Жаңалықтар

Өнерді кие тұтқан – Мұхаевтар әулеті

Өнерді кие тұтқан – Мұхаевтар әулеті
10.07.2019 16:52 4290

Елімізде ізгілікті қасиеттерімен көпке үлгі болып отырған отбасылар саны жыл сайын артып келеді. Солардың бірі – халықтың ықыласына бөленген шығыс-қазақстандық Мұхаевтар әулеті. Бұл отбасы биыл осымен жетінші рет өткізіліп жатқан республикалық «Мерейлі отбасы» сайысының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанып, елордада өтетін ақтық финалға жолдама алды.

 

Мұхаевтар әулетінің отағасы Момыш Ұмытқұлұлы ақсақал мен отанасы Наталья Уәлиқызы апаның шаңырақ құрғанына биыл 45 жыл болған. Өнегелі отбасы бес қыз өсіріп, олардан 14 немере сүйіп отыр.

Әулет тірегі Момыш Ұмытқұлұлы Мұхаев 1952 жылы Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының Жарық ауылында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң, Момыш Ұмытқұлұлы киномеханик мамандығы бойынша  арнайы  училищеге оқуға түсіп, оны 1973 жылы бітіріп шыққан. Өмір бойы туған ауылында механик, киномеханик әрі автоклуб меңгерушісі болып қызмет еткен  Момыш Мұхаев бүгінде зейнеткерлікке шықса да еңбектен қол үзген емес.

– Қазір үйде мал шаруашылығымен айналысамын. Өзіміздің 150-ге жуық қой, 30-ға тарта жылқы және 20 шақты сиырымыз бар. Соларды таңертең жайылымға шығарып, кешке өрістен айдап әкелемін. Сонымен қоса бау-бақшада құлпынай, таңқурай сынды жеміс-жидектер мен қызанақ, қияр, картоп секілді көкөністер өсіреміз, - дейді Момыш ақсақал.

Момыш Мұхаев қызметте әрдайым жоғары нәтижелерге қол жеткізіп әрі мәдени өмірге белсене араласқан жан. Сол еңбегі зая кетпей, түрлі мақтау грамоталарымен бағаланып отырған. 1978 жылы облыстық кәсіподақ комитетінің Қызыл Ту ауыспалы кубогын жеңіп алса, 1981 жылы «Үздік киномеханик» номинациясы бойынша марапатталған. Оған қоса, 1989 жылы аудандық кәсіподақ комитетінің алғыс хаттарымен де марапатталған.

Жас кезінде гитарамен түрлі кештерде өлең айтып жүрген өнер иесі болашақ жары Наталья (Нұрзейнеп) Уәлиқызымен ауылдағы концерттердің бірінде танысқан. Сөйтіп, алғашқы таныстықтың соңы үлкен махаббатқа ұласып, қос ғашық мәңгілікке бірге болуға серттесіп, 1974 жылы отау құрған.

Жанұяның отанасы Наталья Уәлиқызы Әубәкірова 1952 жылы 14 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының Воронцовка (Жарық) ауылында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң, шығармашылық саланы таңдайды. Сөйтіп, 1975 жылы Семей қаласындағы Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищенің «Бас қобыз» мамандығы бойынша тәмамдайды. Содан өз аулына оралып, ауылдық округ  көркемөнерпаздарының музыкалық жетекшісі болып, мәдениет саласында 40 жылдай еңбек етеді.

– Мен дүниеге келгенде нағашыларым босандырған акушерканың құрметіне Наталья деп атымды қойыпты. Бірақ үйге келген соң атам мен әжем азан шақырып Нұрзейнеп деген есімді берген. Сол күннен бастап мен құжат бойынша Натальямын, ал жұрт мені Нұрзейнеп деп атап кетті, - дейді отанасы Наталья Уәлиқызы.  

Наталья Уәлиқызы шығармашылықпен айналыса жүріп бойында дарыны бар ауыл балаларынан жасақталған оркестр құрған. Бұл ұлттық аспаптарды сүйемелдейтін оркестр 1978 жылы «Халықтық» деген атаққа ие болған. Ал тура он жылдан кейін «Қалба қарлығаштары» оркестрі Қазақстанның Украинадағы әдебиет және өнер күндеріне қатысып, Киев, Львов, Днепропетровская, Черкасск, Иваново-Франковск қалаларында өнер көрсетіп, жұртшылықтың ыстық  ықыласына бөленген. Оған қоса бұл оркестрдің өнері жоғары бағаланып, Украина Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Бұл топтан бөлек Наталья Әубәкірованың бастамасымен ұлдар мен қыздардан құралған хор ұйымдастырылған. Олар  облыстық балалар шығармашылығы фестивалінде бірнеше рет жүлделі орындарға ие болған.

Ал 2004 жылдан бастап Нұрзейнеп апа Жарық ауылдық округінде ұлт аспаптар оркестрінің, «Әжелер», «Жеңеше-ай» ансамбльдерінің, акапелланың, «Әкелер әуендері» тобының жұмысын жаңғыртып, олардың ұйымдастырушысы әрі көркемдік жетекшісі болып көптеген жұмыстар тыңдырған. Осылайша Мәдениет саласындағы көп жылғы еңбегі мен ауыл мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін 2007 жылы Наталья Уәлиқызы Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Бүгінде жасы алпысты алқымдаған  Наталья Әубәкірова әжей ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы, әжелер ансамблінің жетекшісі әрі аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі қызметін абыроймен атқарып жүр.

Осындай қызметтегі жетістіктерімен қоса Мұхаевтар шаңырағының түтінін түтетіп, отбасының ұйытқысы болып отыр. Бүгінде әкенің қамқорлығы ананың мейірімін көріп  өскен ұрпақтары жоғары білім алған маман иелері.

1976 жылы дүниеге келген балаларының тұңғышы - Шынар Момышқызы анасының жолын қуып Семей қаласындағы Мұқан Төлебаев атындағы саз колледжін тәмамдаған. Қазіргі уақытта Өнер мектебінде қобыз сыныбы бойынша оқытушы болып жұмыс істейді. Оқытушылықпен қатар Шынар Мұхаева шәкірттер тәрбиелеп  жүр. Олар да түрлі республикалық байқауларда топ жарып, жүлделі орындарға ие болуда. Осындай еңбектері еленіп, II облыстық «Алтай жұлдыздары» байқауына жоғары деңгейде орындаушылар дайындағаны үшін Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталған. Қазіргі кезде 46 жастағы жолдасы Махмұд Шаймарданұлы Стыбаевпен үш баланы тәрбиелеп отыр. Үйлерінің үлкені 19 жастағы Бауыржан қазір студент болса, ал 16 жастағы Аружан мен сегіз жасар Әлижан мектептің озат оқушылары.

– Шынардың сіңлісі Сапаргүл 1978 жылы Жарық аулында дүниеге келген. Сапаргүл де апасы оқыған Семей қаласындағы Мұқан Төлебаев атындағы саз коллеждін «Хореография» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазір Семейдегі балабақшалардың бірінде өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жатыр. Жемісті еңбегі мен қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін қызымызға Семей қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасы табыс етілді. «Жаңа толқын-2017» шығармашылық акциясы аясында ұйымдастырылған әндер фестиваліне белсене қатысқаны үшін Семей қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің дипломына ие болды, - дейді әкесі Момыш Ұмытқұлұлы

Қазіргі кезде Сапаргүл Мұхаева 44 жастағы сүйген жары Серікжан Еркінұлы Шәріповпен үш баланы өсіріп  отыр. Оларға алғаш ата-ана болу бақытын сыйлаған тұңғыш баласы Меруерт 1998 жылы дүниеге келген. Ол Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының тележүргізуші және сахна өнері факультетін қызыл дипломмен бітірген. Сонымен қоса, Меруерт X республикалық студенттік пәндік олимпиадада «Сахна тілі» пәні бойынша I орын иеленіп, арнайы дипломмен марапатталған. Ал 13 жастағы Еркежан мен 7 жасар Әкежан мектеп оқушылары.

1981 жылы дүниеге келген әулеттің үшінші қызы Дидар Мұхаева да  музыкалық колледжді бітірген. Оркестр мүшесі әрі виолончель аспабында ойнайтын Дидар Момышқызы қазіргі кезде жолдасы Руслан Әлиханұлымен алты балаға тәлім-тәрбие беріп отырған бақытты отбасы. Олардың 2008, 2009, 2011 жылдары дүниеге келген Зере, Ақжан, Ақтөре есімді балалары бар. Сегіз жасар Ақтөре республикалық түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Оған қоса батыр жігіт  еркін күрестен аудан біріншілігіне  қатысып, боз кілемде белдесіп II орынды жеңіп алды. Ақтөренің соңынан ерген Әмір, Бексұлтан, Айсұлтан есімді інілері бар.

Дидардың артынан ерген сіңлісі 32 жастағы Айсұлу Мұхаева Семей Мемлекеттік педагогикалық колледжін аяқтаған. Қазіргі таңда жолдасы Ерлан Әлиханұлы Леспаевпен екі баласын тәрбиелеп, Алматы облысындағы Қаскелең қаласында тұрып жатыр. Мұхаевтар әулетінің күйеубаласы 38 жастағы Ерлан Әлиханұлы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін бітірген. Бүгінгі таңда Алматы қаласындағы «Үш қоңыр» филармониясында жұмыс істейді. Өмірін шығармашылыққа арнаған Ерлан Леспаев - «Қазақтың ән аспанындағы Жаңа есім» номинациясы және бірнеше алғыс хаттармен  марапатталған. Олардың 2006 жылы дүниеге келген тұңғыш перзенті Дамир халықаралық түрлі олимпидаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Ал одан екі жас кіші қарындасы Сабина «Астана – 20 жыл» сынды байқауларға қатысып, бақ сынап жүр.

– Үйіміздің кенже қызы Назым 1989 жылы дүниеге келді. Назым Семей қаласындағы Шәкәрім университетін «Психолог» мамандығы бойынша аяқтаған. Қазір ауылымыздағы (Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Жарық ауылы) Жамбыл атындағы жалпы білім беретін орта мектепте мұғалім болып қызмет етеді. Кенже қызымыз мәдени, қоғамдық шараларға белсене қатысып тұрғаны үшін аудандық мәдениет бөлімінің және округ әкімінің грамоталарымен марапатталған. Ал Назымның жолдасы біздің күйеубаламыз Бақытжан да мұғалім болып қызмет етеді, - дейді отанасы Наталья Уәлиқызы.

Мұхаевтар әулетінің  отағасы мен отанасы 1990-2000 жылдардағы қиын кездері отау құрған ауылдас жас жанұяларға төрт түлік малдарын тегін үлестіріп, олардың аяқтарынан нық тұрып кетуіне материалдық қолдау көрсеткен. Сонымен қоса түрлі мәдени іс-шараларға демеушілік те жасап келеді. Өмірін шығармашылыққа арнаған әулет мүшелері бос уақыттарында табиғат аясында бала-шағасы және немерелерімен бірге демалғанды ұнатады. Олар «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық республикалық байқауында «халықтың ықыласы, туған жерге деген патриоттық сезім, көп жылғы еңбектің жемісі мен жанұя арасындағы береке мен бірліктің» арқасында республикалық кезеңге жолдама алып отырмыз деген пікірде. Өнер адамдарының өмірі де түрлі қызық тосын оқиғаларға толы болып келеді.

- 1978 жылы гастрольдік сапармен Мәскеу қаласына концерт беруге аттандым. Сол кезде екінші қызыма аяғым ауыр болып жүрген уақыт еді. Содан аяқ-астынан толғағым басталып, қызымды сапар кезінде жолда босандым. Сол себептен есімін Сапаргүл деп қойдық. Содан перзентханада бес күн ғана жатып шығып, елге оралып, кейін нәрестемді Семей қаласындағы «Турист» қонақ үйінде қырқынан шығарып алған едік, - деп еске алады отанасы Наталья Уәлиқызы.  

Отбасының тірегі Момыш ата отанасы Наталья әжей немерелеріне «өз елінде тұрып, Отаныңа қызмет етуден асқан бақыт жоқ екенін» әрқашан айтып отырады. Оған қоса оларға өз еңбегімен тапқан нан тәтті болатынын әрі оған білім  керек екенін де үнемі тілге тиек етіп отырады.

Осылайша өнегелі ұрпақ өсіріп, ауылдастары арасында үлгілі шаңыраққа айналған жанұяның мәртебесі биіктей беретініне сеніміміз мол.

Бүгінде шығармашылық салада қызмет ететін Мұхаевтар отбасы өнерді кие тұтады әрі халықтың рухани мұрасын насихаттауға сүбелі үлестерін қосып келеді. Оған қоса ауылдастарының арасында үлкен құрметке ие. «Әсемдік заңы бойынша өмір сүріп, еңбек ету» дегенді ұстанатын әулет шаңырағында ұлттық салт-дәстүрлер әлі күнге дейін сақталған. Қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының Жарық ауылында тұратын бірлігі жарасқан  әулет, күзде елордада өтетін республикалық турда облыс намысын қорғауға аттанбақ.

(Суреттер  Мұхаевтар  отбасының жеке мұрағатынан алынды) 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға