияларды нақышына келтіріп айтады.

Фотода: "Ashina" этно тобы

– Алда өтетін халықаралық музыкалық шоуға дайындығымыз өте жақсы. Осы фестивальға арнап репертуарымызға жаңа әндер қостық. Сонымен қоса, орындайтын әндерге сай түрлі сахналық  киімдер де тіктірдік, – дейді топтың вокалисі Нұрлыбек Закенов.

Санаулы күндерден соң шымылдығын түретін бұл шоуда тыңдармандар қатарынан бірнеше күн жанды тебірентер сазды әуенді құмары қанғанша тыңдап қайтуға мүмкіндіктер бар. Ол шоуға әлемнің 16 елінен  70-тен астам  өнерпаздар жиналмақ. Осындай үлкен сахналарда ұлттық аспаптарымызды қайта тірілтіп,  жаңа үн сыйлап жүрген «Ashina» тобының құрылғанына да бірнеше жыл өтіпті.

Біздің топ 2017 жылы құрылған. Топтың атауы түрік тілінде қасқыр (бөрі) деген мағынаны білдіреді. Өздеріңіз білетіндей, кезінде Түрік қағандарынан шыққан әйгілі тайпаларға (ру) Ашина  атауын беріп отырған. Болашақта өзіміздің өнеріміз арқылы барша әлемді тәнті етеміз деген ойдамыз,  – дейді бас гитарашы Берік Козкин.

Олар төл музыкалық өнерімізді қазіргі жастардың талғам-танымымен заманауи бағытта өңдеп, түп-нұсқасын сақтай отырып, жеткізіп келеді.

Ата-бабамыздан жеткен қазақи дәстүрімізді  тереңірек меңгеріп, оны ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен дәстүрлі әннің қайталанбас үнін жаңғыртып жүретін осындай бірегей топтарымыздың саны арта бергенін қалаймыз. Осындай ерекше этно стилдегі топтар өздерінің өнерлерімен  ұлттық мәдени құндылықтарымызды ұлықтауға сүбелі үлесін қосатынына күмәніміз жоқ. Таланттардың алдағы уақытта бағындырар белестері көп болсын!

(Суреттер "ETHNO5" және "Ashina" этно топтарының  жеке мұрағатынан  алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға